ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР: ҚЫСҚАША ТАРИХЫ, ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ

Үшінші бағыт – мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың салалық ынтымақтастығын кеңейту. Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының қызметі мен маңызы нығайтылып, әсіресе, әлеуметтік салалардағы мемлекеттік органдардың қызметтік міндеттері бірте-бірте соларға берілуі тиіс. Бүгінде еліміздің үкіметтік емес ұйымдары жастар саясаты, білім, денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру, экология және қоршаған ортаны қорғау, құқық қорғау және заңгерлік көмек беру, қарт адамдармен және мүгедектермен жұмыс істеу, гендерлік саясат, мәдениетті дамыту және осы секілді көптеген салаларда өз жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Көптеген үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырып жатқан әртүрлі бағыттардағы әлеуметтік маңызды жобалардың ресурстық көздері негізінен халықаралық қорлардың гранттары, жеке тұлғалардың қайырымдылық және демеушілік көмектері немесе мемлекет қаржысы болып табылады. Осы орайда, қаржыландыру деңгейінің арасалмақтық қатынасы әрқалай екеніне назар аударғымыз келеді.

Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік-маңызды қызметін қаржыландыру – бүкіл әлемде жеткілікті түрде таралған тәжірибе болып табылады. Қазақстан Республикасы бюджетінен үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру 2003 жылдан бастап 2003-2005 жылдарға арналған үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау бағдарламасының қабылдануымен қолға алынды.

Бүгінде мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың салалық ынтымақтастығын орнықтырудың негізгі қаржылай құралы республикалық деңгейде де, жергілікті деңгейде де, ол – мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа негізделген. Үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі қызметтердің ақысын төлеу» бюджеттік жүйесі бойынша жүргізіледі.

Әртүрлі салалардағы әлеуметтік тапсырыстарды және олардың орындалуын қадағалап, мониторинг жүргізіп отыру үшін әдістемелік және талдау жұмыстары жүргізіліп отырады, бұл істі жүзеге асыратын өкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі (бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрлігі) белгіленген.

2012 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты республикалық деңгейде Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет, Қоршаған ортаны қорғау, Ауыл шаруашылығы министрліктері, сонымен қатар Спорт және дене тәрбиесі, Дін істері агенттіктері атқарып келді. Ал жергілікті жерлердегі үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылатын әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды облыстық және аудандық әкімдіктер жанындағы ішкі саясат, денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт басқармалары мен аудандық және қалалық ішкі саясат бөлімдері жүзеге асырады.

2005 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заңы мемлекет пен үкіметтік емес сектордың арасындағы іс-қимыл тарихының жаңа беттерін ашты. Бұл Заң мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар серіктестігінің негізіне айналды. 2003 жылы мемлекеттік бюджеттен үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру 11 млн. теңгені құрап, 2012 жылы аталған көрсеткіш 4,7 млрд. теңгеге дейін жетті.

Жоғарыда айтқанымыздай, еліміз мемлекеттiк органдарының және үкiметтiк емес ұйымдарының мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруы барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуiрдегi №36 Заңы реттейдi.

Осы Заңның 1-ші бабының 2) тармағы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс – мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруға шарт жасасу арқылы бюджет қаражаты есебiнен қамтамасыз етiлген республикалық, салалық және өңiрлiк деңгейлердегi әлеуметтiк мiндеттердi шешуге бағытталған әлеуметтiк бағдарламаларды, әлеуметтiк жобаларды iске асырудың нысаны болып табылады. Сол сияқты Заңның 5) тармағына сәйкес мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың өнiм берушiсi – мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруға арналған шарт бойынша әлеуметтiк бағдарламаларды, әлеуметтiк жобаларды iске асыратын үкiметтiк емес ұйым; ал 6) тармақ бойынша тапсырыс берушi – республикалық және жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi деп белгіленген.

«Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуiрдегi №36 Заңының «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыру салалары» атты 5-ші бабында сүйенсек, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыру мынадай бағыттар:

1) бiлiм беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткiзу;

2) азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмiр салтын насихаттау;

3) қоршаған ортаны қорғау;

4) жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау;

5) демография проблемаларын шешу;

6) гендерлiк проблемаларды шешу;

7) халықтың әлеуметтiк тұрғыдан осал топтарын қолдау;

8) жетiм балаларға, толық емес және көп балалы отбасылардағы балаларға көмек көрсету;

9) азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;

10) азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау;

11) мәдениет пен өнердi дамыту;

12) тарихи-мәдени мұраны қорғау;

13) қоғамдық келiсiмдi және ұлттық бiрлiктi нығайту;

13-1) өздерiнiң есебiнде тұрған адамдарға әлеуметтiк-құқықтық көмек көрсету кезiнде қылмыстық-атқару инспекциясының пробация қызметiне жәрдемдесу;

13-2) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргiзу;

13-3) әлеуметтiк бейiмсiздiкке және әлеуметтiк депривацияға әкеп соққан қатыгездiкпен қарау салдарынан өмiрлiк қиын жағдайда жүрген адамға (отбасыға) көмек көрсету;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де әлеуметтiк маңызы бар бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

Қаржыландырудың жүйелі түрде өсуіне 2005 жылы «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заңының қабылдануы септігін тигізіп, соның негізінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қолдауға бағытталған бюджеттік қаражат көлемі ұлғайды. 2005 жылы бөлінген бюджеттік қаражаттың мөлшері 112 млн. теңгені құрап, 2003 жылмен салыстырғанда 427 есеге өсті. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемінің артуы тұрақты түрде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік-маңызды жобаларды іске асыруға белсенді қатысуына мүмкіндік берді. Атап өту керек, 2008-2009 жылдардағы дағдарыс жағдайында да мемлекет өзінің міндеттемелерінен бас тартпай, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаражат көлемін төмендеткен жоқ.

Егер 2003 жылы жергілікті бюджеттен үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қаржыландыруға 300 мың теңге, республикалық бюджеттен 10,7 млн. теңге бөлінген болса, 2005 жылдан бастап қаржыландыру көлемі бірдей тең деңгейде жүзеге асырылып келеді.

2003 жылы жергілікті деңгейде үкіметтік емес ұйымдар арасында маңызды әлеуметтік жобалар конкурсына қаржы көлемі Қостанай облысынан – 300 мың теңге, ал республикалық деңгейде Мәдениет және ақпарат министрлігінен – 10,7 млн. теңге бөлінген. Бастапқыда республикалық деңгейден бөлінген қаражат көлемі жергілікті бюджеттегіден асып тұрса, ал 2012 жылға қарай қаржыландыру көлемінің теңелгендігін аңғаруға болады. Бұл жағдайды екі негізгі фактормен түсіндіруге болады: республикалық деңгейде салалық мемлекеттік тапсырыстың дамуына; жергілікті деңгейдегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаражат көлемін өсірудің қажеттілігіне деген кейбір аймақтық билік өкілдерінің кертартпа көзқарастарына байланысты болып отыр.

Бұл жерде ескере кететін жайт, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қаржылық көлемінің өсуімен қатар оны орындауды бағалау жүйесін әзірлеудің маңыздылығы мен өзектілігі күн санап артып келеді. 2007 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бағалау және мониторинг жасау жүйесін әзірлеу жұмыстары басталды.

Егер 2003 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты республикалық бюджеттен қаржыландыру 10,7 млн. теңгені құраса, 2012 жылы аталған көрсеткіш 2,3 млрд. теңгеге жетті. 10 жылдың ішінде мемлекеттік тапсырыс көлемінің 215 есеге дейін өсуі мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдарды әлеуметтік саясатты іске асырудағы сенімді серіктестігі ретінде танығанын тағы да дәлелдей түсті. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемінің республикалық деңгейде күрт өсуі 2008 жылы 926 419 млн. теңге бөлінген уақытта байқалды, 2008 жылы шығындар көлемі де екі есеге артты. Әрине, дағдарыс кезінде де мемлекеттің үкіметтік емес секторды қолдауға барынша күш салғанын айтып өтуіміз қажет.

Жоғарыда атап көрсетілген бағыттар бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан 2012 жылы 1400 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. 2012 жылдың 25 желтоқсанындағы мәліметтер бойынша орталық мемлекеттік органдар 157 үкіметтік емес ұйымды қатыстыра отырып 207 әлеуметтік жобаны, ал жергілікті атқару органдары 725 үкіметтік емес ұйымды қатыстыра отырып 1217 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған.

