ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР: ҚЫСҚАША ТАРИХЫ, ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ

Жетінші бағыт – халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен өзара ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатудың басым бағыттары. Бүгінде Қазақстанның әлемдік аренадағы орны салмақтана түсіп, халықаралық беделі мен ықпалы нығайып, күшейіп келе жатқаны құпия емес.

Еліміздегі тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны инвестициялық жағынан ғана емес, халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар үшін де мемлекетіміздің тартымдылығын арттыра түсуде. Сондай-ақ, халқымыздың тұрмыс-тіршілік деңгейінің жақсаруынан көрініп отырған экономикамыздың елеулі түрдегі орнықты өсуі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің үкіметтік емес ұйымдарға жан-жақты, оның ішінде қаржылай қолдау көрсету жөніндегі тұрақты күш-жігері халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар қызметінің де сапалық тұрғыдан өзгеріске ұшырауына алып келді.

Қазақ елінің саяси жүйесі мен белгіленген ұзақ мерзімді бағыт-бағдары халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік инновацияларды енгізу мен осы саладағы қызмет түрлерінің үлгілерін жүзеге асыруға арналған мүмкіндік алуына септігін тигізіп отыр. Оған қоса Қазақстанның жалпы азаматтық қоғамды, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға қажетті мүмкіндіктерінің жеткілікті дәрежеде болуы халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қолайлы жағдай туғызып отыр.

Еліміздің халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас саласындағы қазіргі жағдайына талдау жасамас бұрын мұндай құрылымдардың мемлекетіміз аумағындағы қызмет ету тәртібін реттеп, үйлестіріп отыратын нормативтік құқықтық заңнамалардың негізгі ережелерін қарастырып көрейік.

Халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың өкілдіктері мен бөлімшелерін құрудың, сонымен бірге олардың қызметін жүзеге асырудың құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалары арқылы қамтамасыз етіліп отырады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 наурыздағы №376 Қаулысымен «Гранттар беретін халықаралық және мемлекеттік ұйымдардың, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың және қорлардың тізбесі» бекітілген (ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2277, 2010 жылғы 3 маусымдағы №507 Қаулыларымен тізбеге өзгерту енгізілген).

Осы тізбе бойынша Қазақстан аумағында қызметтің саналуан түрлері мен салалары бойынша отандық мекемелерге, ұйымдарға және үкіметтік емес бірлестіктерге әртүрлі гранттар беруге құқықтары бар 53 халықаралық ұйым, 30 халықаралық мемлекеттік ұйым және 79 шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйым және қор, барлығы 164 гранттар беретін халықаралық және мемлекеттік ұйым, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйым және қор өз қызметтерін жүргізіп жатыр.

Халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар көмек көрсетудің негізгі түрлері ретінде гранттар беру, кеңес беру, білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, техникалық жағынан қамтамасыз ету, несиелер және субсидиялар бөлу секілді әдіс-тәсілдер бойынша өз қызметтерін ұсынуда.

Еліміздің ішіндегі халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Азаматтық кодексімен, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы №142 Заңымен және басқа да заңнамалық актілерімен реттеліп отырады.

Сонымен бірге халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың қызметін үйлестіріп отыруға бағытталған мынадай нормативтік құқықтық актілер қабылданған:

- «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу жасауды, бағалауды және рейтингтер беруді жүзеге асыратын халықаралық ұйымдармен, агенттіктермен және өзге де институттармен өзара іс-қимыл жасау туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2008 жылғы 12 маусымдағы №162-ө Өкімі (ҚР Премьер-Министрінің 2008 жылғы 12 қарашадағы №270-ө, 2009 жылғы 10 қаңтардағы №140-ө Өкімдерімен өзгерту енгізілген);

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері бойынша Комиссиясын құру туралы» 2009 жылғы 11 желтоқсандағы, 2012 жылдың 30 наурызында өзгерістер мен толықтырулар енгізілген №2091 Қаулысы;

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 шілдедегі «Халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі Елдік үйлестіру комитетін құру туралы» №854 Қаулысы.

«Халықаралық ұйым» ұғымына көптеген нормативтік құқықтық актілерде тиісті анықтамалар берілген.

