ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІНЕ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛДІ

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының http://zertteushi.kz Интернет-ресурсында осыған дейін «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР: ҚЫСҚАША ТАРИХЫ, ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ», «ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ЫҚПАЛДЫҒЫН АРТТЫРУ КЕРЕК», «ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ ҮМІТІМІЗДІ АҚТАЙ МА?» тақырыптарындағы бірнеше мақала жарық көрген болатын. Ресми сайтымыздың «Үкіметтік емес ұйымдар» атты бөлімінде орналастырылған осы және басқа да жарияланымдарда елімізде азаматтық қоғам қалыптастырудың өзекті мәселелері талқыға салынған еді.

2015 жылдың 5 қарашасы күні еліміздің Парламентінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттейтін Заң қабылданды. Атап айтқанда, Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланып, құжат қабылданды. Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.

Құжат азаматтардың әлеуметтік бастамаларын іске асырудың пәрменді құралы болуға тиісті қазақстандық қоғамды одан әрі әлеуметтік жаңғырту және азаматтық қоғам институттарын жетілдіру мақсатында әзірленген. Бұл ретте құжатта үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін, олардың қызметтерінің ерекшеліктерін ескере отырып, құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіру, сонымен бірге қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қолдау шараларын қамтиды.

Парламент қабылдаған Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын жетілдіруде бірқатар бағыттар бойынша шаралар атқаратын болады. Атап айтқанда, ҮЕҰ үшін мемлекеттік, мемлекеттік емес гранттар мен республикалық және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік міндеттерді шешуге едәуір үлес қосқандары үшін сыйақылар түрінде қаржыландырудың жаңа нысандары енгізіледі. Бұдан бөлек, мемлекет пен қоғамда болып жатқан процестерге жедел ден қою мақсатында ҮЕҰ гранттық қаржыландыру саласындағы бірыңғай оператордың функцияларын орындайтын ұйым құрылады.

Бұдан бөлек, ҮЕҰ жобаларын гранттық қаржыландыру енгізіледі. Осыған орай, құжаттың басты мақсаты ҮЕҰ-ны қолдау, оларды жетілдіру мен дамыту болып табылады. Гранттардан бөлек, ҮЕҰ үшін арнайы сыйақылар тағайындалады. Жаңа ережеге сәйкес, гранттар ҮЕҰ-ға бейімдендірілген конкурстар арқылы берілмек. Сыйақыларға конкурс жыл сайын ҮЕҰ үшін 15 аталым бойынша ұйымдастырылады.

«Жалпы алғанда құжаттың қабылдануы қоғамдық бастамаларды мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың құқықтық тетіктерін заңнамалық тұрғыдан бекітуге мүмкіндік береді. Бұл қадамдар өз кезегінде үкіметтік емес сектордың орнықты дамуына, азаматтық белсенділікті арттыруға, ҮЕҰ сапалы әлеуметтік қызметтерді ұсынуына және азаматтық қоғам институттарының нығаюына жол ашады», - дейді заңнамадағы өзгерістер туралы баяндаған сенатор Бірғаным Әйтімова.

Үстіміздегі жылдың 2 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Төменде осы заңның мәтінін оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

 

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы

2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 429-V ҚРЗ

 

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

1. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 18-I, 18-II, 92-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145, 146-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 6-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 9, 46-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 52-құжат; № 14, 71-құжат; № 15, 78-құжат; № 16, 79-құжат; 2015 жылғы 29 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 29 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 30 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 28 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 30 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 28 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 3 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 3 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):

1) мазмұны мынадай мазмұндағы 489-1-баптың тақырыбымен толықтырылсын:

«489-1-бап. Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасын бұзу»;

2) мынадай мазмұндағы 489-1-баппен толықтырылсын:

«489-1-бап. Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасын бұзу

1. Коммерциялық емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдар филиалдары мен өкiлдiктерiнің (оқшауланған бөлiмшелерiнің) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға өз қызметі туралы, оның ішінде өзінің құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаның қалыптасу көздері және жұмсалу бағыттары туралы мәліметтерді ұсынбауы, уақтылы ұсынбауы, сол сияқты анық емес немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуы, –

ескерту жасауға алып келеді.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік), –

жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не үш ай мерзімге қызметін тоқтата тұруға алып келеді.»;

3) 684-баптың бірінші бөлігі «489 (екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші бөліктерінде),» деген сөздерден кейін «489-1,» деген цифрлармен толықтырылсын;

4) 804-баптың бірінші бөлігінде:

50) тармақша «464 (екінші бөлігі),» деген сөздерден кейін «489-1,» деген цифрлармен толықтырылсын;

мынадай мазмұндағы 50-1) тармақшамен толықтырылсын:

«50-1) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органның (489-1-бап);».

2. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 1, 8-құжат; № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 5, 30-құжат; № 10, 56-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 2, 21-құжат; № 5, 43-құжат; № 17, 136-құжат; № 23, 179-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 64-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 11, 63, 67-құжаттар; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 16, 79-құжат; 2015 жылғы 31 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауыл шаруашылығы кооперативтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):

1) 12-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Қор өз мүлкін пайдалануы туралы есептерді жыл сайын интернет-ресурстарда орналастыруға және (немесе) оларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялауға мiндеттi.»;

2) 41-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

«5. Мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, қор, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестіктері нысанында, сондай-ақ осы Заңның 17-бабында көзделмеген өзге де ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға жыл сайын 31 наурызға дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен өз қызметі туралы, оның ішінде өз құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаны қалыптастыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы мәліметтерді ұсынады.».

3. «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» 2005 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 6, 8-құжат; 2011 ж., № 21, 171-құжат; 2012 ж., № 5, 35-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; 2014 ж., № 3, 21-құжат):

1) тақырыбы мен кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы

Осы Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.»;

2) 1-бапта:

2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс – үкіметтік емес ұйымдар бюджет қаражаты есебінен орындайтын әлеуметтік саладағы міндеттерді шешуге бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыру нысаны;»;

3-2) және 4-1) тармақшалар алып тасталсын;

мынадай мазмұндағы 6-1), 7-1), 7-2), 7-3), 7-4), 7-5) және 8-1) тармақшалармен толықтырылсын:

«6-1) Уәкілетті орган жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) – үкiметтiк емес ұйымдармен өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін уәкілетті орган құратын консультациялық кеңесшi орган;»;

«7-1) үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант (бұдан әрі – грант) – үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператордың азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тарту мақсаттарында үкіметтік емес ұйымдарға беретін қаражаты;

7-2) үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттарды іске асыру мониторингі – үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттарды іске асыру туралы ақпаратты жинау, өңдеу және талдау;

7-3) үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы (бұдан әрі – сыйлықақы) – республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін үкіметтік емес ұйымдарға бюджет қаражаты есебінен берілетін ақшалай сыйақы;

7-4) үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор (бұдан әрі – оператор) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және осы Заңға сәйкес гранттар ұсынуға құқығы бар акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым;

7-5) Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқоры – үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және жұртшылыққа олар туралы ақпарат беру мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру шеңберінде пайдалану, гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру үшін қалыптастырылатын ақпараттық дерекқор;»;

«8-1) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мен іске асыру, сыйлықақылар беру, гранттар ұсыну және олардың іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі қызметке басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;»;

3) 2-баптың тақырыбы және 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы

1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.»;

4) 3-бапта:

тақырыбы мен бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«3-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесін құқықтық реттеу қағидаттары

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесін құқықтық реттеу:»;

4) және 5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«4) үкіметтік емес ұйымдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;

5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесінің жариялығы мен ашықтығы қағидаттарына негізделеді.»;

5) 4-баптың 2) тармақшасы алып тасталсын;

6) 4-1-бапта:

мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2) және 2-3) тармақшалармен толықтырылсын:

«2-1) үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар беру және олардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

2-2) үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыларды беруді жүзеге асырады және оларды беру қағидаларын бекітеді;

2-3) Үйлестіру кеңесін құрады, оның ережесін және құрамын бекітеді;»;

3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу мониторингін жүзеге асырады және оны жүргізу қағидаларын бекітеді;»;

мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

«4-1) Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына енгізу үшін «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабының 5-тармағына сәйкес берілетін мәліметтерді тексеруді жүзеге асырады;»;

6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«6) Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорын жүргізуді жүзеге асырады;»;

мынадай мазмұндағы 6-1) және 7-1) тармақшалармен толықтырылсын:

«6-1) Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорын қалыптастыру тәртібін айқындайды;»;

«7-1) оператордың өз қызметінің нәтижелері туралы есебін қарайды және оның нысанын бекітеді;»;

7) 4-2-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінде қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар туралы мәліметтерді жинайды, жинақтайды және уәкілетті органға береді.»;

8) мынадай мазмұндағы 4-3-баппен толықтырылсын:

«4-3-бап. Мәліметтерді тексеру

1. Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына берілетін мәліметтерді тексеруді уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру мониторингінің және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттарды іске асыру мониторингінің нәтижелері, жеке және заңды тұлғалардың шағымдары, мемлекеттік органдардың ақпараты, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар мәліметтерге тексеру жүргізу үшін негіздер болып табылады.