Сондай-ақ, салалар бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орналастырылу және орындалу барысына жасалған мониторингтік талдау нәтижесі бойынша 2012 жылдың 25 желтоқсанына дейін жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау саласында – 326 жоба (26,7%), қоғамдық келiсiмдi және ұлттық бiрлiктi нығайту саласында – 160 жоба (13,1%); азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау саласында – 99 жоба (8,1%); азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмiр салтын насихаттау саласында – 87 жоба (7,1%); гендерлiк проблемаларды шешу саласында – 78 жоба (6,4%); халықтың әлеуметтiк тұрғыдан осал топтарын қолдау саласында – 76 жоба (6,2%); бiлiм беру және ғылым салаларында – 56 жоба (4,6%); мемлекеттік тілді дамыту саласында – 36 жоба (2,9%); мәдениет пен өнердi дамыту саласында – 35 жоба (2,8%); қоршаған ортаны қорғау саласында – 33 жоба (2,68%); тарихи-мәдени мұраны қорғау саласында – 23 жоба (1,8%); дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткiзу саласында – 20 жоба (1,6%); азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу саласында – 18 жоба (1,4%); демография проблемаларын шешу саласында – 10 жоба (0,8%); Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де әлеуметтiк маңызы бар бағыттар бойынша – 97 жоба (7,9%) жүзеге асырылған.

Тұтас алғанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында 2012 жылы республикалық бюджеттен 2 302 530,0 мың теңге, ал жергілікті бюджеттен 2 240 309,5 мың теңге бөлінген.

Республикалық және жергілікті бюджеттер мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландырудың көзі болып табылады. Республикалық деңгейде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қаражаты көбіне республикалық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу үшін, ал жергілікті деңгейде әрбір облыс пен аймақтың деңгейінде іске асырылатын іс-шараларға бөлінеді. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үкіметтік емес ұйымдардың республикалық деңгейдегі маңызды әлеуметтік тапсырыс байқауларына қатысуына шектеу қоя алмайды. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, республика деңгейіндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты еліміздің барлық аймақтарының үкіметтік емес ұйымдары іске асырады.

Жалпы алғанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындауға республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың көлемі 56%-ды, ал жергілікті деңгейде 44%-ды көрсетіп, республикалық және жергілікті деңгейдегі қаржыландыру көздері тең дәрежеде болғанын айқындап отыр.

2003-2011 жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жалпы көлемі 8738 783 теңгені құрап, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға қаражат бөлетін орталық мемлекеттік органдардың саны да өсті. 2003-2005 жылдары республикалық деңгейде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты тек қана Мәдениет және ақпарат министрлігі іске асырған болса, қазіргі таңда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 10 орталық мемлекеттік орган, яғни 8 министрлік және 2 агенттік іске асыруда.

2009 жылдан республикалық бюджеттен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің үкіметтік емес ұйымдармен конкурстық негізде өзара қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін беретін арнайы бағдарламалар қарастырыла бастады. 2012 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан тұрмысы төмен тұрғындарды әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету» бағдарламасы бойынша облыстар мен Астана, Алматы қалаларының бюджетіне 457 315 мың теңге қаражат бөлінді.

Сонымен бірге 2012 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне салауатты өмір салтына қол жеткізу және әлеуметтік кеселдердің алдын алу үшін өңірлерде жалпы құны 162 016,0 мың теңге болатын 117 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін арнайы қаражат бөлу қарастырылды.

2012 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың негізгі бөлігі елімізді дамытудың 2030 жылға дейінгі Стратегиясында және Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауларында айқындалған мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталды.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орналастыру жағдайына жасалған талдау жұмыстары көрсеткеніндей, кейінгі үш жылда мемлекеттік органдар 650 әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырған. Оның ішінде 2010-2011 жылдары – 207 жоба, 2012 жылы – 207 жоба орындалған. Бұған қоса, жергілікті атқару органдары 3000 әлеуметтік жоба мен бағдарламаны, оның ішінде 2010 жылы – 800-ден астам, 2011 жылы – 1000-нан астам, ал 2012 жылы – 1217 жобаны жүзеге асырған.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша мақсатты трансферттер арқылы Денсаулық сақтау министрлігі 2010-2012 жылдары еліміздің барлық өңірлерінде 300-ден астам әлеуметтік жобаның, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрмысы төмен тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуге арналған мақсатты трансферттер арқылы 200-ден астам әлеуметтік жобаның атқарылуын қамтамасыз еткен.

