ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР: ҚЫСҚАША ТАРИХЫ, ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ

Бесінші бағыт – үкіметтік емес ұйымдардың «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталған бастамаларына кеңінен жол ашу. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама» бекітілген болатын. Осыған сәйкес ел Үкіметінің 2013 жылғы 31 шілдедегі №750 қаулысымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру бойынша 2013 – 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды.

Қазақстан Республикасы Электрондық үкіметінің Интернет-ресурсында жарияланған «Жасыл экономика» – болашақтың экономикасы!» атты мақалада бұл мәселеге мынадай талдау жасалған:

«Жасыл экономика» дегеніміз не?

Қазіргі кезде біздің қоғамымызда «жасыл экономика» сөзінің мәнісін әркім әртүрлі түсінеді. Бірі бұл елдің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа саласы деп санайды. Басқалары бұл сөзді табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған жаңа технологиялар ретіндегі экожүйенің өзіндік түрі деп есептейді. Сондай-ақ, бұл экологиялық таза өнімдер өндіру мақсаты болып табылатын дамудың жаңа кезеңіне ауысу деп білетіндер де бар.

Жоғарыдағы анықтамалардың барлығы да осы сөздің нақты мағынасына өте жақын. «Жасыл экономика» – бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ түпкі пайдалану өнімдерін өндірістік айналымға қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл экономика», бірінші кезекте, қазіргі уақытта азаюға ұшыраған пайдалы қазбалар – мұнай, газ қорларын үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.

«Жасыл экономиканың» негізінде таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр. Мамандардың айтуы бойынша «жасыл экономиканы» дамыту, көптеген постиндустриалды елдерде өзінің ауқымдылығымен ерекше алаңдаушылық тудырып отырған экологиялық дағдарыстарды біздің елімізде болдырмауға мүмкіндік береді.

«РИО + 20» Саммитінен кейін Қазақстанның қоғамдық күштері «жасыл экономикаға» ауысу бойынша стратегияны іске асыруға бағытталып отыр. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша «жасыл экономикаға» бірте-бірте өту мәселесі бойынша арнайы тұжырымдама әзірленді. Тұжырымдамада бірінші кезекте экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған басым міндеттердің тізбесі ұсынылды.

«Жасыл экономикаға» ауысу аясында:

- қорлардың тиімділігін арттыру;

- қазақстандық инфрақұрылымдарды жетілдіру;

- халықтың әл-ауқатын жақсарту болжанады.

Тұжырымдаманы үш кезеңде іске асыру жоспарланған:

- бірінші кезең – 2013–2020 жылдар – қорларды пайдалануды оңтайландыру және табиғатты пайдалану қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ, «жасыл инфрақұрылымды» құру;

- екінші кезең – 2020–2030 жылдар – табиғи қорларды тиімді пайдалану, жоғары технологиялар негізінде жаңартылатын энергетиканы енгізу;

- үшінші кезең – 2030–2050 жылдар – олардың жаңартылуы жағдайында табиғи қорларды пайдалану негізге алынған, ұлттық экономиканың «үшінші өнеркәсіптік дамуы» қағидаттарына ауысуы.

«Жасыл экономиканы» дамытудың жеті негізгі бағыты белгіленген.

Бірінші бағыт – жаңартылатын энергия көздерін енгізу. Пайдалы қазбаларды ары қарай сақтау туралы мәселе ерекше маңызға ие. Біздің мемлекет табиғи қорлары өте бай ел ретінде танылған. Мұнай мен газ – бүкіл дүние жүзінде ең ірі энергетикалық қорлардың бірі ретінде жоғары бағаланады. Бірақ тіпті олардың өзі уақыты келгенде сарқылады. Демек өмір үшін жаңа ресурстар табу қажет.

Бұл ретте Қазақстанның жақсы экожүйеге, жер қыртысына және орманға бай болуы басқа елдер алдындағы өзінің артықшылық дәрежесін одан әрі айтарлықтай арттыра түседі.

