ҚАЗАҚСТАН ҒАЛЫМДАРЫ ЕЛБАСЫМЫЗ ҰСЫНҒАН ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ «ТУҒАН ЖЕР» ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУГЕ КІРІСЕ АЛМАЙ ОТЫР

2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына ұсынылған ғылыми жобаларды бағалау және конкурстық іріктеу жөніндегі Ұлттық ғылыми кеңестердің отырыстары ұзақ уақытқа созылып кетпесе екен.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынғаны бәрімізге де белгілі.

Елбасымыздың тұжырымы бойынша бұл жоба «білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді, орта мектепте туған жердің тарихын оқытуды, туған жердің әрбір сайы мен қырқасының, тауы мен өзенінің тарихын, әрбір жер атауының төркіні туралы аңыздар мен әңгімелерді, әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерінің еңбектерін зерттеп, осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуіне жағдай жасауы» тиіс.

Елбасымыз ұсынған Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Туған жер» жобасын жүзеге асыру негізінен гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар салаларының ғалымдарына жүктелетін абыройлы міндет екені де ақиқат.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі №569 қаулысымен Ұлттық ғылыми кеңестердің жаңа тізбесі бекітіліп, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» ғылыми бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңес құрылды.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 15 тамыздағы №410 бұйрығымен 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың құжаттамасы бекітілді (ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №435 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді).

Ғылыми жобаларды қаржыландырудың 2018-2020 жылдарға арналған гранттық жалпы сомасы 28,6 млрд. теңге.

Жоғарыда айтылғанындай, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу туралы ұсынысына орай, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттамасында «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» басым бағытының «Қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерінің іргелі және қолданбалы зерттеулері» атты мамандандырылған ғылыми бағытының бір саласы «Туған жер. Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім» деп белгіленді.

ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның ресми мәліметтері бойынша 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына барлығы – 4488, оның ішінде «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» басым бағыты бойынша – 1299 (іргелі зерттеулер бойынша – 812, қолданбалы зерттеулер бойынша – 487) ғылыми жоба ұсынылған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 желтоқсандағы №879 қаулысымен Ұлттық ғылыми кеңестердің жаңа құрамы, оның ішінде «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» ғылыми бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңес мүшелері бекітілді.

Еліміздің гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар салаларының ғалымдары «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» ғылыми бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңес құрамына отандық танымал ғалымдар, мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері енгізілуін барынша қолдап-қуаттап отыр.

Сондай-ақ, отандық ғалымдарымыз ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдарға ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру үшін жариялаған байқаудың қорытындысы қашан белгілі болады деп асыға күтіп отырғанын да ұмытпасақ екен.

Салалық министрлік құрамындағы «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның ресми мәліметтеріне сүйенсек, жаңа құрамдағы Ұлттық ғылыми кеңестердің отырыстарын 2018 жылдың 8-22 қаңтары аралығында өткізу жоспарланған еді.

Бізге жеткен кейінгі ақпараттар бойынша Ұлттық ғылыми кеңестердің отырыстары алдын-ала белгіленгеніндей, бүгін – 22 қаңтар күні аяқтала қоймайтын көрінеді және Ұлттық ғылыми кеңестердің қорытынды шешімдері қашан жарияланатыны да әлі белгісіз.

Әрине, жаңа құрамдағы Ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына ұсынылған ғылыми жобалардың ғылыми жаңашылдығын, ғылыми-техникалық деңгейін, перспективалылығын, әзірлену дәрежесін, сұралып отырған қаржыландыру көлемінің экономикалық негізділігін бағалау; республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми жобаларға конкурстық іріктеуді жүзеге асыру және т.б. міндеттерді жүзеге асырудағы жоғары мәртебелі және қиын да, күрделі қызметтеріне барынша үлкен құрметпен қараймыз.

Сонымен бірге 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына ұсынылған ғылыми жобаларды бағалау және конкурстық іріктеу жөніндегі Ұлттық ғылыми кеңестердің отырыстары ұзақ уақытқа созылып кетпесе екен деген тілек-өтініш айтқымыз келеді.

Өйткені ғалымдарымыз Елбасымыз ұсынған Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге кірісе алмай отыр.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

21.02.2018
Иә, Оңтүстіктегі бес ауданның қайта қалпына келтірілуі – шын мәніндегі тарихи оқиға! Кеше, 2018 жылғы 20 ақпан күні өткізілген Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ХХ сессиясының шешімімен сонау 90-шы жылдардың соңында еліміздегі экономикалық-әлеуметтік жағдайға байланысты Елбасымыздың 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 Жарлығымен таратылған Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарының қайтадан қалпына келтіруі – шын мәніндегі айрықша тарихи оқиға!
19.02.2018
Қазіргі кезде қазақ қоғамында жүріп жатқан 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурсының төңірегіндегі қызу пікірталастарға «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» басым бағыты бойынша ғылыми жоба ұсынған ғалым-әріптестеріміздің басым көпшілігі онша араласпай, үндемей, сырттай бақылап отыр.
15.02.2018
Кейінгі уақытта «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығына еліміз жоғары оқу орындарының магистратураларында білім алып жатқан жас ізденушілерден көптеген сұрақтар келіп түсуде. Олар: «Біз мақалаларымызды міндетті түрде «ВАК» журналдарында жариялауға тиістіміз бе?» - деп сұрайды. Осыған орай, магистранттардың өтініштеріне жауап бергенді жөн көрдік.