ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР: ҚЫСҚАША ТАРИХЫ, ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ

Төртінші бағыт – меценаттық, қайырымдылық мәдениеті және әлеуметтік жауапкершілік құрылымдарын дамыту. «Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының» жобасында қарастырылған, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін одан әрі дамытуға арналған іс-шаралар жүйесінде атап көрсетілген төртінші бағыт меценаттық, қайырымдылық мәдениеті және әлеуметтік жауапкершілік құрылымдарын дамыту мәселелеріне арналған.

Зерттеушілер өз еңбектерінде қайырымдылық ұғымына мынадай анықтама береді:

Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады.

Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар:

- бірі – рухани-экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау);

- екіншісі – іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу).

Сондай-ақ, қайырымдылық этикалық және интеллектуалдық болып та бөлінеді. Этикалық қайырымдылыққа ұстамдылық, батылдық, жомарттық, әділдік жатады. Ал интеллектуалдық қайырымдылыққа даналық, парасат, ақыл-ой тапқырлығы мен өткірлігі, сезімталдық жатады. Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау – қайырымдылықтың көрінісі. Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ал ешкімге жаны ашымайтын, жүрегінің жылуы жоқ, қатыгез адамды қайырымсыз деп атайды. Қайырымдылықты – мүсіркеушілік және жарылқаушылық деп те түсінуге болады. Ол кейде кедей-кепшік, жарлы-жақыбай жандарға көмектесумен, қайыр-садақа берумен де көрініс табады. Қазір біздің елімізде түрлі қайырымдылық қорлары ұйымдастырылған, қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп тұрады (Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. – 344 б. – ISBN 9965-822-10-7).

Ал қаржы және экономика салаларындағы қайырымдылық – ауқатсыз азаматтарға немесе заңды тұлғаларға мүлік, соның ішінде ақшалай қаражат нысанында, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға олардың жарғылық қызметін қолдау мақсатымен тегін әлеуметтік қолдау (көмек) көрсету деп түсіндіріледі (Қаржы-экономика сөздігі. – Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007. – ISBN 978-601-215-003-2).

Сондай-ақ «Қазақ энциклопедиясында» жарияланған мақалада жомарттық ұғымына мынадай анықтама берілген:             Жомарттық, жауанмәрттілік – адам бойындағы ізгі қасиет. Абайдың 38-ші қара сөзінде жауанмәрттіліктің үш сипаты айтылады. Олар: шындық (сидық), ақ пейілділік (кәрәм), даналық (ғақыл). Осы үш сипаттан тағы үш түсінік тарайды: шындықтан – әділет, ақпейілділіктен – шапағат, даналықтан (ғақылдан) – ақиқат мағлұм болмақ. Бойында осындай қасиеттері бар жан жомарт аталса, оның жасаған істері жомарттық деп аталады.

Абай мұндай адамдар қатарына пайғамбарларды, әулиелер мен хакімдерді жатқызады. Адамның бәрі пайғамбар, әулие, хакім бола алмағанымен, жомарттық – осы жолға бастайтын қасиет.

Жомарттық әлем халықтары түсінігіндегі меценаттық ұғымымен мәндес. Ежелгі Грекияда Август патша кезінде өмір сүріп, ақындарға ұдайы қамқорлық жасаған Меценат (б.з.б. 74/64 – 8 жыл) есімді адамның құрметіне әлем мәдениеті тарихында меценаттық дәстүр қалыптасқан.

Бүгінгі күнгі қазақ ұғымында мұндай іс демеушілік деп те аталады. Бұл түсініктегі жомарттық – қолында байлығы бар азаматтың мұқтаж жандарға жасайтын қайырымдылық көмегі.

Қайырымдылық – жомарттың негізгі өзегі. Өзін өзі насихаттау үшін жасалған қайырымдылық жомарттыққа жатпайды. «Жомарт бергенін айтпас, ер айтқанынан қайтпас» деген қазақ мақалы осыны айғақтайды.

