МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНДЕ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН МӘДЕНИ-ТАНЫМДЫҚ ОРТАЛЫҚТАРДЫ ДАМЫТУ ҚАЖЕТ

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылғы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранты аясында Түркістан облысының Мырзашөл өңірінде, яғни Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарында балалар және жасөспірімдермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде мұражайлардың, кітапханалардың және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелердің ақпараттық-танымдық, шығармашылық және оқыту қызметін дамыту мақсатында олардың Қазақстан халқының тарихымен, дәстүрлерімен және рухани қазыналарымен танысуына мүмкіндік жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 14-15 сәуір күндері Өзбекстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарымен барған болатын.

Мемлекетіміздің басшысы Ташкент қаласындағы «Өзбекстан» халықаралық форумдар сарайында өткізілген Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсімінде: «Шұғыл түрде түркі дүниесінің ғана емес, әлемдік мәдениеттің мақтанышына айналған біздің елдеріміздің басты рухани және тарихи орталықтарын бір-бірімен байланыстыратын Түркістан, Самарқанд, Бұхараны бір бағытқа қосатын туристік кластерін ашуға болады деп есептеймін», - деген ұсыныс айтты.

Біз, «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі, мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған Қазақстанның Түркістан және Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара қалаларының аралығындағы туристік кластерге Түркістан облысындағы Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының аумақтарындағы рухани, тарихи-мәдени ескерткіштерді қосу қажет деп есептейміз.

Осыған орай, біз 2019 жылдың 17 сәуір күні еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына арнайы хат жолдап, Қазақстанның Түркістан және Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара қалаларының аралығындағы туристік кластерге Түркістан облысындағы Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының аумақтарындағы рухани, тарихи-мәдени ескерткіштерді қосу туралы ұсыныс білдірген едік.

Ойымызды түйіндеп айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 406 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасының» «Қазақстан Республикасында туризм индустриясын дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері» атты 4-ші бөлімінің «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» деп аталатын 4-ші тармақшасына өзгертулер мен толықтырулар енгізген дұрыс болар еді.

Жоғарыда көрсетілген Тұжырымдамадағы «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластеріне Түркістан қаласы мен Шардара қаласы аралығындағы ежелгі тарихи елді мекендердің орындары мен тарихи кесенелерді, сондай-ақ Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі Мақта шаруашылығы тарихының музейі секілді туристердің қызығушылығын тудыратын орындарды енгізу қажет.

Егер мемлекеттік бюджет есебінен қажетті қаражат бөлініп, тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілетін болса, тарихи шаһар Түркістаннан Шардара қаласы арқылы Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіне апаратын жол бойында, Сырдарияның сол жағалауында еліміздің қазіргі заманғы, жоғары тиімді және бәсекеге қабілетті туристік саласын қалыптастыруға мүмкіндік беретін ежелгі тарихи ескерткіштер мен ежелгі елді мекен орындары аз емес.

Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі туризмді дамытуға бағытталған «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластерін Түркістан – Шардара қалалары – Мақтаарал ауданының Мырзакент кенті аралығында жаңа туристік бағытпен толықтырып, осы өңірдегі туризм орындарын инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылыммен дамыту, жол бойындағы туристік нысандарға жетуге жағдай жасау, туристер демалатын жерлердегі қызмет көрсету сапасының деңгейін жақсарту және тағы да басқа мәселелерді шешуге ерекше назар аударылып, көңіл бөлінуі тиіс.

https://www.facebook.com/mzhakyp/posts/2208378812576323

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылғы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранты аясында Түркістан облысының Мырзашөл өңірінде, яғни Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарында балалар және жасөспірімдермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде мұражайлардың, кітапханалардың және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелердің ақпараттық-танымдық, шығармашылық және оқыту қызметін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны іске асыруға дайындық жүргізіп жатқан кезде, 2019 жылғы 4 маусым күні Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына жолданған жоғарыдағы хатымызға байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапановтан арнайы ресми жауап хат келді.

Бұл ресми жауап хатта Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінде (бұдан әрі – Министрлік) Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша біздің Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың атына жолдаған елдің әкімшілік-аумақтық құрылысына қатысты өтінішіміз қаралғаны айтыла келіп, мынадай мәселелерді хабарлапты:

«Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» кластеріне қатысты

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы № 406 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында туристік саланы дамыту бойынша 2023 жылға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, Түркістан облысы «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» кластеріне енгізіліп, Түркістан қаласы кластердің орталық нысаны ретінде айқындалды.

Сондай-ақ, кластерге облыстың бірқатар туристік нысандары, оның ішінде Шардара қаласы да кіріп отыр.

