21 ЖЫЛ БОЙЫ БҰРМАЛАНЫП КЕЛГЕН МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТАРИХИ АТАУЫН БҰДАН БЫЛАЙ ДҰРЫС ЖАЗАЙЫҚ!

Осыдан 30 жыл бұрын Эстония халқы өз елдерінің астанасы Таллинн қаласының аты қате жазылып жүр деген мәселе көтеріп, тарихи атаудың о бастағы қалпын сақтауды, сөйтіп бұрын «Таллин» деп бір «н» әрпімен жазылып келген қаланың ресми атының соңына тағы бір «н» әрпін қосып, дұрыс жазуды талап еткені есімізде.

Тіпті 1988 жылдың 7 желтоқсаны күні сол кездегі Эстон ССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Эстон ССР Конституциясының (Негізгі заңының) орыс тіліндегі мәтініне түзету енгізіліп, 1989 жылдың 1 қаңтарынан бастап Эстон ССР-інің астанасын бұрынғыдай «Таллин» деп емес, «Таллинн» деп екі «н» әрпімен жазу туралы бір ауыздан арнайы шешім қабылданды.

Қазіргі көзқараспен кейбіреулер мұны «еріккеннің ермегі» деп те ойлап қалуы мүмкін. Алайда, бұл – ұлттық намысын бұрыннан ешкімге таптатпаған эстон халқының өз еліне деген ерекше сүйіспеншілігінің жарқын көрінісі еді!

Ал бізде ше?!

Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының кейбiр мәселелерi туралы» 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 Жарлығының мәтінінде Мақтаарал атты тарихи атаудың бір «а» әрпі түсіп қалып, «Мақтарал» болып жазылып кетті. Бұл – Жарлықты дайындаған мемлекеттік қызметшілердің қателігі ме, әлде соны компьютерге түсірген хатшылардың салақтығы ма – ол жағы бізге беймәлім.

Осының салдарынан 21 жыл бойы мемлекеттік органдардың ресми құжаттарында және бұқаралық ақпарат құралдарында Мақтаарал ауданының тарихи атауы бұрмаланып, бір ғана «а» әрпімен «Мақтарал» деп өрескел қатемен жазылып келді.

Мақтаарал тарихи атауының тағдырын Шымкентте отырып алып шешіп келген Оңтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының кейбір мүшелері біздің бірнеше рет айтып, жазған сын-ескертпелерімізге: «Аудан атының сын көтермейтіндей қателігі жоқ, дұрыс жазылған», - деп ресми түрде тұжырым жасап келді.

Ал шын мәнінде, қазақ тілінің заңдылықтары мен ережелері бойынша біріккен сөздер әрқашан өз түбірін сақтап, бірге жазылады. Осы тұрғыдан қарасақ, Мақтаарал ауданының атауы «Мақта» және «арал» деген екі түбірден тұрады. Екеуі біріккен соң, «Мақтаарал» болуы қажет.

Мақтаарал ауданының атауында «а» әрпінің екеуі де жазылуға тиіс, ешбірі де түсіп қалмауы керек. Сол себепті Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының қазақ тіліндегі дұрыс атауы «Мақтарал» деп қате жазылмауы тиіс, қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес «Мақтаарал» деп («Мақта» және «арал» деген екі сөздің түбірі сақталып) дұрыс жазылуы қажет.

Шынымды айтсам, ауданның аты осылай бір ғана «а» әрпімен «Мақтарал» деп жазылғанын көрген сайын өз басым сақаудың сөзін тыңдап отырғандай әсерде болатынмын.

Мақтаарал ауданының ресми атын дұрыс жазу жөнінде біздің қайта-қайта мәселе көтеріп, жаза бергенімізден шаршады ма, бір күні Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары бізге: «Заңнамалық актілерде көрсетілген талаптарға сәйкес ауданның транскрипциясын нақтылау жөніндегі жұмыстар тиісті аумақ халқының келісімі болған жағдайда ғана жүргізіледі», - деп ашулана жауап берді.

Алайда, облыстың басшыларының өздері 1997 жылы Мақтаарал ауданының атын бір ғана «а» әрпімен қате жазып жіберген кезде аудан халқының келісімін алды ма екен?!