Қайырымдылық мәнін оны жасаған адам емес, сол қайырымдылықтың игілігін көрген адам түйсінуі керек. Сондықтан да жомарттық жасау рухсыз адамның қолынан келмейді. Біріншіден, ізгі іс биік рухты талап етеді. Екіншіден, жомарт жан қолындағы байлықты тек таратып беруші ғана емес, сол байлықты жасаушы да болғаны жөн. Барды үлестіріп беру үшін барлықтың мәнін түсіну керек. Олай болмаған іс жомарттық болмай, Абай айтқандай, тектен-текке «мал шашпақ» болады (Қазақ энциклопедиясы, 4 том).

Дала тұрғындарының дәстүрлі әдет-ғұрыптарының бірі – асар. Онда ауыл тұрғындары ешқандай ақы алмастан бірлесе жұмылып, біреудің белгілі бір жұмысын бітіріп береді. Мәселен, олар біреудің қысқы баспанасын немесе мал қорасын салып беруге, сондай-ақ құдығын қазып беруге жұмыла көмектеседі. Асар ауылдас отырған рулас адамдардың туысқандығы мен ынтымақ бірлігінің жарқын көрінісі болып табылады. Асарға шақырылғанда оған бармай қалу әдепсіздік саналатын. Қазақтар XX ғасырдың бас кезінде осы әдет-ғұрыпты пайдаланып, көптеген жерлерде зайырлы мектептер және мешіттер салып алды.

Қазақ даласында жұртшылық деген әдет-ғұрып та кеңінен тараған. Оның мәні белгілі бір себеппен белшесінен қарызға батып, оны төлеуге жағдайы жоқ туысқан адамға рулас ағайын-туғандарының көмек көрсетіп, қарызынан құтылуына көмектесуі болып табылады. Мұндай көмек ауыл ақсақалдары кеңесінің шешімі бойынша көрсетіледі. Қазақтардың ауызбірлігінің, өз жақындары мен туыстарына жанашырлықпен жәрдем жасауының бір көрінісі, міне, осындай.

Қазақтарда жылу жинау әдет-ғұрпы да бар болатын. Оның мәні кездейсоқ жағдайда үйі өртеніп кеткен немесе дұшпанның шабуылынан, қатал қыстың ауыртпалығынан, су тасқынынан, аштықтан зардап шеккен отбасыларына ауылдас немесе туысқан адамдардың көмек көрсетуі болып табылады. Олар зардап шеккен жандардың алдына қолдарынан келгенінше мал салып береді, киім-кешек, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ жағынан көмек көрсетеді, бастарына шаңырақ көтеруіне жәрдемдеседі. Мұның өзі зардап шегіп, қиналған ағайынға жаны ашығандықтың, қамқорлық жасағандықтың көрінісі еді.

Малды ауылда мал өлімі мен шығыны болмай тұрмайтыны белгілі. Ауқатты адамдардың малы өлсе, оның ештеңесі кетпейді. Егер ауыл ішіндегі тұрмысы төмен кедейдің малы шығын болып адал өлсе, оның жөні басқа. Мұндайда әлгі пышаққа ілінген ірі малды ауыл адамдары сойып, оның 12 жілігін бір-бір ұсақ малға балап, бөліп әкетеді. Бұл дәстүр қазақ ғұрпында қызыл көтеру деп аталған (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. – Алматы: DPS, 2011. – ISBN 978-601-7026-17-2; Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т. Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр – 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-ші сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Атамұра, 2008. – 352 бет, суретті, карталы. – ISBN 9965-34-816-2).

Ислам мәдениетіндегі вакуф (вакф), зекет ұғымдарын да мамандар қайырымдылықтың бір түрі ретінде қарастырады.

Вакуф, вакф – Дели сұлтандығындағы мешіттер мен медреселердің жер иеліктері. Ол мекемелер жабылып қалған жағдайда жер қайтадан мемлекет қарамағына көшіп отырған.

Зекет (араб.: زكاة – тазарту) – мұсылмандардың бес парызының бір, яки мұсылмандықтың төртінші шарты, қоғамдағы кедейлерге берілетін міндетті садақа. Шариғат бойынша, кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар ғана жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруге міндетті.

