ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ БІЛІМ АЛ, ЖАС ТАЛАПКЕР!

Құрметті достар! Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы мен Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Түркістан төрінде білім ал, жас талапкер!» атты бірлескен арнайы PR-жобасын қолға алып отыр.

Бұл жобаны ұйымдастырудағы біздің негізгі мақсатымыз – 2014-2015 оқу жылында мектептер мен колледждерді бітіргелі отырған еліміздің дарынды, озық ойлы, үздік үлгерімді жастарын Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тікелей жеке бастамасымен қасиетті Түркістан қаласында шаңырақ көтерген, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің төл құрдасы – Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, яғни Түркістан қаласының төрінде жоғары білім алуға шақыру.

«Түркістан төрінде білім ал, жас талапкер!» атты бірлескен арнайы PR-жобасының аясында атқарылатын іс-шаралар туралы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсында арнайы ақпараттар жариялап отыратын боламыз.

Алдымен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарихына қысқаша тоқталайық.

1991 жылғы 6 маусымда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың №329 Жарлығымен Түркістан мемлекеттік университеті құрылды.

1992 жылғы 1 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Түркия Республикасының сол кездегі Премьер-министрі С. Демирелдің арнайы кездесуінде екі ел басшылары Түркістан мемлекеттік университетіне «Халықаралық университет» мәртебесін беру жөнінде келісімге келіп, «Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін құру туралы» арнайы мәлімдеме жасады.

1992 жылғы 31 қазанда Анкара қаласында Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Үкіметтері арасында «Түркістан мемлекеттік университетін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» арнайы құжатқа қол қойылды.

Бұл университет – түркі тілдес мемлекеттер арасында ең алғаш рет халықаралық мәртебені иеленген бірден-бір оқу орны.

Бүгінде осы жоғары оқу орнында түркі тілдес халықтар тұратын әлемнің 30-дан астам елінен келген жастар білім алуда.

Енді ғана құрылған алғашқы жылы университетке небары 332 талапкер оқуға қабылданған болса, қазіргі таңда мұнда 30 мыңға жуық студент қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады.

Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тарапынан 2010 жылдың 3 ақпанында АБ №0137408 мемлекеттік лицензиясы берілген.

Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасының – 54, магистратура бағдарламасының – 30, резидентура бағдарламасының – 3, PhD докторантурасы бағдарламасының – 11 мамандығы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға толық жағдай жасалған.

Білім ордасы Қазақстан мен Түркия тарапынан құрылған, құрамында 10 мүшесі бар Үкіметаралық Өкілетті Кеңес арқылы басқарылады.

Университеттің іргесі қаланған алғашқы жылдары Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті туысқан екі халық арасындағы байланысты нығайтып қана қоймайды, ол беделді білім және ғылым шаңырақтарының қатарына қосылады», - деп үлкен үміт артса, Түркия Республикасының бұрынғы басшысы Сүлейман Демирел: «...Ұлы ойшыл бабамыз Қожа Ахмет Ясауиге топырағы бұйырған қасиетті ата қонысымыз – Түркістанда шаңырақ көтерген бұл университет әлемдегі ең озық ғылым мен білім ордаларының біріне айналатынына кәміл сенемін», - деп ерекше сенім білдірген болатын.

Туысқан екі елге ортақ ерекше мәртебесі бар осынау жоғары оқу орны Сіздерді сапалы жоғары білім алуға шақырады, құрметті мектеп бітірушілері!

«Түркістан төрінде білім ал, жас талапкер!» атты бірлескен арнайы PR-жобасын жүзеге асырушылар:

Мырзантай ЖАҚЫП,
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты (PhD), доцент (of Associate Professor), Астана қаласы.

Ақәділ АЛАЙДАРОВ,
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Кәсіби бағдар бөлімінің маманы, заң ғылымдарының магистрі, Түркістан қаласы.

03 желтоқсан, 2014 жыл.

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

26.05.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдерінің және балалар бақшалары тәрбиешілерінің арасында өздері жүргізетін сабақтарының ғылыми-әдістемелік салаларынан ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстар жазу бойынша Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – ЗЕРТТЕУШІ» конкурсын жариялайды. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған жұмыстар қабылданады.
24.05.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «ҚОҒАМДЫҚ БАЙЛАНЫС – ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚ» атты еркін тақырыпқа жазбаша эссе конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Эссені кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
22.05.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының ұйымдастырып отырған «Әдебиет әлемі – оқушы көзімен» және «Мектеп оқушыларының үздік ғылыми жұмысы» конкурстарына 2017 жылдың 15 мамырына дейін келіп түскен жұмыстардың бір тобы «Ғылыми зерттеулер әлемі – Мир научных исследований – World of scientific research» журналының 2016 жылғы шілде-желтоқсан, №№7-12(109-114) санында жариялау үшін дайындалып, журналдың аталған нөмірі басып шығару үшін баспаханаға тапсырылғанын хабарлаймыз.