Екінші бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі. Қалалық тұрғын үй қорының маңызды бөлігі кеңестік дәуірден кейінгі уақытта салынғандықтан, тұрғын үй кешендерінің көпшілігі тиімсіз жылу изоляциялық құрылымдармен және жылумен қамтамасыз ету жүйелерімен жабдықталған, ол көптеген және артық жылу шығындарына алып келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жылумен қамтамасыз ету құралдарының істен шығуының алдын алу және оны болдырмау саласындағы іс-шараларды жүзеге асыратын энергиялық сервистік компаниялары жұмыс істейді.

Үшінші бағыт – ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы. Бірінші кезекте бағыттың аталған түрі әртүрлі азық қоспаларынан, синтетикалық тыңайту өнімдері – пестицидтерден бас тартуды қарастырады. Бұл жерде дақылдық өсімдіктердің шығымдылығын, өсуін қамтамасыз ету үшін органикалық тыңайтқыштарды пайдалану туралы сөз болып отыр. Ауыл шаруашылығын «көгалдандыру» табиғи қорларға зиян келтірместен, халыққа азық-түлікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан мынадай бағыттар бойынша әрекет етуді жоспарлап отыр:

- жердің құнарлылығын басқару;

- суды тиімді пайдалану;

- өсімдіктер және жануарлар денсаулығын басқару;

- фермаларды механикаландыру.

Төртінші бағыт – қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Қалдықтарды басқару мәселесіне ерекше мән беру қажет болып отыр. Лас көшелер, үйінділер және басқа да қолайсыз көріністерді жиі кездестіруіміз осы салаға бақылаудың жоқтығын тағы да дәлелдей түседі.

Қалыптасқан жағдайларға байланысты қалдықтарды өндірістік қайталама өнім ретінде пайдалану ұсынылған. Осылайша, мысалы, қатты тұрмыстық қалдықтарды кешенді қайта өңдеу және балама отынды алу технологиясы Алматыда іске асырылуда.

Бесінші бағыт – су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру. Су – адамзаттың өмір сүруін және экожүйелердің тұтастығын қамтамасыз етудің шешуші табиғи құрылымы. Осыған байланысты су қорларын тиімді пайдалану – орасан маңызды мәселе.

Алтыншы бағыт – «таза көлікті» дамыту. Қазақстанда тасымалдау саласындағы жұмыстардың, көліктердің басым көпшілігі дизелді отын немесе жанар-жағар күшімен жүргізіледі. Бұл, бірінші кезекте парник газдарының ауаға таралу дәрежесінің жоғары болуына апарып соғады.

Жетінші бағыт – экожүйелерді сақтау және тиімді басқару. Осы бағыттағы жұмыстың басты бөлігі біздің еліміздің бірегей табиғат байлығын сақтауға бағытталған.

Иә, «жасыл экономика» еліміздің одан әрі дамып, өсіп-өркендеуі үшін жол ашып, басымдылықтар әкеледі деп үміттенеміз.

«Жасыл экономикаға» өту бастамасы барынша кеңінен таралып, үлкен қызығушылық тудырып отыр. «Жасыл экономика» бірінші кезекте ел экономикасының дамуына жағдай жасайды және ішкі жалпы өнімнің өсімін; еліміздің табыстарын ұлғайтуды; тұрғындар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішін азайта отырып, халық үшін жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді.

Бұл жерде «жасыл экономикаға» ауысу климаттың өзгеруі, пайдалы қазбалардың сарқылуы және су ресурстарының тапшылығы сияқты жаһандық қауіп пен тәуекелдердің дәрежесін төмендетеді.

«Жасыл экономиканы» дамыту бағдарламасы аясында Қазақстан экономикасының 10 шешуші секторына: ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика, балық аулау, орман шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, көлік, қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу, су қорларын басқару салаларына қажетті құралдар-жабдықтарды инвестициялау жоспарланып отыр.

«Жасыл экономикаға» өту құрылымдары. «Жасыл экономикаға» өту бірінші кезекте тиісті ұйымдарды құрумен қамтамасыз етіледі.