Тұрмысы төмен адамдар мен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетудің халықаралық тәжірибесі де жеткілікті. 1905 жылы АҚШ-та пайда болған Rotary қозғалысының ауқатты мүшелері кәсіби салалар мен қоғамның жағдайын жақсарту үшін өз үлестерін қосып, көмек беріп отырған.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ағылшындық The Body Shop, американдық Ben & Jerry"s және канадалық Van City компаниялары қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілік пен есептілік жобаларын алғаш рет қолданысқа енгізді.

1995 жылы Еуроодақтың жетекші компаниялары Corporate Social Responsibility-Europe бастамасы деген жүйенің негізін қалады, оған бүгінде 80-ге жуық ірі корпорациялар кіреді.

1999 жылы Ұлыбританияда ірі компаниялар қызметінің этикалық, әдептілік жағын сарапқа салып, бағалайтын әлеуметтік аудит тұрғысындағы Account Аbility 1000 халықаралық стандарты жасалды.

2000 жылы БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннанның бастамасымен адам құқығын, еңбек қатынастарын және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы тоғыз түрлі ұстанымды қолдау мақсатында бизнес пен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіруге шақырған Ғаламдық пакт құрылды.

Венгрияда қайырымдылықтың мәртебесін нақты айқындап берген арнайы заң қабылданған.

Орталық және Шығыс Еуропаның көптеген мемлекеттерінде коммерциялық емес ұйымдардың қаржылай тұрақтылық мәртебесін қамтамасыз етуге, оларға салықтық жеңілдіктер жасауға бағытталған нормативтік құқықтық құжаттар қабылданған.

Өкінішке қарай, Қазақстандағы қайырымдылықтың тарихы, оның қалыптасу ерекшеліктері, даму болашағы бағытында арнайы зерттеулер жүргізілмеген.

Ресми деректер бойынша қайырымдылық жасау дәрежесі бойынша әлемнің көптеген елдерінің соңында тұрмыз. 2012 жылы жарияланған мәліметтер бойынша қайырымдылықтың әлемдік рейтингі бойынша Қазақстан 146 елдің ішінде – 115 орынға, ал 2011 жылы 153 елдің ішінде – 110 орынға тұрақтаған.

Елімізде қолданылатын заңдар мен басқа да заңнамалық құжаттарда жоғарыда аталған ұғымдар арасындағы демеушілік көмек және қайырымдылық көмек ұғымдарына ресми түрде құқықтық анықтама берілген.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы Кодексінің 12-ші бабы бойынша:

- демеушілік көмек – осы көмекті көрсететін тұлға туралы ақпаратты тарату мақсатында өтeуcіз негізде:

жеке тұлғаларға жарыстарға, конкурстарға, көрмелерге, байқауларға қатысу үшін және шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, өнертапқыштық қызметтерін дамыту, білім және спорт шеберлігі деңгейін арттыру үшін қаржылық (әлеуметтіктен басқа) қолдау түрінде; коммерциялық емес ұйымдарға өздерінің жарғылық мақсаттарын іске асыру үшін берілетін мүлік;

- қайырымдылық көмек – өтеусіз негізде:

жеке тұлғаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында;

коммерциялық емес ұйымдарға жарғылық қызметін қолдау мақсатында;

әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға аталған ұйымдардың осы Кодекстің 135-бабының 2-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында; әлеуметтік салада осы Кодекстің 135-бабының 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға берілетін мүлік.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы Кодексінің 135-бабына сәйкес қызметін әлеуметтік салада жүзеге асыратын ұйымдарға осы тармақта көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын, өтеусіз алынған мүлік түріндегі табыстар және депозиттер бойынша сыйақылар ескеріле отырып, олардан алынатын табыстар осындай ұйымдардың жылдық жиынтық табысының кемінде 90 процентін құрайтын ұйымдар жатады.