Ірілендірілген Мақтаарал ауданын қайта бөлу мәселесі қарастырыла бастаған кезде біздің осы мәселе жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметіне жолдаған хаттарымызға алдағы жүргiзiлейін деп жатқан қайта құруларға байланысты ауданның атын өзгерту жөнiнде ғылыми сараптаманың актiлері алынғаны, М. Әуезов атындағы ОҚМУ, «Аймақтық экономика мәселелері» Ғылыми-зерттеу институтының ғылыми сараптамалық актісінде қазақ тілінде Мақтаарал ауданы, орыс тіліндегі транслитерациясын Мактаарал, Мактааральский район деп жазу қарастырылып жатқаны туралы ресми жауап келді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жауапты қызметкерлерінің ресми жауап хатында қайта жүргізілген ғылыми сараптаманың нәтижесінде Мақтаарал атауының семантикалық өрісіндегі негізгі тілдік, этномәдени ақпарат «Мақта дақылын өндіретін өлке», «мақта мол өсетін, мақтаға бай өлке, арал» деген тіркестерден бастау алғандығы дәлелденгені көрсетілген.

Жоғарыдағылардың негізінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мақтаарал ауданының аумағын бөлу жолымен құрылатын аудандарға Мақтаарал ауданы және Жетісай ауданы деп атау беру туралы ұсыныстарға оң қорытынды бергені жазылған.

Міне, 2018 жылдың 6 маусымы күні Елбасымыздың тарихи Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш және Келес аудандарының қайта қалпына келтіру, Мырзакент кентіне – Мақтаарал ауданының орталығы, ал Абай ауылына – Келес ауданының орталығы мәртебесін қайта беру туралы арнайы Жарлығы ресми түрде жарияланды.

Соның нәтижесінде, 21 жыл бойы бұрмаланып, бір ғана «ә» әрпімен жазылып келген Мақтаарал ауданының ресми атауы енді өзінің тарихи қалпын сақтап, дұрыс жазылатын болды!

Меніңше, мұның өзі – қарапайым халықтың табанды талап-тілегінің, қазіргі қоғамдық пікірдің оң нәтижесі, елдің жеңісі!

21 жыл – аз уақыт емес! Мақтааралдың тарихи атын бұрмалап, бір ғана «а» әрпімен қате жазып үйренген жас ұрпақтың тұтас бір буыны өсіп, қалыптасты! Тек қана ресми құжаттарға ғана сүйенетін мемлекеттік қызметшілер де осыған бойларын әбден үйретіп алды!

Енді Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылғы 5 маусымдағы № 698 «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлығы ресми жарық көрген күннен бастап Мақтаарал ауданының атын екі «а» әрпімен дұрыс жазуымыз керек!

Барлық маңдайшалар мен ресми құжаттардағы бұрынғы қатені түзетуіміз керек!

Кейбіреулер айтып-жазып жүрген «ауданның аты өзгерсе – тұрғындар құжаттарын өздерінің жеке қаржысының есебінен өзгертуге мәжбүр болады» деген пікір – мүлдем қате тұжырым!

Шын мәнінде, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 6-бабы бойынша облыстарға, аудандарға, қалаларға ат қою мен олардың аттарын өзгертуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебiнен жұмсалады.

Ауданның атын дұрыс жазу – адамның өз аты-жөнін дұрыс жазумен бірдей!

Ал ауданның атын қате жазу – Елбасымыздың өзі қол қойған Заңды өрескел түрде бұзу екенін есімізден шығармайық!

Иә, Ұлттық намысымыз – өзіміздің туып-өскен жеріміздің тарихи атауларын қатесіз, дұрыс жазудан басталады!

Оңтүстіктегі, оның ішінде Мырзашөл өңіріндегі барша ағайындарды тарихи Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш және Келес аудандарының қайта қалпына келтірілуімен, Мырзакент кентінің Мақтаарал ауданының орталығы, ал Абай ауылының Келес ауданының орталығы мәртебесін қайта иеленуімен тағы да шын жүректен құттықтаймын!

 

Құрметпен,

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

10.12.2018
Жақында, 2018 жылғы 28 қараша күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VIII Азаматтық форумы аясында азаматтық қоғам белсенділерімен өткізген арнайы кездесуіне Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының арнайы шақыруымен біз де қатысқан едік.
29.11.2018
Кеше, 2018 жылғы 28 қараша күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VIII Азаматтық форумына қатысқанын еліміздің барлық жетекші бұқаралық ақпарат құралдары жедел түрде хабарлап, жазып жатыр. Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының арнайы шақыруымен Президентіміздің азаматтық қоғам белсенділерімен өткізген арнайы кездесуінде біз де болдық. Осы орайда, Елбасымызбен осынау жүздесуден алған әсерімізбен қысқаша бөліскенді жөн көріп отырмын.
26.11.2018
Елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстанның қиыр оңтүстігінде жатқан Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын терең зерттеуге кеңінен жол ашып отыр.