«Жасыл бизнес» академиясы. Академия жұмысының мақсаты – табиғи және өзге де ресурстарды жинау саласындағы саясатты тұрақты дамыту үшін бағдарламалар, жобалар және оқыту курстарын әзірлеу. Академияда онлайн-семинарлар өткізу, инновациялық әдістерді қолдану жоспарлануда.

Академияның онлайн-семинарлары қоршаған ортаны қорғау саласындағы сарапшылар мен мамандар арасындағы сұхбатқа, сондай-ақ «жасыл өсу» стратегиясын құруға бағытталған. «Жасыл өсу» және тұрақты даму тақырыбы бойынша жаңашыл электронды қорлар барлық студенттер үшін қол жетімді болады.

«Жасыл бизнес» академиясы тұрақты дамыту стратегиясын іске асыру жағдайында, әсіресе әлеуметтік қажеттіліктер, табиғи қорларды кешенді пайдалану саласы бойынша барынша тәжірибелік кәсіби жұмыс күшін дайындауға көмектеседі.

«Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы. Бағдарлама инвестициялық жобаларды іске асыру саясатын реформалау жолымен «жасыл бизнестің» жаңа салаларын құру және дамыту бойынша мемлекеттердің, халықаралық, ғылыми ұйымдардың және бизнестің бірлескен әрекеттеріне болжам жасайды. Бағдарламаның міндеті тек мемлекеттер мен аймақтар арасында ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен бизнес арасында да серіктестіктің жаңа деңгейін құру және көптеген үдерістер арасында байланыс орнату болып табылады.

«Жасыл көпірдің» мәнісі – «жасыл бизнестің» жаңа салаларын дамыту және ол үшін ұзақ мерзімді және тұрақты негіздерді құру арқылы экономиканы көгалдандыру. «Жасыл көпір» жаңашыл жасыл технологиялар негізінде жасалатын «жасыл бизнес» үшін қолайлы шарттар тудыру үшін төлемнің жаңа тетігін ұсынады.

«Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының» жобасында үкіметтік емес ұйымдардың «жасыл экономиканы» дамытуға үлес қосу мақсатындағы бастамаларын одан әрі дамыту үшін 2014-2020 жылдар аралығында мынадай іс-шараларды жүзеге асыру көзделген:

- ғаламтор мүмкіндіктері арқылы G-Global Интернет-ресурстарында, Астана Экономикалық форумында, ғалымдардың Астана Еуразиялық Экономикалық Клубының бейнеконференцияларында «жасыл экономика» бастамалары мен жобаларын ұжымдық түрде талқылау;

- «жасыл экономика» бойынша ұлттық және жергілікті кеңестер құру;

- депутаттар тарапынан «жасыл экономиканың» өзекті мәселелері бойынша салалық мемлекеттік органдарға арнайы сауалдар жолдануына ықпал ету;

- өңірлік үкіметтік емес ұйымдарының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуы және «жасыл экономикаға» өтуге үлес қосу бойынша арнайы жоспарлар құру;

- азаматтық сектор мүшелерінің «Жасыл көпір» қауымдастығына конкурстық негізде қатысуын қамтамасыз ету;

- мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға үлес қосу мақсатында, венчурлық қорлар, жергілікті, ұлттық және халықаралық бағдарламалар үшін «жасыл технологиялар» мен инновациялар конкурстарына қатысуды тұрақты түрде қамтамасыз ету;

- «жасыл технологиялар» саласында отандық өнертапқыштық жаңалықтарының ғаламтордағы көрмелерін ұйымдастыру;

- «жасыл экономика» бойынша көпшілік кітапханалары жүйесі арқылы сандық кітапханаларды, әсіресе, білім беру саласындағы бейнематериалдарды тарату;

- неғұрлым қолжетімді «жасыл технологиялар» мен инновациялардың арнайы тізімін жасау және оны тұрақты түрде жаңартып отыру;

- Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары мен «Индустриалдық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңға сәйкес «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған болашақтың энергетикасы технологияларының тізімін жасау;