Саяси түсіндірме сөздікке сүйенсек, халықаралық ұйымдар – мемлекеттердің немесе олардың құрылымдарының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, ұлттық қоғамдардың, үкіметтік емес сипаттағы қауымдастықтардың, әртүрлі мемлекеттердің атынан жүретін жеке мүшелердің бірлесуі; қоғамдық өмірдің әртүрлі (саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми-техникалық және т.б.) салаларында ортақ мақсаттарға жету үшін құрылады және халықаралық әріптестіктің аса маңызды түрі болып табылады.

Халықаралық ұйымдар XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Ол ұлттық мемлекет аумағынан тыс дамыған экономикалық және әлеуметтік-саяси қатынастардың, түбегейлі жаңа мәселелердің, трансұлттық міндеттердің шешімін табу мақсатында бірлесудің, халықарaлық күшті жұмылдырудың қажеттілігінен туды.

Алғашқы бұқаралық халықаралық ұйымдар – 1863 жылы швейцарлық Анри Дюнан негізін қалаған Қызыл Крест және Бірінші интернационал, 1864 жылы Лондонда К. Маркс пен Ф. Энгельс негізін қалаған Халықаралық жұмысшылар жолдастығы. Алғашқы халықаралық үкіметаралық ұйым – 1874 жылы құрылған Жалпы пошталық одақ.

Зерттеушілер халықаралық ұйымдардың құрылуына бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар түрткі болды деп санайды. Соғыстар аяқталғаннан кейін әлем оның зардабын талқылап, енді болдырмау үшін тиімді, оңтайлы халықаралық қауіпсіздік жүйе құруға талпыныс жасады. Осылайша 1919 жылы Ұлттар Лигасы құрылды. 1945 жылы Сан-Францискода Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы қабылданды.

XX ғасырдың екінші жартысында күрт күшейген жаһандану үдерістері, оған сәйкес әртүрлі елдер мен халықтардың өзара қарым-қатынасының дамуы жаңа халықаралық ұйымдардың құрылуына септігін тигізді. Бүгінде әлемде қызметі, мақсат-міндеттері, бірлесу түрі, қатысушылар саны, өкілеттігі алуан түрлі ондаған мың халықаралық ұйым бар.

Бірлесу түріне байланысты халықаралық ұйымдар үкіметаралық және үкіметтік емес болып бөлінеді. Үкіметаралық халықаралық ұйымдар мемлекеттер арасындағы келісімдер мен шарттардың негізінде құрылып, қызмет етеді. Олар: Біріккен Ұлттар Ұйымы (1945), Халықаралық валюта қоры (1945), Бүкіләлемдік сауда ұйымы (1995), Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымы (НАТО, 1949), «Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК, 1960) және т.б.

Үкіметтік емес халықаралық ұйымдар қоғамдық құрылымдар мен ғылыми қауымдастықтарды, жеке компанияларды, мекемелерді, мемлекеттің атынан іс-әрекет ететін жеке тұлғаларды біріктіреді. Олардың ішіндегі ықпалдылары: Парламентаралық одақ (1889), Халықаралық Олимпиадалық комитет (1894), Рим клубы (1968), Гринпис (1971) және т.б. (Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. – ISBN 9965-32-491-3).

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы №54 Заңында: «Халықаралық ұйым – мемлекетаралық немесе үкіметаралық ұйым», - деген анықтама берілген. Аталған Заңның «Шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен қатынастар» атты 6-шы бабында былай делінген: «Халықаралық шарттарды жасасу, олардың күшіне енуі, оларды орындау, өзгерту, тоқтата тұру және тоқтату мәселелерi бойынша шет мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен қатынастар Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы жүзеге асырылады».

«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы №142 Заңының 3-ші бабына сәйкес осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және әрекет ететiн шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң (оқшауланған бөлiмшелерiнiң) кез-келген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйымының қызметiне қолданылады».

Осы Заңның «Коммерциялық емес ұйымның қызметiн бақылау» атты 41-ші бабында: «Шет мемлекеттер, халықаралық және шетелдiк ұйымдар, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар өтеусiз негiзде беретін қаражат есебiнен қызметін жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық органдарына осы қаражатты пайдалану туралы есептi ұсынады», - деп жазылған.

