ҚАЗАҚСТАН ҒАЛЫМДАРЫ 2018-2020 ЖЫЛДАРҒА ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРДЫ ГРАНТТЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУҒА АРНАЛҒАН КОНКУРС НӘТИЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТАРДЫ АСЫҒА КҮТІП ОТЫР

«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның назарына!

Жыл сайын жазда талапкерлер мен ата-аналар мемлекеттік білім гранттары конкурсының нәтижелерін тағатсыздана күтетіні белгілі. Биылғы 2018 жылдың қаңтар айының алғашқы күндері еліміздің ғалымдары да дәл осындай көңіл-күйді бастан кешіріп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2018-2020 жылдарға ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға жариялаған байқаудың қорытындысы қашан белгілі болады деп асыға күтіп отыр.

Иә, 2018-2020 жылдарға ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға 28,6 млрд. теңге бөлініп, өткен 2017 жылдың жазында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ғалымдардың ғылыми жобаларына конкурс жариялаған болатын.

Ресми мәліметтер бойынша бұл конкурсқа барлығы 4488 ғылыми жоба ұсынылып (талапқа сай болмағандықтан кері қайтарылған 193 ғылыми жобаны қоспағанда), олардың барлығы мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өткізілді.

Ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған осы конкурстың және оған ұсынылған ғылыми жобаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жасау ісінің осы жолғы ерекшеліктері жөнінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің және «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның басшылары бірнеше рет әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тікелей онлайн-конференция өткізіп, ғалымдарды толғандырып отырған көптеген өзекті сұрақтарға жауап бергенін атап өткен жөн.

Десек те, 2018-2020 жылдарға ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың барысы жайындағы ақпарат дәл қазіргі күндері әлі де өте тапшы болып отырғанына да ерекше тоқталғымыз келеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 5 сәуірдегі №171 «Ұлттық ғылыми кеңестер туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 мамырдағы №519 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысымен ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже жаңа редакцияда жазылды.

Жоғарыда аталған ереженің 5-ші тармағына сәйкес ұлттық ғылыми кеңестердің құрамы үш жыл мерзімге бекітіледі.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы №1391 қаулысымен құрылған ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің өкілеттілік мерзімі 2017 жылғы 29 желтоқсан күні аяқталды.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі №569 «Ұлттық ғылыми кеңестер туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 мамырдағы №519 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысымен ұлттық ғылыми кеңестердің тізбесі мынадай жаңа редакцияда жазылған болатын:

1) «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, оның ішінде су ресурстары, геология, қайта өңдеу, жаңа материалдар және технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар» ғылым бағыты бойынша ұлттық ғылыми кеңес;

2) «Энергетика және машина жасау» ғылым бағыты бойынша ұлттық ғылыми кеңес;

3) «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, ғылыми зерттеулер» ғылым бағыты бойынша ұлттық ғылыми кеңес;

4) «Өмір туралы ғылым және денсаулық» ғылым бағыты бойынша ұлттық ғылыми кеңес;

5) «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» ғылым бағыты бойынша ұлттық ғылыми кеңес;

6) «Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі» ғылым бағыты бойынша ұлттық ғылыми кеңес;

7) «Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс (құпия белгісі жоқ)» ғылым бағыты бойынша ұлттық ғылыми кеңес.

Ендігі кезекте жоғарыда аталған ғылым бағыттары бойынша ұлттық ғылыми кеңестердің жаңартылған құрамын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа қаулысы қабылданып, ресми түрде жариялануы керек еді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 15 мамырдағы №264 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидасының» «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру тәртібі» атты 3-ші бөлімінің 33-ші тармағы бойынша «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ гранттық қаржыландыру бойынша конкурсқа ұсынылған, қорытынды балдың шамасы бойынша сараланған ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың тізімін ұлттық ғылыми кеңестерге ұсынуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 31 тамыздағы №504 «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 тамыздағы №891 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысына сүйенсек, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ:

- Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама нәтижелерінің негізінде гранттық қаржыландыру конкурсына тапсырылған, әрбір бағалау өлшемшарты бойынша орташа және жоғары шекті баға алған ғылыми жобалардың қорытынды балл шамасына қарай сараланған тізімін жасап, онда мәлімделген қаржыландыру сомаларын көрсетуі тиіс;

- Сараланған тізім негізінде шекті балды анықтауы тиіс;

- Қорытынды балдары шекті балдан жоғары ғылыми жобаларды қамтитын басым тізімді;

- Қорытынды балдары шекті балға тең ғылыми жобаларды қамтитын шекті тізімді;

- Қорытынды балдары шекті балдан төмен ғылыми жобаларды қамтитын резервтік тізімді жасауы тиіс.

Басым, шекті және резервтік тізімдерді қалыптастыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің конкурстық құжаттамасында көзделген ғылымның әрбір басым бағытына бөлінген гранттық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылуы қажет.

Сондай-ақ «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ өзінің интернет-ресурсында:

- Басым бағыттар бойынша бөлінген ғылыми жобалардың басым, шекті және резервтік тізімдерін;

- Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама үшін тартылған сарапшылардың тізімін әліпби тәртібімен жыл сайын жылдың соңында жариялауы қажет болатын.

Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі №569 «Ұлттық ғылыми кеңестер туралы» қаулысымен жаңа редакцияда жазылған ұлттық ғылыми кеңестердің тізбесі және жоғарыда аталған ғылым бағыттары бойынша ұлттық ғылыми кеңестердің жаңартылған құрамын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа қаулысы әлі ресми түрде жарияланған жоқ.

Сонымен бірге 2017 жылдың соңында әліпби тәртібімен жариялануы тиіс болған мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама үшін тартылған сарапшылардың тізімін де «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ өзінің интернет-ресурсынан таба алмай отырмыз.

Сөзімізді түйіндесек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдарға ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсына өздерінің ғылыми жобаларын ұсынған ғалымдарды бүгінгі күні мынадай сұрақтар толғандырып отыр:

1-ші сұрақ:

Гранттық қаржыландыруға ұсынылған ғылыми жобалардың басым бағыттар бойынша бөлінген, басым, шекті және резервтік тізімдері мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама нәтижелерімен бірге жаңа құрамдағы ұлттық ғылыми кеңестердің қарауына қашан жолданады?

2-ші сұрақ:

«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ интернет-ресурсында басым бағыттар бойынша бөлінген ғылыми жобалардың басым, шекті және резервтік тізімдері қашан жарияланады?

3-ші сұрақ:

«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ интернет-ресурсында мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу үшін тартылған сарапшылардың тізімі әліпби тәртібімен қашан жарияланады?

Жоғарыдағы сұрақтарды біз «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы да, аталған орталықтың ресми интернет-ресурсындағы өзіміздің жеке парақшамыз арқылы да бірнеше рет жолдаған едік.

Алайда «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-нан ешқандай жауап ала алмай отырмыз.

Айтпақшы, «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасының» талаптары бойынша «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ гранттық қаржыландыруға ұсынылған ғылыми жобаларды, басым бағыттар бойынша бөлінген ғылыми жобалардың басым, шекті және резервтік тізімдерін мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама нәтижелерімен бірге тиісті ұлттық ғылыми кеңестердің қарауына сараптама аяқталған кезден бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей жолдауы қажет болатын.

Ал 2018-2020 жылдарға ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына ұсынылған ғылыми жобаларды мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өткізу жұмыстары 2017 жылдың 8 желтоқсаны күні аяқталған.

Яғни сараптаманың аяқталғанына күнтізбелік жеті күн емес, 27 күн өтті.

Оны айтамыз, тіпті ұсынылатын ғылыми жобалардың ғылыми жаңашылдығын, ғылыми-техникалық деңгейін, перспективалылығын, әзірлену дәрежесін, сұралып отырған қаржыландыру көлемінің экономикалық негізділігін бағалауға тиісті ұлттық ғылыми кеңестердің жаңартылған ғылым бағыттары бойынша жаңа құрамын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы да әлі жарияланған жоқ...

Бұған дейін біз осы әлеуметтік желіде білім және ғылым саласындағы маңызды және қажетті ақпараттарға көп жағдайда қатардағы қарапайым азаматтардың қолдары жете бермейтіні туралы пікірлерімізді бірнеше рет жариялаған едік.

Осындай тұрғыдағы ой-тұжырымдарымызды тағы да қайталағымыз келеді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті және «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ өздерінің ресми интернет-ресурстарында біз тоқталған мәселелер бойынша толыққанды ақпараттарды жедел түрде жариялағаны дұрыс болар еді.

Бұл мәселені еліміздегі ақпарат саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылатын Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өзінің ерекше бақылауына алса екен деген тілегіміз бар.

Азаматтық қоғам құруды мақсат еткен жауапты мемлекеттік уәкілетті органдардың ең басты міндеттерінің бірі – азаматтарды маңызды ақпараттармен дер кезінде қамтамасыз етіп отыру екенін ұмытпайық.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

16.04.2018
На днях в социальных сетях и средствах массовой информации была опубликована копия протокола совещания межведомственной рабочей группы, проходившего 27 марта 2018 года в городе Шымкент под председательством заместителя Генерального прокурора Республики Казахстан А.И. Лукина с повесткой дня: «Обеспечение безопасности и правопорядка в период переноса областного центра в город Туркестан и придания городу Шымкент республиканского статуса».
11.04.2018
Кеше, 2018 жылғы 10 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және Мақтаарал аудандық мәслихатының келісімі бойынша Мақтаарал ауданының әкімі лауазымына Жамантай Бейсенбаевты тағайындағаны туралы ресми ақпарат жарияланды.
02.04.2018
Өткен аптада кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары А.И. Лукиннің төрағалығымен 2018 жылғы 27 наурыз күні Шымкент қаласында «Облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру кезеңінде қауіпсіздікті және құқық тәртібін сақтау» деген күн тәртібімен өткізілген ведомоствоаралық жұмыс тобы мәжілісі хаттамасының көшірмесі жарияланды.