- «жасыл тауарлар» мен қызмет түрлері тұтынушыларының, жаңашылдардың, журналистердің, оқу орындары оқытушыларының, сарапшылардың, оның ішінде «жасыл құрылыс», қалпына келетін баламалы қуат көздері, «еркін энергия» құрылымдары, биоэнергетика, қалдық ресурстарды жою, органикалық жер және перманентті егін шаруашылығы, экологиялық елді мекендер, тұрақты технологиялардың жаңа түрлері салаларында кәсіби қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтарын, желілерін құру;

- «жасыл» өркендеуді ілгерілетумен шұғылданатын парламентаралық ұйымдармен, соның ішінде қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы Globe парламентарийлері қауымдастығымен өзара ынтымақтастық байланыс орнату;

- 2015 жылдан кейін Қазақстанның БҰҰ құрылымдары арқылы Даму күн тәртібін қалыптастыруға қатысу белсенділігін арттыру.

Алтыншы бағыт – үкіметтік емес ұйымдардың «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» трендінің ұстанымдарын түсіндіру және оны дамытуға қатысуын қамтамасыз ететін жүйелерді ілгерілету. «Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 10 шілдедегі нөмірінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы жарияланған болатын.

Аталған мақаласында мемлекетіміздің басшысы:

«Қазақстан 20 жылдық шепті еңсерді.

Еліміздің алдынан жаңа перспективалар ашылды. Алайда, бірнеше жылдан бері әлем мазасыз күй кешуде. Дағдарыс жаһандық деңгейде еңсерілген жоқ және әлемдік қоғамдастық қысымды турбулентті жағдайда тұр.

Қазіргі әлем барлық плюстерімен және минустерімен төтенше деңгейде өзара байланысты болып отыр. Бұл – барлық елдер де есептесуге тиісті шындық. Оның үлкен, орташа және шағын елдердің бәріне де қатысы бар.

Осының барлығы мемлекеттен кесімді әлеуметтік саясат жүргізуді талап етеді. Және маған әлеуметтік мәселелерді әркез бақылауымда ұстап, оларға тұрақты түрде қайта оралуыма тура келеді.

Менің назарымдағы басты мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету», - дей келіп, осынау өзекті ойларын:

«Біз әлемдік дағдарыстың қиыншылықтары арқылы ХХІ ғасырға жаңа – ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫ трендінің қалай біртіндеп еніп келе жатқанын айқын көріп отырмыз. Либералдық бағыттағы да, сол сияқты социалистік бағыттағы да қиялшыл идеялар өткен ғасырдың еншісінде қалуда.

Әлеуметтік реализм іс жүзіндегі векторға айналуда.

Сондықтан біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫН құруға бағытталуы тиіс.

Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтардың ӘЛ-АУҚАТҚА және жаңа ӨМІР САПАСЫНА қол жеткізуін қамтамасыз ете алады», - деп түйіндеген болатын.

«Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының» жобасында үкіметтік емес ұйымдар Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында айтылған ұсыныстарды жүзеге асыруға мынадай бағыттарда атсалыса алатыны атап көрсетілген, олар:

1) Насихаттық жұмыс;

2) Зерттеу қызметі;

3) Еңбек адамының мүдделерін қорғау және қақтығыстардың алдын алу;

4) Әдістемелік және методологиялық қамтамасыз ету.

Насихаттық жұмыс. Елбасымыздың мақаласында әңгіме өзегіне айналған «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» ұғымын өмірде нақты қолданысқа енгізіп, санаға сіңіру мақсатында идеологиялық жұмысты күшейте түсуге тиіспіз.

Қоғамымыздың кейбір мүшелерінің, әсіресе, жастардың арасында: «Ештеңе жасамай-ақ, жақсы жалақы алатын қызмет орнын тауып алуға болады», - деген алдамшы әсер мен негізсіз үміт әлі де басым. Өкінішке қарай, жұмыс істегісі келмейтін, бірақ жоғары еңбекақы төлеуді талап ететін адамдар қатары аз болмай отыр.

Еліміз экономикасының алдында жаңа кәсіпорындар құру емес, керісінше, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын мықты мамандармен қамтамасыз ету міндеті өзекті мәселе болып тұр. Жастардың басым көпшілігі жандарын қинағысы, қара жұмыс істегісі келмейді, шетелдік жұмыс күшінің алдындағы бәсекеге төтеп бере алмайды.