Қажет болған кезде тексеру жүргізуге басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері тартылуы мүмкін.»;

9) 5-бапта:

тақырыбы мен бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«5-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру салалары

1. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру мынадай бағыттар:»;

13-2) тармақшадағы «жүргізу;» деген сөз «жүргізу бойынша жүзеге асырылады.» деген сөздермен ауыстырылып, 13-3) және 14) тармақшалар алып тасталсын;

мынадай мазмұндағы 2-тармақпен толықтырылсын:

«2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру:

1) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) көмек көрсету бағыты бойынша;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша да жүзеге асырылады.»;

10) мынадай мазмұндағы 5-1, 6-1, 6-2 және 6-3-баптармен толықтырылсын:

«5-1-бап. Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқоры

Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорын қалыптастыру «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабының 5-тармағына сәйкес берілетін мәліметтер, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар беретін мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.»;

«6-1-бап. Гранттар

1. Гранттар бюджет қаражаты есебінен берілетін мемлекеттік және жеке және заңды тұлғалар, халықаралық, шетелдік ұйымдар ерікті негізде бюджеттен тыс көздерден беретін мемлекеттік емес болып табылады.

2. Гранттар грант беруге арналған шартқа сәйкес үкіметтік емес ұйымдар, оператор әзірлеген әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыруға беріледі.

3. Гранттар тарату процесіндегі, дәрменсіз (банкрот) деп танылған, мүлкіне тыйым салынған және (немесе) экономикалық қызметі тоқтатыла тұрған үкіметтік емес ұйымдарды қоспағанда, Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына енгізілген үкіметтік емес ұйымдарға конкурстық іріктеу негізінде беріледі.

4. Грантты алған үкіметтік емес ұйымдар алынған қаражаттың бір бөлігін, бірақ он пайыздан аспайтын бөлігін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге пайдалана алады.

5. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында реттелетiн гранттар беру процесінде туындайтын қатынастарға осы бап қолданылмайды.

6-2-бап. Оператор

1. Оператор:

1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тарту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттар беруге;

2) қоғамдық бақылауды дамыту мақсатында гранттарды іске асыру мониторингі үшін сарапшыларды тартуға құқылы.

2. Оператор:

1) үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар беру және олардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес гранттардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыруға;

2) уәкілетті органға гранттар беру тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

3) гранттардың іске асырылуы туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыруға;

4) өз қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті уәкілетті органға беруге, сондай-ақ оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

6-3-бап. Сыйлықақылар

1. Сыйлықақыларды уәкілетті орган Үйлестіру кеңесінің ұсынымдарын алғаннан кейін береді.

2. Үкіметтік емес ұйымдарды сыйлықақы алуға ұсыну туралы өтінімдерді үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдар уәкілетті органға жыл сайын 1 қыркүйекке дейін береді.

3. Сыйлықақыны алуға сол бір ғана үкіметтік емес ұйымдарды қатарынан үш жыл ішінде қайта ұсынуға жол берілмейді. Сол бір ғана үкіметтік емес ұйым сыйлықақыны алуға бір номинациядан артық номинация бойынша ұсыныла алмайды.

4. Сыйлықақының ең төменгі мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерін құрайды.

5. Бір номинация бойынша сыйлықақы бір немесе бір мезгілде бірнеше ізденушіге берілуі мүмкін. Бұл жағдайда сыйлықақы олардың арасында тең бөлінеді.»;

11) 7, 8 және 9-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

«7-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, мемлекеттік гранттар мен сыйлықақыларды қаржыландыру және олардың бюджет қаражатын пайдалану

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, мемлекеттік гранттар мен сыйлықақыларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, мемлекеттік гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру үшін көзделген бюджет қаражаты осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шартта, мемлекеттік грант беруге арналған шартта белгіленген мақсаттарда және тәртіппен пайдаланылады.

8-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орындалуын, гранттардың пайдаланылуын және сыйлықақылар беруді бақылау

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орындалуын, гранттардың пайдаланылуын және сыйлықақылар беруді бақылауды уәкілетті орган, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

9-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.».

2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Президенті Н. Назарбаев

 

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» ШЖҚ РМК

Жаңалықтар

26.05.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдерінің және балалар бақшалары тәрбиешілерінің арасында өздері жүргізетін сабақтарының ғылыми-әдістемелік салаларынан ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстар жазу бойынша Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – ЗЕРТТЕУШІ» конкурсын жариялайды. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған жұмыстар қабылданады.
24.05.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «ҚОҒАМДЫҚ БАЙЛАНЫС – ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚ» атты еркін тақырыпқа жазбаша эссе конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Эссені кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
22.05.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының ұйымдастырып отырған «Әдебиет әлемі – оқушы көзімен» және «Мектеп оқушыларының үздік ғылыми жұмысы» конкурстарына 2017 жылдың 15 мамырына дейін келіп түскен жұмыстардың бір тобы «Ғылыми зерттеулер әлемі – Мир научных исследований – World of scientific research» журналының 2016 жылғы шілде-желтоқсан, №№7-12(109-114) санында жариялау үшін дайындалып, журналдың аталған нөмірі басып шығару үшін баспаханаға тапсырылғанын хабарлаймыз.