Аталған Заңның қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) баспасөз басылымдарында жыл сайын өз қызметі туралы, оның ішінде өз құрылтайшылары, мүліктің құрамы туралы, ақшаны қалыптастыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы ақпарат жариялайды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2008 жылғы 12 маусымдағы №162-ө Өкімімен Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу жасауды, бағалауды және рейтингтер беруді жүзеге асыратын халықаралық ұйымдармен, агенттіктермен және өзге де институттармен өзара тиімді іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету мақсатында жауапты тиісті мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдары бекітілді.

Осы Өкімде көрсетілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдарына:

1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу жасауды, бағалауды және рейтингтер беруді жүзеге асыратын халықаралық ұйымдарға, агенттіктерге және өзге де институттарға тұрақты негізде ақпарат беруді қамтамасыз ету;

2) Бекітіп беруде көрсетілген халықаралық ұйымдар, агенттіктер мен өзге де институттар жүргізетін бағалауларға және рейтингтерге тұрақты мониторинг жүргізу;

3) Тоқсан сайын, есептіден кейінгі айдың 10-күніне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүргізілетін жұмыс туралы ақпарат беру міндеттелген.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне тоқсан сайын, есептіден кейінгі айдың 25-күніне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне жүргізілетін жұмыс туралы жиынтық ақпарат беру тапсырылған.

Осы өкімді іске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-ші бабында елімізде басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының қызметіне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейтіні атап көрсетілген.

Үкіметіміздің 2009 жылғы 11 желтоқсандағы №2091 Қаулысымен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі комиссия құрылып, аталған комиссия туралы ереже бекітілген.

Бұл комиссия ел Үкіметі жанындағы мемлекеттік органдардың халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы бойынша және мемлекетіміздің халықаралық ұйымдарға кіруі, олардан шығуы, қатысуы, сондай-ақ халықаралық шарттарға қосылуы мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Құрамына Сыртқы істер, Қаржы, Экономикалық даму және сауда, Әділет министрліктерінің, Бас прокуратураның, сондай-ақ Премьер-

Министрі Кеңсесінің өкілдері қосылатын комиссия жұмысына мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ғалымдар мен мамандар тартылуы мүмкін.

Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары:

1) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар мен әмбебап сипаттағы халықаралық шарттарға қатысуына және қабылданған, оның ішінде қаржылық міндеттемелерді барынша тиімді орындауды қамтамасыз етуге байланысты және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері бойынша;

2) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға кіруі және олардан шығуы, қатысуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы жөнінде мемлекеттік органдардың ұсыныстарын қарау нәтижелері бойынша;

3) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға кіруі, қатысуы, сондай-ақ халықаралық шарттарға қосылуы үшін (заңнамалық, қаржылық, және басқа да салалық) жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 шілдедегі №854 Қаулысымен Халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі елдік үйлестіру комитеті құрылып, оның құрамы мен ол туралы ереже бекітілген.

Халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі елдік үйлестіру комитеті денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ұйымдармен жұмысты үйлестіру мәселелерін шешуде мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Үкімет жанындағы денсаулық сақтау саласындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Комитет құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың, халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен әлеуметтік мәні бар аурулармен ауырған азаматтар кіреді.

Халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі елдік үйлестіру комитеті өзінің қызметін мемлекетіміздің заңнамасына және ережеге сәйкес жүзеге асырады. Оның негізгі міндеттерінің қатарында: еліміздің денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы; жобаларды іске асыруға жауапты халықаралық ұйымдарға бөлінген қаражатты негізгі алушыларды анықтау бойынша; халықаралық және басқа да ұйымдар қаржыландыратын денсаулық сақтау саласындағы жобаларды іске асыруды бағалауға қатысты ұсыныстарды әзірлеу және басқа да іс-шаралар көрсетілген.

Әрине, еліміздің үкіметтік емес ұйымдарының қалыптасуы барысында халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың белгілі бір дәрежеде маңызды қызмет атқарғанын жоққа шығара алмаймыз. Өздерінің әралуан гранттық бағдарламалары аясында халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар тарапынан жиырма жылдан астам уақыт ішінде отандық азаматтық қоғам мүшелерінің тиісті ұйымдарын құрып, жұмыстарын жандандырып, аяқтан тұрып кетуіне көмектесу үшін құйылған қаржылық инвестициясы аз емес.