Әлеуметтік саладағы қызметке мынадай қызмет түрлері:

1) косметологиялық, санаторий-курорттық қызметтерді қоспағанда, медициналық қызметтер көрсету;

2) білім беру қызметін жүргізу құқығына тиісті лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, сондай-ақ қосымша білім беру, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту жөнінде қызметтер көрсету;

3) ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері жүзеге асыратын ғылым (ғылыми зерттеулер жүргізуді, автордың ғылыми зияткерлік меншікті пайдалануын, оның ішінде іске асыруын қоса алғанда), спорт (коммерциялық сипаттағы спорттық ойын-сауық іс-шараларынан басқа), мәдениет (кәсіпкерлік қызметтен басқа), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени игілік объектілерінің тізіліміне немесе Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра мен мәдени құндылықтарды сақтау (ақпарат таратуды және насихатты қоспағанда) бойынша қызметтер көрсету саласындағы, сондай-ақ балаларды, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызмет;

4) кітапхана қызметі жатады.

Осы тармақта көзделген ұйымдардың табыстары олар көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруға жұмсалған кезде салық салуға жатпайды.

Қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілік, қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет салаларына кейінгі кезде еліміздің халық қалаулылары назар аудара бастады.

Үстіміздегі жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының тұсаукесері өткізілді.

«Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы» заң жобасы түрлі себептермен өмірдің қиын жағдайына тап болған ел азаматтарына және азаматтығы жоқ тұлғаларға көмек көрсету және қолдау саласында құқықтық базаны құру мақсатында әзірленген.

Қазіргі уақытта заңнамада қайырымдылық мүмкіндіктері, оны іске асырудың заманауи тәсілдері жеткілікті түрде ынталандырылмаған қалпында қалып отыр. Сонымен бірге әлеуметтік, экономикалық және құқықтық саясаттың мықты қабатын құрайтын қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметтің құқықтық ерекшеліктері жасалмаған.

Қазақстан Республикасын әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде белгілеу қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметті іске асыру үшін осындай қызметтің әлемде танылған үлгілерге сәйкес құқықтық негіздерді жасау қажеттілігін айқындайды.

Заң жобасын қабылдау заңнамалық деңгейде әлеуметтік өмірдің түрлі саласы мен ортасында мүдделі тұлғалардың қызметімен қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметті іске асырумен байланысты қатынастардың құқықтық реттеуін бекітуге, осы қызметке қатысушыларды үйлестіруге және өзара ынтымақтасуға ықпалын тигізер еді.

Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы» заң жобасын іске асыру мақсатында әзірленген.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының редакциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындайды. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қайырымдылық, демеушілік және меценаттыққа қатысты заңнаманың нормаларын жүйелендіреді.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының 3 Кодексіне – Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі), Бюджет және Азаматтық кодекстеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеті Заңының – «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Мәдениет туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңдарының қолданыстағы редакциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

«Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының» жобасында осы салада орын алып отырған мынадай бірқатар өзекті мәселелер атап көрсетілген:

- қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет мәселелерін реттеп, үйлестіретін заңнамалық құжаттар әлі де жетілдірілмеген қалпында қалып отыр;

- жұмысы бір жүйеге түсірілмеген, қағаз жүзінде ғана «қызмет істейтін» қайырымдылық қорларының қатары көп;

- қайырымдылық қорлары арқылы бөлінген қаржының мақсатты топтарға жетпей, талан-таражға түсуі жиі көрініс тауып жүр;

- қайырымдылық қорларының қызметінде жариялылық пен ашықтық жетіспейді, оларға бөлінген қаражаттың қайда және қандай мақсаттарға жұмсалып жатқанынан қарапайым халық бейхабар;

- қайырымдылық мақсатта бөлінетін қаржылай және заттық үлеске, осы салада өз бетімен жұмыс істегісі келетін еріктілер еңбегіне шектеулер қойылған, еріктілердің және олардың қызметінің құқықтық негізі жасалмаған;

- қайырымдылық көмек көрсету мүмкіндіктері туралы ашық ақпараттардың жариялануы жеткіліксіз дәрежеде;

- қоғамның көмекке мұқтаж мүшелеріне ешқандай риясыз жәрдем беру мәдениеті әлі де қалыптаспаған;

- белгілі бір адамдарға немесе ұйымдарға қаржылай немесе заттай көмек көрсету қажеттігіне мемлекеттік органдар тарапынан еріксіз міндеттеу, «көлеңкелі» қайырымдылық жаппай орын алып отыр;

- қайырымдылық іс-шараларын өзін-өзі тегін жарнамалау ретінде пайдалану пиғылы басым.

«Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының» жобасында елімізде қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметті одан әрі дамыту мақсатында 2014 – 2020 жылдар аралығында мынадай іс-шараларды жүзеге асыру ұсынылған:

- Қазақстанда қайырымдылықты дамыту мәселелерін және ондағы үкіметтік емес ұйымдардың маңызын талқылау бойынша республикалық деңгейде және жергілікті жерлерде «дөңгелек үстелдер», семинарлар және конференциялар өткізу;

- қайырымдылық бойынша шетелдік тәжірибелерді және оның әралуан үлгілері мен түрлерін зерттеп, білу және оларды отандық жағдайға лайықтап, қалыптастыру;

- азаматтардың өз табыс салықтарының бір бөлігін нақты үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қолдауға жұмсауына мүмкіндік беретін, қайырымдылық жасауды жүзеге асыру жолындағы кедергілерді алып тастайтын, салықтық, әлеуметтік және басқа да қосымша ынталандыру шараларын жасау мақсатында арнайы талдау жұмыстарын жүргізу және заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

- еріктілердің еркін еңбек етуіне кепілдік беру, еріктілік қызметінің алдында кездесетін кедергілерді жою мақсатында қолданыстағы заңнамаларға талдау жасау және тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

- әлеуметтік жауапкершілік және меценаттық деңгейінің өсуін ынталандыру бойынша ауқымды және кең түрде түсінік жұмыстарын жүргізу, әртүрлі аумақтар бөлігі бойынша әлеуметтік жауапты компаниялардың болуын қажет ететін салаларды анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізу;

- Қазақстандағы қайырымдылық қызметінің тарихын кеңінен жариялайтын «Қайырымдылық тамырлары», «Қазақстандағы қайырымдылық бастаулары», «Қайырымдылық мәдениеті» және басқа да тақырыптар бойынша ақпараттық науқандар өткізу, кәсіпорындар мен компаниялардың әлеуметтік жауапкершілік бойынша жемісті жобаларының мысалдарын жұртшылыққа жеткізу;

- аумақтар бөлігі бойынша қайырымдылықты дамыту дәрежесін анықтау бойынша қоғамдық сараптама жұмысын жүргізу және осы саладағы жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу;

- азаматтар, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес тарапынан жасалған қайырымдылық іс-қимылдарының мысалдары мен үлгілері туралы арнайы репортаждар сериясын ұйымдастыру;

- Қазақстандағы қайырымдылық бойынша ғаламтордан арнайы ұлттық веб-портал құру;

- өте мұқтаж және тиісті ақысын төлей алмайтын тұлғаларға жоғары кәсіби білікті қызмет түрлерінің белгілі бір дәрежедегі ауқымын тегін немесе жеңілдікпен ұсыну арқылы белсенді қайырымдылық жасауды ынталандырудың жүйелерін жасап, енгізу.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсының бас редакторы, Астана қаласы.

 

03 қараша, 2014 жыл.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

24.04.2017
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мектептер мен колледждердің 2017 жылғы түлектерін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша оқуға шақырады!
21.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығыеліміздің бастауыш, негізгі орта және жалпы ортабілім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» аттыРеспубликалықконкурсын жариялайды.Конкурсқа мектеп мұғалімдерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады.Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі.Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
19.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдерінің және балалар бақшалары тәрбиешілерінің арасында өздері жүргізетін сабақтарының ғылыми-әдістемелік салаларынан ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстар жазу бойынша Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – ЗЕРТТЕУШІ» конкурсын жариялайды. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған жұмыстар қабылданады.