«ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ ҮМІТІМІЗДІ АҚТАЙ МА?

Биылғы жылғы қыркүйек айының ортасында Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов мырза «Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп, жақын арада Парламенттің қарауына енгізілетінін мәлімдеген болатын.
 
Сонымен бірге «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы өткен жылғы 14-15 қараша күндері Астана қаласындағы Тәуелсіздік Сарайында өткізілген Қазақстанның VI Азаматтық Форумының аясында ұсынылып, «Мемлекет және үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым-қатынасы мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету» атты секциясында «Еуразия құқық қорғау орталығының» жетекшісі Еңлік Нұрғалиқызы Нұрғалиева және Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығының вице-президенті Наталья Боржелли ханымдардың жетекшілігімен жан-жақты талқыланған еді.
 
Бүгінде ресми түрде тіркелген, жалпы саны 27 мыңнан асып жығылатын үкіметтік емес ұйым өкілдерінің барлығы асыға күтіп отырған осынау маңызды заңнамалық құжат жобасының негізгі құқықтық қағидаларымен өз оқырмандарымызды таныстырып өткенді жөн көрдік.
 
Жобада жазылғанындай, «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» Заң Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негізін белгілейді.
 
Заң жобасының 1-ші бабына сүйенсек, құжатта мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
 
1) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл – өз құзыретіне сәйкес жүзеге асырылатын үкіметтік емес ұйымдарға қатысты ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары бойынша мемлекеттік органдардың қызметі;
 
2) үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау – осы заңда көзделген нысандарда үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне жәрдем көрсету мақсатында мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын іс-шаралар кешені;
 
3) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік органдар (мемлекеттік органдар) – үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі қызметті жүзеге асыратын орталық атқарушы органдар және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары;
 
4) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс – үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бағдарламалары мен әлеуметтік жобаларын мемлекеттік қолдау нысаны;
 
5) Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы – республикалық, облыстық және өңірлік деңгейлердегі әлеуметтік міндеттерді шешуге айтарлықтай үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау нысаны;
 
6) үкіметтік емес ұйымдарды ақпараттық қолдау – әлеуметтік міндеттерді шешу саласында үкіметтік емес сектордың қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға бағытталған үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау нысаны;
 
7) үкіметтік емес ұйымдарды әдістемелік қолдау – мемлекеттік органдар шығаратын әдістемелік және ақпараттық-түсіндіру материалдарына үкіметтік емес ұйымдардың кең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау нысаны;
 
8) үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік-экономикалық салдарларының мониторингі – әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыру тиімділігі мен ішкі саясат саласында басымдықтарға қол жеткізу жөнінде мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жағдайы туралы ақпаратты жинақтау, өңдеу және талдау;
 
9) үкіметтік емес ұйым – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін ерікті негізде азаматтармен және (немесе) үкіметтік емес заңды тұлғалармен құрылған коммерциялық емес ұйым (саяси партияларды, кәсіптік одақтарды және діни бірлестіктерді қоспағанда);
 
10) үкіметтік емес ұйымдарды құқықтық қолдау – Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттейтін заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілерді түсіндіруге бағытталған үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау нысаны;
 
11) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлер тiзiлiмi – заңнамада белгіленген тәртіппен қалыптастырылған мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруға арналған конкурсқа қатысуға дейін жіберілген үкіметтік емес ұйымдардың тізбесі;
 
12) мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестері – құрамына атқарушы және өкілді органдар мен үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi кiретiн, мемлекеттік орган мен үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін салалық және аумақтық белгі бойынша мемлекеттік органдардың жанынан құрылған консультациялық-кеңесші органдар;
 
13) әлеуметтiк бағдарлама – өзара байланысты әлеуметтiк жобалар кешенi;
 
14) әлеуметтiк жоба – әлеуметтiк маңызы бар салалардағы мақсаттарға қол жеткiзуге бағытталған, бiр және одан да көп жыл iшiнде iске асырылатын ұйымдастырушылық, экономикалық және техникалық шаралардың жиынтығы;
 
15) уәкілетті орган – мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі қызметін үйлестіретін мемлекеттік орган.
 