Халықаралық және шетелдік қаржы көздерінен гранттық көмек алудың нәтижесінде Қазақстанның көптеген үкіметтік емес ұйымдары тұрғындардың кейбір санаттарының, әсіресе, тұрмыс-тіршілік деңгейі төмен адамдардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік мәселелерді шешу, бизнесті дамыту, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру, азаматтық бастамаларды қорғау және т.б. салалар бойынша өздерінің әлеуметтік маңызы бар жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар еліміздің азаматтық секторының осы саласына қаржылай көмек берумен ғана шектелмей, әртүрлі оқыту, кеңес беру, материалдық-техникалық жағдайды жақсарту үшін құрал-жабдықтар, кеңселер, көліктер және т.б. ұсыну арқылы отандық үкіметтік емес ұйымдардың құрылымдық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктерін арттыру үшін өздерінің зияткерлік қорларын да ұсынды.

Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының даму үдерісіне халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдарының қатысу сипатына 2005 жылдан бастап бірте-бірте өзгерістер енгізіле бастады. Өйткені тәуелсіздігін енді ғана жариялап, өз алдына егемен ел ретінде іргесі жаңадан қаланып жатқан жас мемлекетіміздің экономикалық жағдайын пайдаланған кейбір халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар тұрмысы төмен тұрғындарымызға қайтарымсыз қаржы берумен бірге азаматтарымыздың саналарына қазақ қоғамына жат саяси және діни идеологияларын тықпалай бастады.

Бір ғана мысал келтірейік.

Атап айтқанда, штаб-пәтері Эль-Кувейт (Кувейт) қаласында орналасқан, әлеуметтік бағдарламаны бүркене отырып, «Мұсылман бауырлар» лаңкестік ұйымының алдына қойған мақсатын іске асыруға көмек көрсететін және мұсылман емес үкіметті жойып, ислам басқармасы қағидаларының жолымен дүниежүзілік көлемде, ТМД шеңберінде ислам халифатын орнатуды көздейтін, жәрдем беруге арналған мәртебесі бар «Әлеуметтік реформалар қоғамы» атты үкіметтік емес ұйым өзінің Қазақстандағы өкілдігін ашып, 1998 жылдан еліміздің оңтүстік аймақтарында көмек беруге арналған және ағартушылық қызметін бастаған болатын.

Халықаралық үкіметтік емес ұйым болып табылатын «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қызметінің негізгі пішіндері – исламдық емес конфессияларға шыдамсыздық таныта отырып, лаңкестік актілерді және қарулы жихадты астыртын қаржыландыруды көздейтіні анықталып, осы тұста бұл ұйым өз белсенділігін арттыра бастады. Қолданған шаралар нәтижесінде ел аумағында «Әлеуметтік реформалар қоғамының» қызметі 2004 жылы тоқтатылып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес ол мемлекетіміздің аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік діни ұйымдардың тізіміне енгізілді.

Бізге түсініксіз бір жағдай – жоғарыда айтқанымыздай, еліміздің ішіндегі қызметі 2004 жылы тоқтатылып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес мемлекетіміздің аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік діни ұйымдардың тізіміне енгізілген «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қайырымдылық ұйымының қоғамдық қоры

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 наурыздағы №376 Қаулысымен бекітілген «Гранттар беретін халықаралық және мемлекеттік ұйымдардың, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың және қорлардың тізбесінің (ҚР Үкіметінің 2009.12.30 №2277, 2010.06.03 №507 Қаулыларымен тізбеге өзгерту енгізілген) «Шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар және қорлар» атты бөлімінде 140-шы ретпен жазулы тұр (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P090000376_#z0).

Осы жылдары отандық үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, оның ішінде қаржылай көмек беру ісі жақсара бастады. Осыған байланысты халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар өздерінің гранттық бағдарламаларының көлемін қысқартуына, стратегиялық мақсаттары мен жұмыс жоспарларына өзгерістер енгізуіне, кейбіреулерінің еліміздегі өз қызметтерін тоқтатуына тура келді.

Еліміздің іргесі бекіп, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, әлемдік геосаяси жүйеде өзінің орнықты орнын нық айқындап, тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізе бастаған кезеңде халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен арададағы қарым-қатынасқа түбегейлі өзгерістер енгізілуі табиғи заңдылық болатын.

