«ҚОҒАМДЫҚ БАЙЛАНЫС» – ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫН РЕСМИ БИЛІК ОРЫНДАРЫНА ЖЕТКІЗІП ОТЫРАТЫН, ҚАЗІРГІ ҚОҒАМҒА ӨТЕ ҚАЖЕТ САЛА

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің назарына!

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Қоғамдық байланыс» саласын 2019 жылдан бастап енгізілетін білім беру бағдарламаларының жаңа тізбелерінен сызып тастамағаны жөн.

«Қоғамдық байланыс» қандай сала?

«Қоғамдық байланыс» – Еуразия жүрегі – Астана қаласы мен Қазақ елін саяси, экономикалық, әлеуметтік салалардағы әртүрлі отандық және халықаралық маңызы бар іс-шараларды ұйымдастыру арқылы әлемге танытатын, Қазақстан Республикасының дүниежүзілік имиджін қалыптастыратын сала.

«Қоғамдық байланыс» – Елбасымыздың, Парламентіміздің, Үкіметіміздің, министрліктердің, облыс және аудан әкімдіктерінің атқарып жатқан жұмыстарын жұртшылыққа дер кезінде хабарлап тұратын сала.

«Қоғамдық байланыс» – қоғамда орын алып жатқан өткір мәселелерге жедел түрде Елбасымыздың, Парламентіміздің, Үкіметіміздің, министрліктердің, облыс және аудан әкімдіктерінің назарын аударып, халықтың мұң-мұқтажын ресми билік орындарына жеткізіп отыратын сала.

«Қоғамдық байланыс» – еліміздің орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарында, ведомстволарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда (Мемлекеттік күзет қызметін қоспағанда) мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша ақпарат таратуды жүзеге асыратын, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлғаларды және уәкілетті бөлімшелердің қызметкерлерін оқытатын сала.

«Қоғамдық байланыс» – Интернет, әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат және коммуникация құралдары арқылы халық пен ресми билік орындарын, мемлекеттік мекемелерді және мемлекеттік емес ұйымдарды, банктер мен бизнес өкілдерін, кәсіпкерлік құрылымдарды бір-бірімен байланыстыратын сала.

«Қоғамдық байланыс» – ақпараттық-талдау және зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы заңдар мен ресми құжаттарды халыққа түсіндіріп, экономиканың әртүрлі салалары бойынша бағыт-бағдар беріп отыратын сала.

«Қоғамдық байланыс» – белгілі бір қызмет және тауар түрлерінің, идеялардың немесе жалпы ұйымдардың жағымды бейнесін жасап, қалыптастыруға және олардың абыройын жақсартуға бағытталған, мекеме, ұйым, кәсіпорынның сыртқы әлеммен өзара қатынасу үлгісін ұсынатын сала.

«Қоғамдық байланыс» – әлемнің өркениетті, озық елдерінде бұрыннан қалыптасқан, ал біздің елімізде нарықтық экономика жағдайында 90-шы жылдардың басында дами бастаған, әлеуметтік ғылымдардың бір саласы және ізденімпаз жастарға сапалы білім беретін сала.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Қоғамдық байланыс» саласы бойынша бітірген түлектеріміз:

- Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда, ведомстволарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда (Мемлекеттік күзет қызметін қоспағанда);

- Мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша ақпарат таратуды жүзеге асыратын, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті бөлімшелерде;

- Еліміздегі және шетелдердегі мемлекеттік және жеке меншік құрылымдарда;

- Баспасөз қызметтерінде, Баспасөз басқармалары мен Баспасөз бөлімдерінде, PR қызметтерінде, PR басқармалары мен PR бөлімдерінде және PR агенттіктерінде;

- Еліміздегі және шетелдердегі саяси, маркетингтік, зерттеу және консалтинг құрылымдарында;

- Ақпараттық-коммуникациялық құрылымдар мен Жарнама агенттіктерінде;

- Бұқаралық ақпарат құралдарында, Интернет-ресурстарда (Интернет-сайттарда), телеарналарда, радиоарналарда, әлеуметтік желілердегі маркетинг жүйесінде;

- Өнер және шоу-бизнес салаларында қызмет атқарып жүр.

Бүгінде «Қоғамдық байланыс» саласының мамандарына және біздің Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Қоғамдық байланыс» саласы бойынша бітірген түлектерімізге жұмыс берушілер тарапынан сұраныс өте жоғары!

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасына қарасты «Қоғамдық байланыс» білім беру бағдарламасының рейтингтік сапалық деңгейі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп өткізген арнайы сараптау жұмыстарының қорытындысы бойынша еліміздің жоғары оқу орындарының ішінде үздіктердің сапында екінші орынды иеленіп, қарашаңырағымыз – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен де жоғары екені дәлелденді!

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арнайы шақырған тәуелсіз сарапшылар Л.Н. Гумилев атындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қоғамдық байланыс» білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған:

- Университетіміздің «Қоғамдық байланыс» мамандығын бітірген түлектерімізді жұмысқа орналастыру бойынша түпкілікті нәтижелерімізді;

- «Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша гранттар мен бюджеттік қаражатты жоғары оқу орнына тарту бойынша жұмыстарымызды;

- Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының бизнеспен байланысын нығайтуға бағытталған бастамаларымызды;

- «Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша бітіріп шыққан түлектерімізге жұмыс берушінің қажеттілігіне сай келетін дағдыларды дарытудағы еңбектерімізді;

- «Қоғамдық байланыс» мамандығын оқып, бітірген түлектеріміздің жұмысқа орналасуы мен жалақысының деңгейін;

- Л.Н. Гумилев атындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Қоғамдық байланыс» мамандығының беделін көтерудегі іс-шараларымызды жоғары бағалады.

Сондықтан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Қоғамдық байланыс» саласын 2019 жылдан бастап енгізілетін білім беру бағдарламаларының жаңа тізбелеріне енгізгені жөн.

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

10.12.2018
Жақында, 2018 жылғы 28 қараша күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VIII Азаматтық форумы аясында азаматтық қоғам белсенділерімен өткізген арнайы кездесуіне Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының арнайы шақыруымен біз де қатысқан едік.
29.11.2018
Кеше, 2018 жылғы 28 қараша күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VIII Азаматтық форумына қатысқанын еліміздің барлық жетекші бұқаралық ақпарат құралдары жедел түрде хабарлап, жазып жатыр. Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының арнайы шақыруымен Президентіміздің азаматтық қоғам белсенділерімен өткізген арнайы кездесуінде біз де болдық. Осы орайда, Елбасымызбен осынау жүздесуден алған әсерімізбен қысқаша бөліскенді жөн көріп отырмын.
26.11.2018
Елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстанның қиыр оңтүстігінде жатқан Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын терең зерттеуге кеңінен жол ашып отыр.