Жобаның 2-ші бабында «Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы заңнамасы» мәселесіне анықтама берілсе, 3-ші бабында «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың қағидалары» айқындалған. Осы бапта мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын құқықтық реттеу:
 
1) заңдылық;
 
2) Қазақстан Республикасында әлеуметтiк бағдарламаларды, әлеуметтiк жобаларды iске асыру тиiмдiлiгiн арттыру;
 
3) Қазақстан Республикасы үкіметтік емес ұйымдарының әлеуметтiк мiндеттердi шешуге кеңінен қатысуын қамтамасыз ету;
 
4) мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі;
 
5) ашықтық қағидаттарына негізделетіні айтылған.
 
Заң жобасының 4-ші бабы бойынша үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау мынадай:
 
1) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс;
 
2) үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы;
 
3) үкіметтік емес ұйымдарды ақпараттық қолдау;
 
4) үкіметтік емес ұйымдарды құқықтық қолдау;
 
5) үкіметтік емес ұйымдарды әдістемелік қолдау нысандарында жүзеге асырылады.
 
Жобаның «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау жүйесін мемлекеттік реттеу» атты 2-ші тарауының 5-ші бабында Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті анықталған.
 
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі:
 
1) үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау жөніндегі уәкiлеттi органды айқындайды;
 
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесін құрады және оның ережесін бекітеді;
 
3) үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік-экономикалық салдарларының мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
 
4) Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы тағайындау қағидаларын бекітеді;
 
5) мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестері туралы үлгі ережесін бекітеді;
 
6) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізілімін анықтайды;
 
7) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
 
Жобаның 6-шы бабында уәкілетті органның құзыреті көрсетілген.
 
Уәкілетті орган:
 
1) мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
 
2) мемлекеттік органдарға үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша ақпараттық, әдістемелік қолдау көрсетеді;
 
3) үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік-экономикалық салдарларының мониторингін жүзеге асырады;
 
4) Қазақстан Республикасының Үкіметіне үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік-экономикалық салдарлары мониторингінің қорытындылары бойынша ақпарат ұсынады;
 
5) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және (немесе) бекітеді;
 
6) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізілімін жүргізуді қалыптастырады;
 
7) Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тiзiлiмiне үкіметтік емес ұйымдарды енгізу және одан шығару туралы ұсыныс енгізеді;
 
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
 
Жобаның 7-ші бабы бойынша мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
 
1) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
 
2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастырады және ұсынады;
 
3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған келісімшарттардың мониторингін және оның орындалуын бағалауды жүзеге асырады;
 
4) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестерді құрады;
 
5) уәкілетті органға үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша ақпаратты ұсынады;
 
6) үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік қолдауын жүзеге асырады;
 
7) Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы тағайындау туралы ұсыныстарды енгізеді;
 
8) уәкілетті органға мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тiзiлiмiне үкіметтік емес ұйымдарды енгізу туралы ұсынымды енгізеді;
 
9) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тiзiлiмiнен үкіметтік емес ұйымдарды шығару туралы ұсынымды енгізеді;
 
10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
 
Заң жобасының «Үкіметтік емес ұйымдардың құзыретіне» арналған 8-ші бабына сәйкес үкіметтік емес ұйымдар:
 
1) мемлекеттік органдарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру кезінде лоттар тақырыбы бойынша ұсыныстар енгізуге;
 
2) мемлекеттік органдарға үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енгізу туралы ұсыныстар енгізуге;
 
3) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің құрамына кіруге;
 
4) үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік-экономикалық салдарларының мониторингін жүзеге асыруға қатысуға құқылы.
 
Жобаның «Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің құзыреті» атты 9-шы бабы бойынша үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер:
 
1) үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енгізу туралы өтініштерін қарайды және олар бойынша қорытынды шығарады;
 
2) мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылының тиімділігі мәселелерін қарайды;
 
3) Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы алу үшін үкіметтік емес ұйымдарды ұсыну туралы ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына енгізеді.
 
Заң жобасының «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс» деп аталатын 3-ші тарауының 10-шы бабында «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың бағыттары» белгіленген.
 