Бүгінгі күні Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандары бойынша арнайы туристік маршруттар әзірленген.

Аталған маршруттарға аудандардың рухани, тарихи-мәдени нысандары енгізілген, оның ішінде:

- Шардара ауданы – Жаушықұмтөбе қалашығы, аудандық тарихи-өлкетану музейі, Шардара су қоймасы, Ұзын Ата кесенесі және Сүткент қалашығы;

- Мақтаарал және Жетісай аудандары – «Тарихи құндылықтар музейі», «Мақта шаруашылығы тарихы музейі», Үтіртөбе қалашығы.

Бұдан бөлек, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан туристік маршруттарға жылына екі рет сараптама жұмыстары жүргізіліп отырады.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда маршруттардың бойында 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) нысан төлқұжаттары мен жол сілтегіштер орналастырылып, аумағындағы санитарлық нысандарды ретке келтіру, айналасын абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

Шардара ауданының туристік әлеуетін ескере отырып, Шардара жағажайы аумағында туризмді дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдануда.

Атап айтқанда, жағажай аумағының 255 га жер телімін Орман қоры жерінен елді мекен санатына ауыстыру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Жағажайға инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Осымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының туристік өнімдерін екіжақты жылжыту мәселелері бойынша, сондай-ақ «Жібек жолы» маршруттары бойында бірлескен туристік өнімдерді қалыптастыру мәселелері бойынша туристік қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері ерекше маңызға ие.

Айта кету керек, кейбір қазақстандық және өзбек туристік компаниялары Ұлы Жібек жолы бойынша бірлескен туристік өнімдерді қалыптастыру және сату бойынша жұмыстар жүргізуде.

Сонымен, бірлескен туристік өнімдерді қалыптастыру және оларды Өзбекстан Республикасының аумағында жылжыту мақсатында құрама турларды ұйымдастыру туралы екі жақты келісімдер жасалды: Global Air (ҚР) Dolores Travel (ӨР), Kazakhstan Travel Hub (ҚР) Manzara Tourism (ӨР) компанияларымен бірге.

Қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында келесі бірлескен турлар ұйымдастырылды:

Астана – Ташкент – Бұхара – Самарқанд – Шымкент – Түркістан – Сайрам бағыты бойынша ұзақтығы 10 күн болатын «қазіргі заманғы Жібек жолы» туры.

Ташкент – Шымкент – Алматы бағыты бойынша ұзақтығы 5 күн болатын Алматы-Ташкент автобус туры».

Осылайша, біздің ұсынысымыз бойынша Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы № 406 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында туристік саланы дамыту бойынша 2023 жылға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» кластеріне Түркістан облысының бірқатар туристік нысандарын, оның ішінде Шардара қаласын да енгізіп отыр.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі кезде Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандары бойынша арнайы туристік маршруттар әзірленген.

Яғни Түркістан облысындағы Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының аумақтарындағы рухани, тарихи-мәдени ескерткіштер Қазақстанның Түркістан және Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара қалаларының аралығындағы туристік кластерге қосылады деп үміттенеміз.

МЫРЗАШӨЛДЕГІ ТАРИХИ ОРЫНДАР

Еліміздің оңтүстік өңірлеріне баратын шетелдік және отандық қонақтардың ерекше туристік қызығушығын тудыратын осындай маңызды орындар туралы біраз мәліметтерді біз өзіміздің 1998 жылы басылып шыққан «Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми монографиялық еңбегімізде ортаға салған едік.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Мырзашөл қазақтары

Мысалы, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Түркістан өлкесіне зерттеу жұмыстарын жүргізген арнайы ғылыми экспедициялар қазіргі Мырзашөл мен Шардара өңірлерінен Түркістан қаласына дейінгі аралықта тарихи Шардара қала-бекiнiсiнiң, сондай-ақ ежелгi Ұзын Ата, Қысты, Сүткент, Байырқұм, Ешкiлi, Жартөбе, Рабат, Қауған Ата, Артық Ата, Разды Ата, Оқсыз қалаларының қираған орындарын қағазға түсіріп, Қаракөл, Жолбарыс, Көксарай, Шеңгелдi, Балтакөл, Мыңтөбе, Ешкiөлмес, Мұрынбұлақ, Боранжол, Қарақ Ата елдi мекендерi жайында көптеген тарихи деректер жазып қалдырған.