Азаматтық қоғам құрылымдарымен ынтымақтастық саласындағы Денсаулық сақтау министрлігінің жүргізген жұмысы да назар аударуға тұрарлықтай дәрежеде. Мысалы, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі Қоғамдық кеңес тұрғындардың денсаулықтарын қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдар арасында 2013 жылға арналған әлеуметтік жобалар конкурсын жариялады. Бұл конкурсты денсаулық сақтау саласындағы 2013 жылдың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберіндегі әлеуметтік маңызды жобалардың тақырыптарын алдын-ала анықтап алуға, үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық денсаулықты нығайту ісіне кеңірек тартуға бағытталған әлеуметтік-имидждік маңызды іс-шара деп бағалауға болады. Жергілікті жерлердегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі мұндай жұмыстар негізінен салауатты өмір салтын насихаттауға арналғанын атап өту керек. Тиісті қаражатпен қамтамасыз етілген жобалардың арасында халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға арналғандары азырақ.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі де өз қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша үкіметтік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынас жүргізіп келеді. Аталған министрліктің тапсырысы бойынша 2009 жылдан бастап адам саудасы мәселелері бойынша 4 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2010-2011 жылдарға әр жылға – 14 000 000 теңгеден, үш жылға барлығы 28 000 000 теңге қаржы бөлінген.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың 2011-2012 жылдарға арналып орналастырылу нәтижелеріне талдау жасаудың нәтижесі бойынша білім және ғылым, денсаулық сақтау, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, халықтың әлеуметтiк тұрғыдан осал топтарын қолдау, қоғамдық келiсiмдi және ұлттық бiрлiктi нығайту, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы әлеуметтік жобалар мен бағдарламалар қатарының өсе түскенін байқауға болады.

Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған басымдықтарға сәйкес барлық деңгейлердегі мемлекеттік органдарға әлеуметтік жобаларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыруға арналған конкурстар тақырыптарын айқындау кезінде:

- әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту және әлеуметтік міндеттерді шешу ісіне бизнес-құрылымдарды тарту;

- мемлекеттік органдардың өздері басқарып отырған салаларында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпараттарға тұрғындардың қолжетімділігін кеңейту және қоғамдық бақылау құрылымдарының қызметін ынталандыру, оның ішінде тиісті салалар мен өңірлердің өзекті мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар, сарапшы кеңестері мен клубтарының мәжілістерін ұйымдастыру; тиісті салалар мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша жария тыңдаулар, мемлекеттік органдар басшыларының қоғам алдындағы есептерін ұйымдастыру ұсынылған болатын.

Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар тарапынан жоғарыдағы ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылғаны анық. Алайда, «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы»

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуiрдегi №36 Заңының қабылданғанына 9 жылдан астам уақыт өтсе де, бұл салада шешімін әлі де таба қоймаған түйткілді жайттар жоқ емес. Өйткені мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс салалары арта түскенімен, Заңда көрсетілген бағыттардың барлығы бірдей орындалып жатыр деп айту қиын. Мұның себебін тиісті мемлекеттік органдардың немқұрайдылығынан ғана емес, сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдардың өздерінің де енжарлықтарынан іздеу қажет.

Біріншіден, бүгінде салалық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстағы сұраныс пен ұсыныс арасында көп жағдайда тепе-теңдік жоқ. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік органдар тарапынан ұсынылатын әлеуметтік жобалардың тақырыптары үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде жалпы қоғам үшін онша пайдалы және қызықты болмағандықтан, қолдау таба қоймайды, олардың басым көпшілігі бойынша жобалар жасалмайды және конкурстарға ұсынылмайды.

Елбасымыз мемлекеттік органдарға үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі бойынша екі жақты жұмыс істеу қажеттігі жөнінде тапсырма беріп, оның орындалуын тұрақты түрде қадағалап отырғаны белгілі. Сол бойынша тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданған. Соған қарамастан, салалық министрліктер мен олардың аумақтық бөлімшелері үкіметтік емес ұйымдармен тікелей жұмыс істеп, олардың ұсыныстары мен тақырыптарын жинақтап, қорытып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа енгізуге келгенде, жеделдік пен жүйелілік таныта алмай отыр.