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру мынадай:
 
1) бiлiм беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткiзу;
 
2) азаматтардың денсаулығын сақтау, саламатты өмiр салтын насихаттау;
 
3) қоршаған ортаны қорғау;
 
4) жастар саясаты мен балалардың бастамаларын қолдау;
 
5) демография проблемаларын шешу;
 
6) гендерлiк проблемаларды шешу;
 
7) халықтың әлеуметтiк тұрғыдан осал топтарын қолдау;
 
8) жетiм балаларға, толық емес және көп балалы отбасыларындағы балаларға көмек көрсету;
 
9) азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;
 
10) азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау;
 
11) мәдениет пен өнердi дамыту;
 
12) тарихи-мәдени мұраны қорғау;
 
13) қоғамдық келiсiмдi және ұлт бiрлiгін нығайту;
 
14) өздерінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету кезінде қылмыстық-атқару инспекциясының пробация қызметтеріне жәрдемдесу;
 
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де әлеуметтiк маңызы бар бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
 
Жобаның «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізілімін қалыптастыру» атты 11-ші бабы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізілімін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
 
Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тiзiлiмi мынадай мәлiметтердi қамтитын тiзбенi:
 
1) үкіметтік емес ұйымның атауын;
 
2) үкіметтік емес ұйымның орналасқан жерін, байланыс телефондарын және электрондық мекенжайын;
 
3) үкіметтік емес ұйымның әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелгенi (қайта тiркелгенi) туралы құжаттың нөмiрiн және күнiн;
 
4) үкіметтік емес ұйымды мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енгізу туралы ұсыныс жіберген мемлекеттік органның атауын;
 
5) құрылтай құжаттарына сәйкес үкіметтік емес ұйымның мақсаты мен міндеттерін білдіреді.
 
Үкіметтік емес ұйымдар мынадай мәліметтерді көрсете отырып, мемлекеттік органдарға мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енгізу туралы өтінішті:
 
1) үкіметтік емес ұйымның атауын;
 
2) үкіметтік емес ұйымның орналасқан жерін, байланыс телефондарын және электрондық мекенжайын;
 
3) үкіметтік емес ұйымның әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелгенi (қайта тiркелгенi) туралы, бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН);
 
4) құрылтай құжаттарында көрсетілген үкіметтік емес ұйымның мақсаты мен міндеттерін;
 
5) үкіметтік емес ұйымның кемінде екі жыл кезеңдегі қызметінің қысқаша сипаттамасын ұсынады.
 
Мыналар:
 
1) құрылтай құжаттарының көшірмесі (жарғы, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік және (немесе) анықтама);
 
2) меншік иесінің жеке кіреберісі бар үй-жайға және алаңға немесе оларды жалға алуға мүлік құқығының бар-жоғын растайтын құжаттар;
 
3) штат кестесі;
 
4) өтінішті ұсынып жатқан үкіметтік емес ұйымның үлестес тұлғасы болып табылмайтын үкіметтік емес ұйымдардың ұсыным хаттары;
 
5) ұйымның қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланатынын растайтын материалдар (мақалалардың көшірмесі, бейнематериалдар, дайджестер, эфирлік анықтамалар) өтінішке қоса беріледі.
 
Мемлекеттік органдар өтініште көрсетілген мәліметтер мен құжаттардың дұрыстығын тексереді және үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енгізу туралы мәселені мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестерінің қарауына енгізеді.
 
Мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестері мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енгізу туралы үкіметтік емес ұйымдардың өтінішін қарау қорытындылары бойынша уәкілетті органға мыналарды:
 
- ұсынымды;
 
- осы баптың 3-ші тармағында көзделген құжаттарды;
 
- мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестерінің шешімін жібереді.
 
Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енгізу және одан шығару туралы мемлекеттік органдардың ұсынымын Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі қарайды. Қарау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының
 
Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі олар бойынша тиісті қорытынды береді.
 
Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс берушілердің тізіліміне енгізу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесімен келісілген уәкілетті органның ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
 
Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енгізуге:
 
1) заңнамада белгіленген тәртіппен үкіметтік емес ұйымның қызметіне Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған;
 
2) мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енгізу туралы өтінішті қарау кезінде үкіметтік емес ұйым жосықсыз өнім берушілердің тiзiлiмiне енгізілген;
 
3) үкіметтік емес ұйымды үкіметтік емес ұйымдардың тізіліміне енгізу туралы мемлекеттік органның ұсынымдарын Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауы кезінде осы баптың 3-ші тармағында көрсетілген мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған жағдайларда жол берілмейді.
 
Уәкілетті органның ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі:
 
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үкіметтік емес ұйым таратылған;
 
2) үкіметтік емес ұйым жосықсыз өнім берушілердің тiзiлiмiне енгізілген жағдайларда, үкіметтік емес ұйымды мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізілімінен шығаруға тиіс.
 
Мемлекеттік органдар уәкілетті органға үкіметтік емес ұйымды мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізілімінен шығару туралы ұсынымды табыс етеді. Ұсынымға негіздерді растайтын осы баптың 7-ші тармағында көрсетілген құжаттар қоса беріледі.
 