Жоғарыда айтылғанындай, отандық үкіметтік емес ұйымдар мен билік орындарының халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланыс жасау жүйесі мүлдем жаңа арнаға түсіп отырғандықтан, олармен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас орнату үшін тиісті нормативтік құқықтық құжаттарды да қайта қарастырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қажет болса, жаңа заңдар қабылдау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Көптеген қаулылар мен шешімдер қабылданғанына қарамастан, халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен өзара тиімді қарым-қатынас орнату саласындағы қазір қолданылып жүрген нормативтік құқықтық құжаттар қоры бұл ұйымдардың ағымдық, мақсаттық, қаржылық және басқа да қызметтік ерекшеліктерін толық жариялы түрде жүзеге асыруын қадағалап отыруға мүмкіндік бермейді.

Мемлекеттік органдарымыздың ешқайсысы да елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен нақты және айқын, кешенді түрде байланыс орнатуды қамтамасыз ете алмай отыр.

Бұл саладағы жағдайға жан-жақты және терең талдау жасалып, халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу жөніндегі жетекші мемлекеттік орган белгіленіп, оның жанынан арнайы консультативтік-кеңесші ұйым құрылуы қажет. Сонда ғана мемлекеттік басымдықтар мен жергілікті мүдделерді ескере отырып, халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынастағы әртүрлі құрылымдардың қызметін үйлестіруге және олардың отандық үкіметтік емес ұйымдардың қажеттіліктеріне сай қызмет істеуін бақылап отыруға мүмкіндік туатын еді.

Халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен арада туындауы мүмкін келіспеушіліктердің алдын алу мақсатында екіжақты сұхбат алаңдарын құра отырып, олардың қызметтеріне арнайы мониторингтік талдау жұмыстарын жүргізуге тиіспіз.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы барысында бөлінген және жұмсалған халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың қаржылай және басқа да инвестиция түрлерінің қайда және қандай мақсатпен жұмсалғанын тұрақты түрде қадағалап, есепке алып отыруымыз қажет.

Халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың Қазақстан аумағында атқарған қызметтері, сондай-ақ сол жүзеге асырған жұмыстары еліміз бен халқымыздың игілігі мен мүддесі үшін қандай пайда әкелгені жайында да жариялы түрде есеп беріп отыруын талап етуге толық құқығымыз бар. Өйткені көптеген халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар елімізде жүзеге асырылып жатқан көптеген бағдарламалар мен жұмыстарға байланысты ашықтық пен жариялылық болуы қажеттігін насихаттап келе жатқанына қарамастан, олар өздерінің біздің еліміздің ішінде жүзеге асырған іс-әрекеттерінің ауқымы мен мазмұны, жұмсаған қаражаттарының мақсаты мен көлемі туралы жұртшылыққа ашып және ашық айтуға келгенде онша белсенділік таныта қоймайды.

Егер халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар өз қызметтері жайындағы ақпараттарды жиі жариялап тұрса, онда олардың қазақ қоғамы алдындағы беделдері де өсе түсер еді.

Сонымен бірге біз мұндай ұйымдармен байланысымызды мүлдем үзіп, арамызды ажыратып, ат құйрығын кесісіп кете алмаймыз. Өйткені халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың жұмысынан үйренетін тұстарымыз да аз емес.

Халықаралық қаржы көздерінің еліміздегі гранттық, білім беру, консультациялық бағдарламаларының қысқартылуы тағы бір өзекті мәселені туғызып, отандық үкіметтік емес ұйымдардың шетелдік инновациялық әлеуметтік технологияларды, осы саладағы озық тәжірибелерді оқып-білуіне, зерттеп-тануына және тәжірибе тұрғысынан игеруіне шектеулер қойылып отыр. Сол себепті еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы әртүрлі инновациялық технологияларды сынақтан өткізу және іс жүзінде өндіріске енгізу мақсатында арнайы бағдарламалар аясында халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың белсене қатысуымен сұхбат алаңдарын құрудың тәсілдері қарастырылғаны жөн болар еді.