Қалыптасып қалған мұндай ахуалды түбірімен өзгерту және «еңбек адамының» жағымды бейнесін жасау үшін кең ауқымды насихаттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіспіз. Осы мақсатта тұрғындардың барлық әлеуметтік топтарын қамти отырып, жұмыстың әртүрлі түрлерін пайдаланып, ауқымды ақпараттық іс-шараларды жүзеге асыруға қоғамдық ұйымдардың мүмкіндіктері жеткілікті.

Үкіметтік емес ұйымдар қоғамымызда «еңбек», «еңбек ету» ұғымдарының құндылығын қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды кезең-кезеңімен жүйелі жүзеге асыра алар еді.

Сонымен бірге қоғамдық ұйымдар әлеуметтік және еңбек қатынастарының барлық субъектілері арасында жұмыспен қамту саласын жетілдірудің қажетті ең басты шарттарының бірі ретінде олардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру барысында маңызды қызмет атқаруы қажет.

Бұл үшін жалдамалы жұмысшылардың құқықтық білімін көтеру ісін ұйымдастыру, кең ауқымды насихат жұмыстарын жүргізу, тиісті ақпараттық түсініктемелер беретін, еңбек заңнамаларының негізгі қағидаларын көпшілікке ұғынықты тілмен жеткізетін материалдар шығару – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі.

Зерттеу қызметі. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға үлес қосу мақсатында оқу орындары бітірушілерінің өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу деңгейін және келешек үшін өте қажетті мамандықтарды анықтау үшін егжей-тегжейлі зерттеу жұмыстарын жүргізуге үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктері әбден жетеді.

Бүгінде жоғары оқу орындарын аяқтаған көптеген жас мамандар екінші, тіпті үшінші қосалқы мамандықтар алу үшін қалталарынан қаржы жұмсап, қайтадан оқып жатыр. Бұл жағдай олардың алғашқы мамандықтарының нақты өмірде қажет болмай қалуының салдарынан орын алып отыр.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде бірінші бітірген жоғары оқу орнында алған білімі мен біліктілігі кәдеге аспай қалып, қосымша жоғары білім алуға мәжбүр болып жүрген жас адамдардың нақты саны туралы айқын ақпарат жинақталмаған. Сол себепті еңбек нарығындағы осындай ахуалға терең талдау жасап, жүйелі мониторинг жүргізіп, белгілі бір уақыт аралығында қажет болатын мамандықтарды дәл анықтауға, еңбек нарығының даму сипатына болжам жасауға үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктері мен күш-қуатын пайдалану қажет.

Еңбек адамының мүдделерін қорғау және қақтығыстардың алдын алу. Бәрімізге белгілі болып отырған ащы ақиқаттың бірі – жер-жердегі кәсіподақ ұйымдарының қарапайым еңбек адамының қорғаушысы бола алмай отырғаны. Тіпті көп жағдайда олар қатардағы жұмысшылардың емес, керісінше, кәсіпорын басшыларының мүдделерін жүзеге асыратын, сол мақсатта жұмыс істейтін әкімшілік орындарының қосымша құрылымдық бөлімшелеріне айналып кеткен. Соның салдарынан кәсіподақ ұйымдары пайда болған еңбек қақтығыстарына жол бермей, ондай ахуалдың алдын алу былай тұрсын, мәселені одан әрі ушықтыруға апарып соғатын, жұмыс сапасына теріс ықпал ететін жағдайдың туындауына өздері себепкер болады.

Қарапайым жұмысшылар мен қызметшілердің мүдделерін қорғауы тиіс кейбір кәсіподақ ұйымдарының осындай әрекеттерінің салдарынан орын алатын қақтығыстар кейде созылмалы және тұрақты сипат алып, еңбек даулары қайтадан пайда болып жатады. Мұндайда қоғамды бүлдіруші күштер билікті өз қолдарына алып, арандатушылық іс-әрекеттерін белсенді түрде жүргізіп, ереуілдер мен қарсылық акцияларына ұластырып жіберетін жағдайлар да аз кездеспейді.