Заң жобасының «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және беру» атты 12-ші бабында былай делінген:
 
Мемлекеттік саясаттың басымдықтарына және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің ұсынымдарына сәйкес мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты беру жоспарын әзірлейді және бекітеді.
 
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты беру жоспары тиісті бюджет бекітілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде бекітіледі.
 
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты беру жоспары мынадай мәліметтерді: атауларын, жалпы сипаттамаларын, әлеуметтік бағдарламалар мен әлеуметтік жобаларды іске асыру орнын және оларды іске асыруға бөлінген қаражаттарды қамтиды.
 
Мемлекеттік орган мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты беру жоспары бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
 
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
 
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты беру конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асырылады.
 
Жобаның 13-ші бабында «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру» мәселелері нақтыланған:
 
Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес ұйымдар жүзеге асырады.
 
Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс осы Заңға және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
 
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған конкурсқа осы Заңның 10-шы бабында көзделген бағыттар бойынша жарғылық мақсаттарға сәйкес қызметтi жүзеге асыратын және мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берушiлердің тізіліміне енген үкіметтік емес ұйымдар жiберiледi.
 
Заң жобасының «Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы беру және мемлекеттік қолдаудың өзге де нысандарының тәртібі» атты 4-ші тарауының «Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы беру» атты 14-ші бабы бойынша:
 
Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақыны Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын республикалық, өңірлік және облыстық деңгейлердегі әлеуметтік міндеттерді шешуге елеулі үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау мақсатында береді.
 
Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы үкіметтік емес ұйымның мүшелері арасында бөлінбейді және оның жарғылық мақсаттарына сәйкес жұмсалуға тиіс.
 
Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақының қаражатын қайырымдылық мақсаттарына, материалдық-техникалық жабдықтауға және үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға пайдалануға рұқсат етіледі.
 
Үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы жылына бір рет осы Заңның 10-шы бабында көзделген мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру бағыттары бойынша беріледі.
 
Сыйақының мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
 
Үкіметтік емес ұйымды сыйақы алу үшін ұсынымды Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі жүзеге асырады.
 
Жобаның 15-ші бабында үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық қолдау беруді Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік органдар жүзеге асыратыны айтылған.
 
Сол сияқты жобаның 16-шы бабында үкіметтік емес ұйымдарға құқықтық және әдістемелік қолдау беруді өз құзыретіне сәйкес тікелей мемлекеттік органдар, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген бюджет қаражаты шегінде коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдармен шарттар жасасу арқылы жүзеге асырады делінген.
 
Заң жобасының қорытынды ережелерге арналған 5-ші тарауының 17-ші бабы бойынша Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары және үкіметтік емес ұйымдардың құрамына кіретін тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартылатыны ескертілген.
 
Ия, «Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы да, «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» Заң жобасы да – еліміздің үкіметтік емес ұйымдары үшін өте маңызды және өте қажетті құжаттардың негізі болып табылады.
 
Ендігі кезек – Парламент депутаттарында. Азаматтық қоғам өкілдері осы заңдардың барынша тезірек қабылданып, қолданысқа енгізілгенін асыға күтіп отыр.
 
Отандық үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау мақсатындағы әлеуметтік тапсырыс арқылы қаржы бөлу, үкіметтік емес ұйымдар үшін сыйақы беру, ақпараттық, құқықтық және әдістемелік жағынан қолдау жасау және басқа да іс-шаралар барынша ашық, әділ жүргізілсе екен деп тілейміз.
 
Қалай десек те, барлығы – уақыттың өз еншісінде. Үкіметтік емес ұйымдарға жасалатын алдағы жақсылықтардан үмітімізді үзбейміз.
 
Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,
 
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсының бас редакторы, Астана қаласы.
 
12 қараша, 2014 жыл.
 
Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

17.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «Қазақ әдебиеті» және «Литература» пәндері бойынша «ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІ – ОҚУШЫ КӨЗІМЕН» атты ғылыми жұмыстар конкурсын ұйымдастыратыны туралы хабарлайды. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
15.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «МӘҢГІЛІК ЕЛ ТАРИХЫ» атты ғылыми жұмыстар конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Конкурс жыл сайын өткізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.
13.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта мектептердің білім алушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған барлық пәндер бойынша Республикалық «МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСЫ» конкурсын жариялайды. Конкурс жыл бойы өткізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.