Еліміздегі азаматтық қоғам өкілдерінің арасында негізінен қоғамдық-саяси салада, атап айтқанда, әртүрлі мақсатты топтар арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізумен, азаматтық бастамаларды дамытумен, отансүйгіштік пен азаматтықты қалыптастырумен, гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз етумен шұғылданатын үкіметтік емес ұйымдардың үлес салмағы басым.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары қоршаған ортаны қорғауды басты мақсат еткен экологиялық бағыттағы үкіметтік емес ұйымдар қатары көп болатын, ал қазіргі кезде олардың саны мүлдем азайып кетті. Халықтың әлеуметтiк тұрғыдан осал топтарына қолдау көрсететін, оларға денсаулық сақтау, білім беру және т.б. бағыттар бойынша сапалы кәсіби қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың қызметі де жеткілікті дәрежеде дамымай отыр. Кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы секілді салаларда жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар да саусақпен санарлықтай ғана. Бұл – әртүрлі салалардағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар бойынша ұсыныстарды қоғамның нақты қажеттіліктеріне қарай алдын-ала зерттеп алып, тиісті қаржылай бюджеттік талдау жасалған соң ғана конкурстар тізіміне енгізу қажеттігі ескерілмеуінің, осы істегі елеулі кемшіліктердің салдары. Мысалы, білім беру саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі өте аз немесе мүлдем жоқ болғандықтан, осы бағытта кәсіби түрде маманданған және жемісті жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдардың саны да тиісінше көбеймей отыр.

Екіншіден, салалық министрліктер мен ведомстволар, олардың өңірлік бөлімшелері өздерінің салалары мен аймақтарындағы үкіметтік емес ұйымдар туралы айқын ақпарат жинап отырмайды, тіпті сол бағытта жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдарының ерекшеліктері туралы хабарлары да, олармен ынтымақтаса жұмыс істеу жөнінде тәжірибелері де жоқ деуге болады. Соның салдарынан мемлекеттік органдардың көпшілігі үкіметтік емес ұйымдармен бірге жұмыс істеудің пайдалы екенін білмейді және түсінбейді, олар салалық мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты дамытуға мүдделі де емес.

Өздеріне қатысты ресми орындардың осындай немқұрайды көзқарасының қалыптасуына үкіметтік емес ұйымдардың өздерінің енжарлықтары да себеп болып отыр. Олардың басым көпшілігі салалық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тақырыптары мен қаржылай көлемін қалыптастырып, дамыту үшін белсенділік көрсетпейді, жанды жұмыс істемейді, өздерінің шеберліктері мен кәсіби мүмкіндіктерін танытпайды.

Үшіншіден, көптеген мемлекеттік органдар, әсіресе, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және т.б. салаларындағы ресми орындардың тарапынан осы саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби біліктіліктері мен шеберліктеріне деген сенімсіздік дейгейі өте жоғары. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл өзара ынтымақтаса қызмет істеу тәжірибесінің жеткіліксіз екендігіне, үкіметтік емес ұйымдар арасында белгілі бір салаға маманданып, нақты сол бағытта жұмысты жемісті жүргізуге машықтану шеберлігінің аздығына да байланысты.

Оның үстіне, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қызығушылық тудырмайтын, олардың сұраныстары мен қажеттіліктеріне жауап бере алмайтын тақырыптар бойынша өткізілетін кейбір министрліктер мен басқа да ресми құрылымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша конкурстарының қоғамға да, қарапайым халыққа да, тұтас алғанда, үкіметтік емес ұйымдардың мақсатты топтарына да пайдасы шамалы екенін ерекше атап көрсеткіміз келеді.

Көптеген мемлекеттік құрылым қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдарды халыққа сапалы қызмет көрсету нарығындағы өздерінің бәсекелестеріне айналуы мүмкін деп күдіктенетінін, соның салдарынан мемлекеттік органдар өздерінің халық арасындағы белгілі бір дәрежедегі ықпалдары мен жұмыс көлемін жоғалтып аламыз ба деп қауіптенетінін де жасыра алмаймыз. Кейбір мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдардың осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді одан әрі жақсарта түсу жөніндегі нақты ұсыныстарына жеткілікті түрде назар аудармайтынын, тіпті көп жағдайда оған әдейі мән бермейтінін, көздеріне де ілгілері келмейтінін тек қана осындай себептермен түсіндіруге болады.

