ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР: ҚЫСҚАША ТАРИХЫ, ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ

Қазіргі қазақ журналистикасында жеткілікті дәрежеде жазылмай, егжей-тегжейлі талданбай және тиісті деңгейде талқыға салынбай келе жатқан өте өзекті тақырыптардың бірі – еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың ерекшеліктері мен тыныс-тіршілігі десек, қателеспеспіз. Осынау олқылықтың орнын толтыруға аз-кем болса да үлес қосу үшін «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсында Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қысқаша тарихы, қазіргі жағдайы және болашағы туралы арнайы мақалалар топтамасын жариялағанды жөн көрдік. Сонымен бірге zertteushi.kz Интернет-ресурсымыздың бастапқы бетінде «Үкіметтік емес ұйымдар» атты арнайы айдар ашып, осы сала жайындағы жарияланымдарды жүйелі түрде жинақтап, орналастырып отыратын боламыз.

КІРІСПЕ. Ең алдымен «Үкіметтік емес ұйымдар» ұғымына қысқаша анықтама бере кетейік. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің 2000 жылғы 24 қазандағы «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам» атты халыққа арналған Жолдауында алғаш рет үкіметтік емес ұйымдар туралы: «Бүгінде Қазақстандағы үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарының құқық қорғау қызметінде де, тұрғындардың ерекше қызығушылықтарын дамыту саласында да, қоғамды әлеуметтік қалыптастыруда да атқаратын рөлі өте маңызды», - деп ерекше атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бұл пікірі елімізде үкіметтік емес ұйымдарды дамытудың жаңа сапалы кезеңінің белсенділігін оятты.

Сонымен, үкіметтік емес ұйымдар дегеніміз – қандай ұйымдар? Бұл сұраққа жауап беру үшін «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуiрдегi №36 Заңының 1-ші бабына көз салайық. Онда үкіметтік емес ұйымға мынадай анықтама берілген:

«7) үкiметтiк емес ұйым – ортақ мақсаттарға жету үшiн азаматтар және (немесе) мемлекеттiк емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерiктi негiзде құрған коммерциялық емес ұйым (саяси партияларды, кәсiптiк одақтарды және дiни бiрлестiктердi қоспағанда)».

Яғни, үкіметтік емес ұйымдар деп коммерциялық емес ұйымдарды айтады екенбіз. Ал коммерциялық емес ұйымдар деп қандай ұйымдарды айтамыз? Оны білу үшін «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы №142 Заңының 2-ші бабын оқып көрейік.

Онда былай жазылған: «Кiрiс түсiру негiзгi мақсаты болып табылмайтын және алынған таза кiрiстi қатысушылар арасында бөлмейтiн заңды тұлға коммерциялық емес ұйым деп танылады».

Аталған Заңның 2-ші тарауында коммерциялық емес ұйымдардың мынадай ұйымдық-құқықтық нысандары атап көрсетілген:

«8-бап. Мекеме

1. Құрылтайшысы басқару, әлеуметтiк-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтердi жүзеге асыру үшiн құрған және қаржыландыратын ұйым мекеме деп танылады. Мекеменiң өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiкке құқығы азаматтық заңдарға сәйкес айқындалады.

2. Меншiк нысанына байланысты мекемелер мемлекеттiк және жеке меншiк мекемелер болып бөлiнедi.

10-бап. Жеке меншiк мекеме

1. Басқарушылық, әлеуметтiк-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтердi жүзеге асыру үшiн жеке және (немесе) мемлекеттiк емес заңды тұлғалар құрған, мемлекеттiк құрылымның бөлiгi болып табылмайтын ұйым жеке меншiк мекеме деп танылады.

2. Жеке меншiк мекеменiң мүлкi оған оралымды басқару құқығымен бекiтiлiп берiледi.

3. Жеке меншiк мекеме өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң билiгiндегi ақшамен жауап бередi. Ақшасы жеткiлiксiз болған жағдайда мемлекеттiк емес мекеменiң мiндеттемелерi бойынша оның құрылтайшысы жауапты болады.

11-бап. Қоғамдық бiрлестiк

1. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн ортақ мақсаттарға жету үшiн азаматтардың ерiктi бiрiгуi нәтижесiнде құрылған ұйым, егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, қоғамдық бiрлестiк болып табылады. 2. Қоғамдық бiрлестiктер мүшелерiнiң (қатысушыларының) сол бiрлестiктерге өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары жоқ. Өздерi мүшелерi (қатысушылары) ретiнде қатысатын қоғамдық бiрлестiктердiң мiндеттемелерi бойынша олар жауап бермейдi, ал аталған бiрлестiктер өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

3. Қоғамдық бiрлестiктердiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

12-бап. Қор

1. Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi жоқ коммерциялық емес ұйым қор деп танылады.

13-бап. Қордың түрлерi

1. Құрылтайшылардың құрамына, сондай-ақ қызмет саласына қарай жеке, корпоративтiк, қоғамдық, мемлекеттiк қорлар құрылуы мүмкiн.

Қызмет мақсаттарына қарай әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм қорлары және өзге де қорлар құрылуы мүмкiн.

14-бап. Тұтыну кооперативi

1. Мүшелiк негiзде қатысушыларының материалдық және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық)

жарналарын бiрiктiру жолымен жүзеге асырылатын азаматтардың ерiктi бiрлестiгi тұтыну кооперативi деп танылады. Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда тұтыну кооперативiне заңды тұлғалар да кiре алады.