Біздің осы ғылыми монографиялық еңбегіміздегі мәліметтерді негізге ала ала отырып, отандық ғалымдарымыз 2004-2005 жылдардан бастап әртүрлі экспедициялар ұйымдастырып, Мырзашөл және Шардара өңірлеріндегі орта ғасырлық Үтіртөбе – Үтірлі (VII-XII ғ.ғ.), Асық Ата, Шардара (ІV-XII ғ.ғ.), Жаушықұм, Сейіттөбе (I-XII ғ.ғ.), Көксу (ІV-XII ғ.ғ.), Сүткент (І-V ғ.ғ.), Байырқұм ежелгі қалаларының орындары мен Ұзын Ата, Мұңлық-Зарлық тарихи кесенелеріне арнайы барып, археологиялық барлау және қазба жұмыстарын жүргізді.

АСЫҚ ATA КҮМБЕЗІ

Үдере көшкен Қызылқұмның астында қалған, ия болмаса дарияның толқындары шайып кеткен немесе түбі терең көлдердің астында қалған қалалардың катары өте көп болуы мүмкін...

Ежелгі зерттеушілердің архив қойнауларында жатқан қазыналы еңбектерін іздеген сайын көз алдымызға Жиделі-Байсындағы Мырзашөл мен Қызылқұмның төскейін гүлдендірген ертедегі Ұзын Ата, Асық Ата секілді ескі қалалардың аспанмен таласқан биік-биік мұнаралары елестей береді.

Асық Ата дегеніміз – халықтың айтуынша, әулиелі кесене екен. Сырдария тасығанда оны су басқан көрінеді. Ұзын Ата сияқты Асық Ата да кезінде ажары кіріп, базары тарқамаған ертедегі үлкен шаһарлардың бірі болуы ықтимал.

Сырдың орта ағысының жағалауын мекендеген халық пір тұтатын қасиетті орындардың бірі – Асық Ата кесенесі болатын.

Жергілікті тұрғын Кәрібай Мылтықбаев кезінде былай деген еді:

«Біздің халқымыз қашан да асылды асыл деп танып, бағалай білген. Осындай киелі орын – Асық Ата әулиеге арнап салынған ескерткіш кесене болатын, - деген еді ол кісі. – Оның неше жыл, қай ғасырда өмір сүргенін дәл болжай алмаса да, жұртшылық Асық Ата әулиені аузынан тастамайды, есінен шығармайды. Өзіміз бала кезімізде оны талай рет барып көрдік. Әулие атамыздың басына тұрғызылған кесене бірде-бір шеге қағылмай салынған, сыртқы көрінісі киіз үйге ұқсайтын. Қазір оны Сырдария өзенінің толқындары, Шардара су қоймасының қуатты күші шайып кетті, кесене су астында қалды. Мырзашөл мен Қызылқұмдағы көзге түсетін әсем ғимараттардың бірі – сол еді. Сыр бойын жайлаған халық Асық Ата кесенесіне түнеп, түстеніп, құран оқып, дұғасын жасап аттанатын. Бертін келе діннен ат-тонын ала қашқан дүмшелер тарихы бар кесенеге қырын қарауды шығарды. Соған қарамастан, халық бәрібір одан безген жоқ, керісінше, іштей сиынып, табынып жүре берді».

Асық Ата – тарихи атау. Сырдың орта ағысының жағалауын мекен еткен халық пір тұтқан қасиетті орындардың бірі – Асық Ата кесенесі болған.

1917 жылға дейін Мырзашөл өңірінде Асық Ата мешіті де жұмыс істеген.

Асық Ата кесенесі мен мешіті Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Самарқан облысының Қожент уезіндегі Иіржар болысының Ақтөбе әкімшілік ауылының аумағында орналасқан.

Тарихи Асық Ата кесенесі ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Шардара су қоймасы салынған кезде судың астында қалыпты. Бұрынғы Асық Ата мешітінің ғимараты да соның күйін кешкен.

Егер тарихшылар тереңінен зерттейтін болса, Асық Ата – ежелгі тарихи қаланың орны болуы да мүмкін.

Асық Ата кесенесі ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Шардара су қоймасы салынған кезде соның астында қалыпты. Оның айналасындағы зираттар мен бұрынғы Асық Ата мешітінің ғимараты да соның күйін кешкен. Дарияның суын адам билігіне қаратып аламыз деп жүріп, тарихи орындарды соның құрбандығына шалып жіберіппіз.

Ал, қазір… Ал, қазір көз алдымызға Мырзашөл мен Қызылқұмның атағын жария етіп, даңқын асырған, баяғының гүлзар бағындай жайнаған Асық Ата, Ұзын Ата шаһарларының көкке иық тіреген мұнаралары көз алдымызға жиі елестей береді, елестей береді.