Жоғарыда баяндалған жайттар барлық салалардағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынас мәселесін жақсартып, оны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы оң бағытта дамытуға барынша мүдделі және маңызды кешенді көзқарас қажет екенін дәлелдейді.

Халықаралық тәжірибеде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы, оның ішінде білгілі бір салалардағы қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің кешенді түрде шешілуінің нақты мысалдары жеткілікті. Осы мақсатта азаматтық қоғаммен жұмыс істеу және қаржылай көмек беру бойынша арнайы дербес жұмыс органдары да құрылған.

Атап айтсақ, Албания Республикасы Конституциясының 78-ші және 83-ші баптары негізінде және Министрлер кеңесінің ұсынысы бойынша «Азаматтық қоғамға қолдау көрсету Агенттігін құру және оның қызметін ұйымдастыру туралы» арнайы Заң қабылданған. Бұл мемлекетте, атауы өзі-ақ айтып тұрғанындай, аталған Агенттік азаматтық қоғамға қолдау көрсету қызметімен айналысады және орталық бюджеттік мемлекеттік орган болып табылады.

Агенттіктің негізгі атқаратын қызметі – азаматтық қоғамды тұрақты және орнықты түрде дамытуға ықпал ету және қоғамның пайдасы мен мүддесіне бағытталған азаматтық бастамалар үшін қолайлы жағдай жасау. Агенттік өзінің осы қызметін жүзеге асыру мақсатында коммерциялық емес ұйымдардың жұмысын ынталандыратын және олардың тұрақты дамуын нығайтатын, сектораралық және халықаралық ынтымақтастықты, азаматтық бастамаларды, қайырымдылық және волонтерлік қызметті, қоғамның демократиялық құрылымдарын дамытатын бағдарламаларға және өзінің басты мақсатына сай келетін басқа да жобаларға қаржылай көмек көрсетіп отырады. Өзінің қызметі барысында Агенттік үкіметтің азаматтық қоғамды дамыту ісіндегі стратегиялық басымдылықтарын басшылыққа алады. Агенттікті қаржыландырудың басты көздері: мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру, өзінің дербес табыстары мен өзге де заңды қайырымдылықтар, сонымен бірге заңмен белгіленген басқа да табыс түрлері болып табылады.

Ал Венгрияда азаматтық ұйымдардың қаржы көздері ашық, белгіленген бюджеттік үдеріске негізделген және саясаттан тәуелсіз болуы үшін ел Парламентінің бастамасымен «Ұлттық азаматтық қор» құрылған. Ұлттық азаматтық қордың басты міндеті – жалпы мемлекеттік және жергілікті міндеттерді неғұрлым тиімді жүзеге асыру мақсатында азаматтық қоғамды нығайту, азаматтық ұйымдарға олардың қоғамдағы өз міндеттерін атқаруы үшін көмек беру, үкімет пен азаматтық қоғам арасында әріптестік байланыстар мен еңбек бөлінісін дамытуға ықпал ету. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және азаматтық қоғамның өзін-өзі ұйымдастыруына қол ұшын беру үшін Парламент «Ұлттық азаматтық қор туралы» Заң қабылдап, аталған қордың мақсаты, оны қаржыландыру көздері, бенефициарлары, ұйымдық құрылымы мен басқа да ережелері белгіленіп берілген.

Жоғарыда келтірілген шетелдік тәжірибелерден алынған мысалдар біздің елімізде пайдалану үшін толық көшіріп алуға келмейтіні түсінікті, әрине. Десек те, айтылған халықаралық үлгілердің кейбір жақтары мен жүйелерін Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесін кешенді түрде шешу тәртібін енгізу үшін пайдалануға болар еді.

Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың салалық ынтымақтастығын дамыту мәселесін кешенді түрде шешу үшін елімізде үкіметтік емес ұйымдармен өзара ынтымақтастық және оларға мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі арнайы өкілетті органды нақты айқындап, белгілеу қажеттілігі туындап отыр. Үкіметтік емес ұйымдармен өзара ынтымақтастық қарым-қатынастың жалпы стратегиясын жасауға салалық министрліктер мен ведомостволарды тартып, қатыстыру, үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау көрсетудің қаржылай жүйесін енгізу және әртүрлі салалардағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру барысына тиісінше мониторингтік талдау жасау үшін бұл өкілетті органның өкілеттіліктері мен қызметтік аясы барынша кеңейтілуі тиіс.