Міне, осындай кезде еңбек адамдарының мүддесін білдірудің және қорғаудың тәуелсіз жүйесін үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асыра алар еді. Жоғары жақтан берілген арнайы нұсқаудың күшімен емес, «төменгі» жақтан бастау алған, қарапайым еңбек адамдарының өз бастамаларымен және жүрек қалауларымен құрылған ұйымдар ғана жұмысшылар мен қызметкерлердің мүдделерін шын мәнісінде қорғай алады.

Үкіметтік емес ұйымдар кәсіпорындарда еңбек заңнамаларының орындалуына мониторинг жүргізуге қабілетті. Сонымен бірге жұмысшылардың, кәсіпорын әкімшілігінің және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өзара сұхбаттасу және келісім алаңдарын құра отырып, қызметкерлердің мүдделерін білдіруге мүмкіндігі жеткілікті.

Үкіметтік емес ұйымдар мүшелерінің арасынан кәсіби медиаторларды дайындау – қазіргі кезде өте маңызды болып отырған қажеттілік. Өйткені дамыған өркениетті елдерде белгілі бір қақтығыстар мен келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей шешу жүйесі қоғамның күнделікті өміріне мықтап еніп, дәстүрге айналған. Сол арқылы шиеленістерді одан әрі ушықтыруға жол берілмей, мәселе дер кезінде шешімін тауып, дұрыс нәтижесін беріп келеді.

Шетелдердегі осындай оң тәжірибелердің кеңінен пайдаланылуы, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан медиация бағытының дамытылуы, ұлттық және ірі жеке меншік компаниялардағы түрлі қақтығыстар мен шиеленістерді бейбіт жолмен реттеу мақсатындағы арнайы орталықтар құрылуы аса маңызды.

Әдістемелік және методологиялық қамтамасыз ету. Үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметі барысында барынша мән берілуі тиіс өзекті мәселенің бірі – білім беру саласындағы сан-саналы қызметтің әдістемелік және методологиялық қамтамасыз етілуі болып табылады.

Нақты айтсақ, Қазақстанның қазіргі жағдайдағы білім беру жүйесінде оқу үдерісінің іс-тәжірибелік жағына жеткілікті түрде мән берілмейтіні, білім алушылардың жеке-дара ерекшеліктеріне нашар назар аударылатыны құпия емес. Осыған орай, баланың қабілет, дарынын жас кезінен бастап анықтап, оның болашақ мамандығын ертерек айқындап алуына көмектесу мақсатындағы кәсіптік бағыт-бағдар беру жұмыстарын күшейтуіміз қажет.

Мектеп бітірушілердің басым көпшілігі жоғары оқу орындарына өздерінің жүрек қалауларымен, өз таңдауларымен түспейді. Соның салдарынан олар студенттік өмірдің алғашқы айларында-ақ білім алуға деген қызығушылықтары төмендеп, сабақтар барысында үлгермеушілікке жол береді, ақыр соңында оқудан шығып қалып жатады.

Үкіметтік емес ұйымдар жас ұрпаққа білім және тәрбие беру саласындағы осындай олқылықтардың алдын алуға үлес қосу мақсатында кәсіптік мектеп оқушылары мен бітірушілері арасындағы кәсіптік бағыт-бағдар жұмыстарын әдістемелік және методологиялық жағынан қамтамасыз ету үшін:

- баланың қабілет, дарынын ерте кезден бағалаудың тиімді және жүйелі тәсілдерін анықтау;

- осы сала бойынша арнайы оқу құралдарын жасау ісіне балалардың қызығушылықтарына талдау жасау саласының үздік сарапшыларын тарту;

- отандық және халықаралық мамандардың қатысуымен ата-аналарға арналған арнайы оқу құралдарын жасау;

- баланың қандай салаға және қандай бағытқа бейім екенін бағалау және оған талдау жасау ісіндегі жинақталған әдіс-тәсілдер бойынша ата-аналарға арналып түсінікті тілмен жазылған оқу құралдарын дайындау;

- балалардың заңды өкілдері арасында өскелең ұрпақтың жас ерекшеліктеріне байланысты олардың өмір жолының қалыптасу кезеңдері туралы тиісті түсінік жұмыстарын жүргізу;