Өзара тәжірибе алмасып отыру отандық үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби шеберліктерін жетілдіруге барынша септігін тигізеді. Өздерінің мақсаттық топтарының мүдделерін ғана емес, ұлттық мүдделерді сауатты және біліктілікпен қорғай білетін азаматтық қоғамның белсенділігін арттырмайынша еліміздің әлемдегі бәсекелестік қабілетін күшейту де мүмкін емес екені дәлелдеп жатудың өзі артық.

Азаматтық қоғамның осы саласындағы экономикалық және әлеуметтік маңызы бар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейте түсу мақсатында ғаламторда арнайы мемлекеттік портал немесе Интернет-ресурсын құрған жөн болар еді. Осынау ғаламтор порталында отандық үкіметтік емес ұйымдар өздерінің жүзеге асырғысы келетін, мемлекеттік тұрғыдан басымдылық сипатқа ие жобалары туралы тиісті ақпараттар жариялауына жағдай жасалар еді. Ал халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар ұсынылған мәліметтерге сүйене отырып, қаржыландырғысы келетін жобаларды таңдап ала алар еді.

Мемлекеттік әлеуметтік маңызы бар тапсырыс жүйесін одан әрі жетілдіре түсу және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар жобаларын қаржыландырудың баламалы түрлерін енгізу барысында халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың гранттық бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі көп жылдық жұмыс тәжірибелерінің тиімді тұстарын пайдалану ұтымды болмақ. Мұндай шетелдік ұйымдардың қаржылық қана емес, зияткерлік қорлармен, тіпті қарапайым адамдармен жұмыс істеу тәжірибесі мол, отандық үкіметтік емес ұйымдар алдындағы беделі жоғары екенін ешқашан да назардан тыс қалдырмауымыз керек.

Еліміздің аумағында жұмыс істеп жатқан халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың саны көп болғандықтан олардың және мемлекеттік органдардың тапсырыстары бойынша отандық үкіметтік емес ұйымдардың жүзеге асырып жатқан жобаларының бағыт-бағдары мен тақырыптары жиі қайталанып жатады. Мұндайға жол бермеу және шиеленісті жағдайларды болдырмау үшін өзара ақылдасып, кеңесіп отыру да артық болмас еді.

Тағы бір өзекті мәселе – елімізде болып жатқан оңды өзгерістер мен әртүрлі іс-шараларға пікірлерін білдіру үшін шетелдерден шақырылатын сарапшыларға қаржының шектен тыс көп төленуі. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстанның ішкі жағдайы мен сыртқы саясатына тәуелсіз баға беріп, халықаралық сараптама жасайтын арнайы мамандардың қажет екенінде дауымыз жоқ.

Алайда, халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың шақыруымен немесе ұсынуымен елімізге келетін ондай сарапшылардың қызмет ақысының өте қымбат екендігі соншалықты, олардың бөлген қаржысының басым бөлігі біздің отандық үкіметтік емес ұйымдарымызды қолдау үшін емес, сол өздері әкелген мамандардың асыра бағаланатын жұмысы үшін жұмсалып жатады. Оның үстіне ондай шетелдік сарапшылар еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа салаларындағы ерекшеліктерінен бейхабар болғандықтан, олардың пікірлері мен болжамдары кәдеге аспай, жарамсыз күйде қалып қоятын жағдай да жиі кездеседі. Мұндайға жол бермеу үшін арнайы сарапшы ретінде отандық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін кеңірек және жиірек жұмысқа тартып, жергілікті жағдайларымызды барынша жетік білетін өз азаматтарымыздың тәуелсіз талдамалық-сараптамалық жұмыстарына лайықты қаламақы төлеу жүйесін қолдану қажет.

Қазақстан аумағында халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен бірге көптеген мемлекеттердің елшіліктері, шетелдік бизнес-құрылымдар да жұмыс істейді. Олардың көпшілігі арнайы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады, сол арқылы біздің отандық үкіметтік емес ұйымдарымызды қаржыландырып отырады.

Жоғарыда аталған шетелдік құрылымдармен өзара ынтымақтастықты одан әрі жалғастырып, олардың халықаралық және шетелдік «әлеуметтік инвестор» ретіндегі қызметтерін жергілікті үкіметтік емес ұйымдарымыздың

республикалық және жергілікті әлеуметтік маңызы бар жобаларын табысты жүзеге асыруына мүмкіндік беру үшін тиімді түрде пайдаланудың тетіктерін жетілдіре беруге тиіспіз.

Халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынастың әртүрлі жақтарына талдау жасай келіп, олармен ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсу мақсатында «Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының» жобасында 2014-2020 жылдар аралығында мынадай іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр:

- халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың қызметтерін реттеу және үйлестіру, олардың жұмыстары мен есептерінің жариялылығын қамтамсыз ету мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамалық құжаттарға талдау жасау және оларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

- әріптестік негізде мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен тәуелсіз донорлар қауымдастығы түрінде Ұлттық донорлар форумын құру және оның қызметін қамтамасыз ету;

- халықаралық ұйымдардың арнайы жәрмеңкелерін ұйымдастыру;

- ел дамуының әртүрлі салалары бойынша басым бағыттарды анықтау мақсатында халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен өзара келісе отырып, стратегиялық арнайы сессияларды тұрақты түрде өткізіп отыру;

- отандық үкіметтік емес ұйымдардың, билік орындары өкілдерінің, басқа да мүдделі жақтардың қатысуымен жыл сайын халықаралық ұйымдардың жария түрде есеп беруін ұйымдастыру;

- халықаралық және шетелдік ұйымдардың негізінде Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары басшылары мен қызметкерлерінің бірлескен оқу-білім беру және кеңес беру бағдарламаларын, сонымен бірге тағылымдамаларын жүзеге асыру;

- біріктірілген бюджет жүйесі бойынша әртүрлі елдердің үкіметтік емес ұйымдары, билік орындары өкілдерінің, мүдделі жақтардың қатысуымен өзара тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық конференциялар өткізіп отыру.

ҰЛТТЫҚ ЖОСПАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ҮШ КЕЗЕҢІ. Міне, біз жоғарыда «Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының» жобасында белгіленген жеті түрлі бағыт-бағдарға талдау жасап, ондағы негізгі өзекті мәселелерге тоқталдық.

Жобасы 2013 жылдың 14-15 қарашасы күндері Астана қаласында өткізілген Қазақстанның VІ Азаматтық форумында азаматтық қоғам белсенділерінің назарына ұсынылып, жан-жақты талқыға салынған Ұлттық іс-қимыл жоспарын мынадай үш кезеңде жүзеге асыру көзделген:

Бірінші кезең мерзімі – 2014-2015 жылдар. Кезеңнің негізгі міндеттері: қолданыстағы нормативтік құқықтық қорларды одан әрі жетілдіре түсу; үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасы саласында жаңа нормативтік құқықтық актілер жиынтығын жасау; Ұлттық жоспарды жүзеге асыру бағыттары бойынша алғашқы нұсқаулар беретін іс-шаралар мен ақпараттық науқандар өткізу.

Екінші кезең мерзімі – 2016-2019 жылдар. Кезеңнің негізгі міндеттері: мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың қарым-қатынасы саласындағы құқықтық-заңнамалық құжаттарды қолдану тәжірибелерін жетілдіру, үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау көрсетудің нормативтік бекітілген жүйелерін іс жүзінде енгізу; Ұлттық жоспарда көрсетілген тақырыптық бағыттар бойынша үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара ынтымақтастық іс-әрекеттері үдерісін сапалық тұрғыдан жақсарту.

Үшінші кезең мерзімі – 2020 жыл. Кезеңнің негізгі міндеттері: Ұлттық жоспардың бағыттары, белгіленген нәтижелер деңгейіне қол жеткізу бойынша жүзеге асырылған іс-шаралардың тиімділігін бағалау бойынша зерттеу жүргізу және оларға талдау жасау жобаларын жүзеге асыру; Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасы саласындағы жаңа түбегейлі құжатты бірлесе жасау үдерісін ұйымдастыру.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсының бас редакторы, Астана қаласы.

 

10 қараша, 2014 жыл.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

22.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «МӘҢГІЛІК ЕЛ ТАРИХЫ» атты ғылыми жұмыстар конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Конкурс жыл сайын өткізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.
20.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта мектептердің білім алушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған барлық пәндер бойынша Республикалық «МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСЫ» конкурсын жариялайды. Конкурс жыл бойы өткізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.
18.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа колледж оқытушыларының өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.