Елімізді дамытудың стратегиялық мақсаттарына сәйкес мемлекет пен азаматтық қоғамның осынау саласының ынтымақтастығын одан әрі дамыту барысында олардың азаматтық қоғамның тұрақты дамуына, халықтың әртүрлі топтарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін қоғамдық пайдалы қызметіне қолдау көрсету үшін Үкіметтік емес ұйымдарды дамытудың Ұлттық қорын құру мүмкіндігін қарастыру қажет.

Жергілікті жерлерде үкіметтік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынас орнату бойынша жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету үшін өңірлерде де Үкіметтік емес ұйымдарды дамыту Қорларын құру керек. Үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай көмек көрсетудің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар, несиелендіру және басқа да саналуан түрлері болуы мүмкін.

Дей тұрғанмен, Үкіметтік емес ұйымдарды дамытудың Ұлттық қоры мен өңірлердегі Үкіметтік емес ұйымдарды дамыту қорларының құрылуы және сол арқылы үкіметтік емес ұйымдардың әртүрлі әлеуметтік маңызды жобаларына қолдау көрсету – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы салалық конкурстар өткізуден бас тарту деген сөз емес. Бұл тұрғыдағы салалық конкурстар үкіметтік емес ұйымдардың белгілі бір салалардағы ұзақ мерзімді жобалары мен бағдарламаларына қолдау көрсетуге, арнайы мамандандырылған зерттеулер, іс-шаралар және т.б. өткізуге бағытталуы керек.

Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың салалық ынтымақтастығын одан әрі дамыта түсу, қоғамдық құрылымдардың әлеуметтік негізін нығайту мақсатында 2014-2020 жылдар арасында мынадай іс-шараларды жүзеге асыру:

- Өкілетті органның үкіметтік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынасын кеңейтуге және нақтылауға және үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызмет көрсетуді жүзеге асыруға бағытталған нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу;

- Үкіметтік емес ұйымдарды дамытудың Ұлттық қоры мен өңірлердегі Үкіметтік емес ұйымдарды дамыту қорларын құру және олардың қызметтерін қамтамасыз ету;

- Үкіметтік емес ұйымдарды анықтау жүйесін жасау, талқылау және енгізу;

- Салалық үкіметтік емес ұйымдар қызметі жетістіктерінің көрмелерін және үкіметтік емес ұйымдардың идеялары мен жобаларының жәрмеңкелерін тұрақты түрде өткізіп тұру;

- Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қаржысына әртүрлі салалардағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар жобаларын жүзеге асыру қорытындылары бойынша бірыңғай Интернет қорын жасау және оны тұрақты түрде жаңартып отыру;

- Үкіметтік емес ұйымдарға гранттар бөлу жүйесін жасау;

- Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша заңнамаларға талдау жасау және оларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуге дайындық жүргізу;

- Салалық мемлекеттік органдар тарапынан үкіметтік емес ұйымдардың жоспарларын талқылау және әлеуметтік маңызы бар жобаларға қолдау көрсету бойынша қоғамдық тыңдауларды тұрақты түрде өткізіп тұру;

- Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың арасындағы салалық ынтымақтастықтың озық тәжірибелері бойынша конкурстарды тұрақты түрде өткізіп тұру;

- Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың салалық ынтымақтастығын кеңейту бойынша өлшемдер жүйесін жасау, аталған өлшемдерді орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау жүйесіне енгізу ұсынылып отыр.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсының бас редакторы, Астана қаласы.

27 қазан, 2014 жыл.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

24.04.2017
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мектептер мен колледждердің 2017 жылғы түлектерін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша оқуға шақырады!
21.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығыеліміздің бастауыш, негізгі орта және жалпы ортабілім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» аттыРеспубликалықконкурсын жариялайды.Конкурсқа мектеп мұғалімдерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады.Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі.Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
19.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдерінің және балалар бақшалары тәрбиешілерінің арасында өздері жүргізетін сабақтарының ғылыми-әдістемелік салаларынан ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстар жазу бойынша Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – ЗЕРТТЕУШІ» конкурсын жариялайды. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған жұмыстар қабылданады.