ЕЛБАСЫМЫЗДАН ЖАҢА ОН БЕСІНШІ ОБЛЫС ҚҰРУДЫ СҰРАЙМЫЗ

Біздің Мырзашөл өңірінің тұрғындарына Түркістан облысының жаңа орталығы Түркістан қаласы тым ұзақ, барып-келуге көптеген қиындықтар туғызуда.

Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры Мырзантай Қожабайұлы Жақыптың еліміздің бірнеше орталық ықпалды ұлттық сайттарында және әлеуметтік желілерде жарық көрген мақалаларындағы біздің Мырзашөл және Шардара өңірлерінің 500 мың халқын еліміздің қиыр түкпірінде, өркениеттен қашықта қалдырмауға шақырған және Түркістан облысын екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі қала, аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Оңтүстік Қазақстан облысын құру туралы ұсынысын жергілікті халық қызу қолдап-қуаттап отыр.

Иә, Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды.

«Оңтүстік Қазақстан» деген географиялық атау «Түркістан» деген тарихи атауға ауыстырылды. Түркістан қаласының орталықтануына қарсылығымыз жоқ. Дүние жүзіне танымал, түркі елін мойындатқан мекенді орталыққа айналдырып, экономикалық, рухани тұрғыда дамуын қолға алып отырған Елбасымыздың көреген саясатын қос қолдап қолдаймыз және қуаттаймыз!

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын Қазақстан халқына жолдауында: «III. Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» атты бөлімінің Екінші тармағында: «Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет», - деп атап көрсетті.

Осыған байланысты шын мәнінде шырқырап, жанайқаймен айтуға мәжбүр етіп отырған күрделі, өзекті мәселеміз – мынау.

Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты халық өте тығыз орналасқан Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сарыағаш және Келес аудандары Өзбекстанмен шекарадағы өте алыс түкпірде қалып отыр. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінгелі бері облысымыздың жаңа орталығы Түркістан қаласына қатынау мәселесі қарапайым халық үшін өте үлкен қиындық туғызып отырған жағдайы бар.

Бұл сөзімізге нақты мысалдар жетіп артылады.

2018 жылдың қараша айында Жетісай ауданы мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында «Жетісайдан сәлем!» атты мәдени іс-шара өткізілді. Жетісай ауданы өзінің мәдениет саласымен қатар ауданның 11 мектебінің қолөнер көрмесін ұйымдастырып алып барды.

Қолөнер көрмесіне апару үшін аудан мектептерінің ұстаздары мен оқушыларының қолдан жасалған бұйымдарын екі көлікке тиеп, артқан. 11 мектептен 11 мұғалімге және мәдениет бөлімі қызметкерлеріне автобус жалдаған. 420-450 шақырым қашықтықтағы Түркістан облысының жаңа орталығына барып келгенше көлікке артқан бұйымдар сынған, қираған. Мың шақырымға жуық жолға шыдай алмай, жалдаған автобус жолда бұзылған.

«Жетісайдан сәлемге» барған азаматтар жол бойы әбден қиналып, әбіржіген. Ал бұл жағдай 2018 жылғы қараша айының бірінші жартысында болып отыр. Егер қаһарына мінген қыс мезгілі болғанда, не болмақ?

Мен – білім саласының қызметкерімін. Білетінім – жергілікті басшылар мектеп мұғалімдерін ауданның барлық шараларына жегеді. Онымен қатар біздің мойнымызда кәмелетке толмаған оқушылардың жауапкершілігі жүктелгені заңдылық.

Жыл он екі ай баланы 420-450 шақырым (екі жақты қосқанда мың шақырымдай) алыс жерге, Түркістан облысының жаңа орталығына тасымалдаудың жағдайы қалай болмақ?

«Жетісайдан сәлемге» барып келген азаматтардан жол азабын естіп, шалғайға қатынау қиындығы ойландырып, толғандырып отырғанда, Жетісай ауданының білім бөлімі ұйымдастырған «Үздік сынып жетекші – 2018» байқауынан: «Біздің сынып жетекшіміз бас жүлдені жеңіп алып, Түркістан облыстық байқауына жолдама алды», - деген хабарды естігенде жүрегім «зырқ» ете қалғаны. Өйткені Түркістан қаласына біздің мектептегі сынып жетекшіміз өзінің екі оқушысымен баруы керек.

«Мектептен арнайы көлікпен шыққан ұстаздар мен оқушылардың жағдайы не болды?» деген ой мазаласын. Ол көлік те мың шақырымдай алыс жерге төтеп бере алмай, жол-жөнекей бұзылып, Түркістаннан ауылға таң ата жеткен.

Бұл мәселе – кейінгі төрт-бес айдың төңірегінде ғана болып жатқан жағдайлар. Ал алдымызда желтоқсан айы келе жатыр. Қыстың көзі қырауда, қыс ауасында алыстағы облыс орталығына қатынау мәселесі қиындық туғызатыны кез-келген адамға айтпаса да түсінікті жағдай.