16-бап. Коммерциялық емес акционерлiк қоғам

1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатымен акциялар шығаратын, кiрiстерi тек қана осы қоғамды дамытуға пайдаланылатын заңды тұлға коммерциялық емес акционерлiк қоғам деп танылады.

17-бап. Коммерциялық емес ұйымның өзге де ұйымдық-құқықтық нысаны

1. Коммерциялық емес ұйымдар өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін.

2. Дербес білім беру ұйымдары, дербес кластерлік қор, нотариаттық палаталар, адвокаттар мен жеке сот орындаушыларының алқалары, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, кәсiби аудиторлық ұйымдар, пәтерлердің меншiк иелерi кооперативтерi және басқа да коммерциялық емес ұйымдар өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін.

18-бап. Дара кәсiпкерлердiң және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанында бірігуі

1. Дара кәсiпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметiн үйлестiру, сондай-ақ ортақ мүдделерiн бiлдiру және қорғау мақсатында қауымдастықтар (одақтар) құра алады. 2. Коммерциялық емес ұйымдар осы ұйымдардың қауымдастықтарына (одақтарына) ерiктi түрде бiрiге алады».

Жоғарыда айтылғандарды қысқаша тұжырымдасақ, үкіметтік емес ұйымдар дегеніміз – саяси партияларды, кәсiптiк одақтарды және дiни бiрлестiктердi қоспағанда, белгілі бір ортақ мақсаттарға жету үшiн азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерiктi негiзде құрған коммерциялық емес ұйымдар.

Коммерциялық емес ұйымдардың мынадай ұйымдық-құқықтық нысандары болады: жеке меншік мекемелер, қоғамдық бiрлестiктер, жеке және қоғамдық қорлар, тұтыну кооперативтерi, коммерциялық емес акционерлiк қоғамдар, дербес білім беру ұйымдары, коммерциялық емес ұйымдардың қауымдастықтары және т.б.

Міне, еліміздегі осы аталған құрылымдар коммерциялық емес ұйымдар немесе үкіметтік емес ұйымдар деп аталады. Бұлай деп аталуының басты себебі – олардың құрылуына және қызметіне үкіметтік, яғни мемлекеттік мекемелер мен құрылымдар қатыспайды және араласпайды.

Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың дамуының жай-күйі мен болашағы туралы Ұлттық баяндамада атап көрсетілгеніндей, олар еліміздегі әлеуметтік жаңашылдықтың қайнар көзіне айналуы тиіс. Билік орындарының тиісті шешімдерді қабылдауы барысында оған қоғамның жан-жақты қатысуын қамтамасыз етудің жаңа жүйесін ұсына отырып, әртүрлі әлеуметтік

қызметтер көрсету, адам құқығын қорғау, экологиялық және жастар саясаты мәселелерін көтеру, мемлекеттік органдар қызметіне мониторинг жасау, сондай-ақ жалпы еліміздің қоғамдық және саяси өмірінде белсенділік таныту – осы үкіметтік емес ұйымдардың үлесіндегі маңызды іс-шаралар екені даусыз.

Қазіргі таңда Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның маңызды міндеттерін орындауға, барлық әлемдік қауымдастық танып отырған демократиялық құндылықтарды одан әрі жетілдіріп, дамыту үшін өз үлестерін қосуға барынша қабілетті. Үкіметтік емес ұйымдар бүгінде қоғамымызға әлеуметтік тұрақтылық пен қарқынды күш беріп келеді.

Үкіметтік емес ұйымдардың ұсынатын қызметінің алуан түрлілігіне қарамастан, олардың басты мақсаты – ел азаматтары мен жалпы қоғамның өмір сапасын жақсарту. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Елбасымыз демократиялық және зайырлы мемлекет құруға қадам басқан сәттен бастап-ақ осы салаға ерекше көңіл бөліп келеді. Үкіметтік емес ұйымдар өз дамуында азаматтық қоғамның алғашқы ірге тасын қалау, тәжірибе жинақтау, қоғамды әлеуметтік тұрғыдан жаңғырту секілді елеулі кезеңдерден өтті.

Бұл туралы келесі жолы таратып, тарқата баяндайтын боламыз.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсының бас редакторы, Астана қаласы.

02 қазан, 2014 жыл.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

26.05.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдерінің және балалар бақшалары тәрбиешілерінің арасында өздері жүргізетін сабақтарының ғылыми-әдістемелік салаларынан ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстар жазу бойынша Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – ЗЕРТТЕУШІ» конкурсын жариялайды. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған жұмыстар қабылданады.
24.05.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «ҚОҒАМДЫҚ БАЙЛАНЫС – ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚ» атты еркін тақырыпқа жазбаша эссе конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Эссені кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
22.05.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының ұйымдастырып отырған «Әдебиет әлемі – оқушы көзімен» және «Мектеп оқушыларының үздік ғылыми жұмысы» конкурстарына 2017 жылдың 15 мамырына дейін келіп түскен жұмыстардың бір тобы «Ғылыми зерттеулер әлемі – Мир научных исследований – World of scientific research» журналының 2016 жылғы шілде-желтоқсан, №№7-12(109-114) санында жариялау үшін дайындалып, журналдың аталған нөмірі басып шығару үшін баспаханаға тапсырылғанын хабарлаймыз.