- балаларға кәсіптік бағыт-бағдар беру және олардың қабілеттері мен дарындық ерекшеліктерін, қандай мамандық түріне бейім екенін ерте кезден анықтау ісінің үздік үлгілерін әдістемелік оқу құралы ретінде жазып, дайындау;

- балалар мен жастардың барлық жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың арасында кәсіптік бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүзеге асыру бойынша қажетті баспа материалдарын басып шығару;

- балалар мен жастарға кәсіптік бағыт-бағдар беру жөніндегі әдістемелік оқу құралдарын қоғамымыздың барлық мүшелері арасында кеңінен тарату жұмыстарын жүзеге асыруы тиіс.

«Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының» жобасында үкіметтік емес ұйымдардың Елбасымыз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында ортаға салған ұсыныстарды жүзеге асыруға үлес қосу мақсатындағы бастамаларын одан әрі дамыту үшін 2014-2020 жылдар аралығында мынадай іс-шараларды жүзеге асыру көзделген:

- еңбек адамының жағымды бейнесін қалыптастыру бойынша тиісті насихаттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

- «Табысқа жету – әр адамның ісі» атты Республикалық акция аясында жастар арасында олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымға деген ішкі дайындығын қалыптастыру бойынша өз күштерімен жетістікке жеткен танымал тұлғалардың тәжірибелерін оқып-үйренуге бағыт-бағдар беретін ақпараттық-насихаттық науқан ұйымдастыру;

- еңбек заңнамаларының, оның ішінде зейнеткерлік реформалардың негіздері бойынша ақпараттық-түсінік беру, жалпы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстарын жүргізу;

- өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, құқықтану салалары бойынша «Адамның кәсіби өсу картасын» жасау және қолданысқа енгізу (мұндай «Картаны» жасау арқылы қызметкердің жаңа лауазымға тағайындалу шарттарын көрсете отырып, кәсіптік саты бойынша көтерілу жолын танытуға мүмкіндік жасалар еді);

- қазіргі еңбек нарығының жағдайына талдау жасау және оның болашақтағы даму мүмкіндіктеріне болжам жасау бойынша жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізу (мұндай зерттеулерде қайтадан білім алған, яғни екінші немесе одан да көп кәсіптік білім алған студенттердің саны туралы мәліметтер жинақталады);

- баланың қабілеті мен дарынын оның жас кезінен ерте анықтау және одан әрі оны өзі бейім болашақ мамандығына баулу жөніндегі кәсіби бағыт-бағдар жұмыстарын жүргізу;

- оқушылардың арасында кәсіптік бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргізуді әдістемелік және методологиялық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

- халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен ата-аналарға арнап балалардың белгілі бір кәсіпке немесе мамандыққа бейімділігін ертерек анықтау және соған сәйкес тиісті бағыт-бағдар беру бойынша оқу құралдарын басып шығару;

- кәсіпорындардағы еңбек заңнамаларының сақталуына мониторинг ұйымдастыру;

- еңбек саласындағы қақтығыстар мен шиеленістерді сотқа жеткізбей шешу жүйесін дамыту, яғни медиаторлар дайындау, ұлттық және ірі жеке меншік компаниялардағы қақтығыстар мен шиеленістерді бейбіт жолмен шешу мақсатындағы орталықтарды ашу.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсының бас редакторы, Астана қаласы.

 

07 қараша, 2014 жыл.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

24.04.2017
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мектептер мен колледждердің 2017 жылғы түлектерін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша оқуға шақырады!
21.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығыеліміздің бастауыш, негізгі орта және жалпы ортабілім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» аттыРеспубликалықконкурсын жариялайды.Конкурсқа мектеп мұғалімдерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады.Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі.Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
19.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдерінің және балалар бақшалары тәрбиешілерінің арасында өздері жүргізетін сабақтарының ғылыми-әдістемелік салаларынан ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстар жазу бойынша Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – ЗЕРТТЕУШІ» конкурсын жариялайды. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған жұмыстар қабылданады.