2018 жылғы 23 қазан күні Түркістан қаласында ұйымдастырылған халықаралық фестивальге оқушымыз баруы керек еді. «Ал оған ұзақ жолдың қауіпсіздігін, жауапкершілігін қыс ауасында кімге жүктейміз?» деген сары уайым бізді қатты мазалағанын қалай жасырамыз?!

«Жол азабын жүрген біледі» демекші, бұл проблема бір менің ғана басымдағы жағдай емес, қиыр оңтүстіктегі аудандар тұрғындарының бәрінің басындағы үлкен проблема.

Осыдан екі-үш жыл бұрын мектебімізде 3-ші сынып оқушысы үзіліс уақтысында мектеп алдындағы егілген жас шыбық талдардың арасынан өтемін деп жүріп, көзінің астыңғы жұқа етін ағаш бұтағы жыртып жіберген.

Баланың үсті-басы қан-жоса. Уайымымыз «Мектеп оқушысының көзіне зақым келмеді ме екен?» деген қорқыныш. Жедел түрде көлікпен аудан орталығындағы ауруханаға алып бардық. Үрейленгеніміз соншама, жұмысты тастап, мектептен үш-төрт азамат соның соңында жүрміз. Ондай жағдайда жергілікті құқық қорғау органдары қызметкерлері келіп, сұраққа алып, құжат толтыратыны заңдылық.

Оқушының ата-анасын жұмысынан шақырттық. Ата-ананың «агрессиясын» көрсеңіздер! Дәрігерлер жиналып, тексеріп, баланың көзінің аман екенінен бізді хабардар етті.

Алайда баланың көз астындағы жұқа еті терең жыртылған. Алты сағатта Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» балалар ауруханасына жеткізбесек, кешігетінімізді ескертті.

Шымкентке жеткенімізбен, балалар ауруханасын таба алмай, сандалып, сол ары-бері жүрістің өзінде екі сағатты жоғалттық. Әйтеуір әупіріммен баланы дер кезінде, уақтылы Шымкенттегі «Нұрсәт» балалар ауруханасына апарып үлгердік, отасы сәтті өтті.

Бұл – біздің ғана басымыздан өтіп жатқан жағдай. Ал қиыр оңтүстіктегі аудандарда жергілікті тұрғындардың өз денсаулығына байланысты шалғайға жете алмай қалып, өкінішке ұласқан қаншама жағдайлар жиі болып жатқаны жасырын емес.

Әрине, қалталы азаматтар науқасты тіпті тікұшақпен де жеткізуі мүмкін. Алайда екінің бірінің қалтасы мұндай мүмкіншілікке қол жеткізе бермейді ғой.

Шымкенттің өзі төтенше жағдайда біз үшін шалғайлық қылатын еді. Енді Түркістан қаласына жету Мырзашөл өңіріндегі жергілікті қарапайым қара халыққа тіптен қиындап тұр.

«Жол азабын жүрген біледі» демекші, Түркістан облысының жаңа орталығынан 500 шақырымдай шалғайда қалған 500 мыңдай халқы бар Мырзашөл өңірі тұрғындарының Түркістан қаласына қатынауы қиындық туғызуда.

Ел болған соң түрлі жағдайлар бар: іс-сапар бойынша қатынау, құжаттар мәселесімен бару, сот процестері, денсаулығына байланысты жету, білімін көтеру, түрлі сайыстар мен жарыстарға бару мәселесі, т.с.с.

Айтпақшы, Жетісай ауданының өкілдері күні кеше ғана Түркістан қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Агрофест – 2018» атты ауыл шаруашылығы фестиваліне барып, қатысып, абырой жинап қайтты.

Бірақ қандай жағдайда барып-қайтқаны сол жолаушылардың өздері мен бір Аллаға ғана аян.

Біздің Мырзашөл өңірінің тұрғындарына Түркістан облысының жаңа орталығы Түркістан қаласы тым ұзақ, барып-келуге көптеген қиындықтар туғызуда.

Осыған орай, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтан және Үкіметтен Түркістан облысын екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Оңтүстік Қазақстан облысын құру туралы мәселені қарастыруын сұраймыз!

 

Роза Тоқтасынқызы ОМАРОВА,

«Нұртас Оңдасынов атындағы №14 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жетісай ауданы, Түркістан облысы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

10.12.2018
Жақында, 2018 жылғы 28 қараша күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VIII Азаматтық форумы аясында азаматтық қоғам белсенділерімен өткізген арнайы кездесуіне Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының арнайы шақыруымен біз де қатысқан едік.
29.11.2018
Кеше, 2018 жылғы 28 қараша күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VIII Азаматтық форумына қатысқанын еліміздің барлық жетекші бұқаралық ақпарат құралдары жедел түрде хабарлап, жазып жатыр. Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының арнайы шақыруымен Президентіміздің азаматтық қоғам белсенділерімен өткізген арнайы кездесуінде біз де болдық. Осы орайда, Елбасымызбен осынау жүздесуден алған әсерімізбен қысқаша бөліскенді жөн көріп отырмын.
26.11.2018
Елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстанның қиыр оңтүстігінде жатқан Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын терең зерттеуге кеңінен жол ашып отыр.