МЫРЗАРАБАТ САРДОБАСЫ (VII-XII ҒАСЫРЛАР)

Санада жатталып қалғанмен жер бетінен жойылып кеткен Сыр бойындағы ежелгі мәдениет ескерткіштерінің бірі – Мырзарабат сардобасы. Кезінде қазақ ғалымдары оған айрықша мән беріп, көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Жанымызда ештеңе қоспай-ақ, сол бір заманның бағалы жәдігерліктерін көз алдымызға әкелетін ғылыми жазбаларды сол қалпында ұсынғанды жөн көрдік.

«...Қәзіргі Қазақстан территориясында біздің заманымыздың VІІ-ХІІ ғасырларынан бері сақталып келе жатқан біраз азаматтық және діни архитектура ескерткіштері тарихи бағалы, ең алдымен архитектура құрылыстық құнды заттар болып келеді.

Бұлардың негізгілері төмендегі ескерткіштер … Мырзарабат сардобалары (Х-ХІ ғасырлар) … және басқалар», - дейді Т.К. Бәсенов.

«…Сардобалар, демек, құдық үстіне салынған құрылыстар (Мырзарабаттікі, 15-таблица) және Якка (16-таблица) көшпе мекендерде ауыл шаруашылық тұрақтары болғандықтан келісімді болған. Конструктивтік жағынан алғанда бұлар арка ойындылары бар күмбез құрылысы түрінде жасалған.

Құрылыс түрі бойынша сардобалардың өзінің қалыптасқан архитектуралық тұлғасы бар. Сардобалар мен мавзолейлердің архитектуралық формалары мен бейнелерінің жалпы келбеті ұқсас болғанымен, алайда кең ашылған ойықтар, олардың саны, құрылыс көлемі және сыртынан көрінетін ішкі кеңістігі сардобалардың мавзолейден негізгі айырмашылығы болып табылады. Сардобалардың архитектурасында ярусты күмбез стилі жасалған (15-таблица), мұның өзі мұндай күмбезбен үлкен кеңістікті жабуға мүмкіндік береді...

Сонау бір кезде шетсіз-шексіз Бетпақ далада сардобалар құтқарушы маяктай болып тұрушы еді. Бұлар аңызақ ыстықта еріндері кезеріп, шөлдеген адамдар мен жан-жануарлардың бәріне су бергісі келіп, өздеріне тартып тұратын. Кең байтақ аспан күмбезінің астында көсіліп жатқан сахара әлемін де осы сардобалар көрсететін. Қазақстанның оңтүстік аудандары мен Орта Азияға тән болып келетін құрылыстың бұл түрі жайылымды мал шаруашылық аудандары үшін қазірдің өзінде де маңызын жойған жоқ».

«Қарақандықтар дәуірінде қалыптасқан осы табыстардың барлығы кейінде, монументальды құрылыстар формасы мен архитектура құрылыс тәсілдерінің негізгі дәстүріне айналды, ашық қарапайым жоба (шаршы) орталық порталды құрылыстардың төбелері не порталды күмбез, не конус түрінде жасалды. Мысалы… құдық үстіне салынған құрылыстар – Мырзашөлдегі Мырзарабат сардобасы, тағы сол сияқтылар».

«Мырзарабат сардобасы – Мырзашөлдегі байырғы керуен жолының бойына орналасқан күмбезді құдық, сардоба. Негізінен шөл далада су сақтау, ыстық күнде құдықтағы судың жылымауы үшін салынған. Шамамен 6-9 ғ-да Орта Азияға кең тараған азаматтық құрылыс үлгісімен тұрғызылған. Сырт пішіні киіз үйге ұқcac төбесі күмбезді. Бүйірінде күмбезге кіріп cу алу үшін жасалған бірнеше арқалары бар. Күмбез өру, арка шығару ісінде қызыл кірпішті бедерлеп қалау әдісін қолданған. Құдық қабырғасы да берік шегенделген. Мырзарабат сардобасы сол дәуірдегі көшпенді халықтарға, әсіресе, жолаушылар мен кереуендер үшін ауыз су әрі бағыт-бағдар рөлін атқарған».

«...Другим гидротехническим сооружением на юге Казахстана была сардоба – резервуар для хранения воды. Это полуподземная круглая, диаметром около 6-8 м., купольная стройка из жженного кирпича (в нижней части – из камня). С помощью специально проведенного канала сардоба заполнялась паводковыми и дождевыми водами. Спуск к воде вел по каменной лестнице. Как правило, сардоба сооружалась в комплексе с караван-сараями (например, сардоба Мырза-Рабат в Махтааральском р-не)».

1917 жылға дейінгі кейбір деректерде Мырзарабат сардобасы Абдолла хан Бұқарды билеп тұрған кезде салынған делінеді. 25 бөлмелі, айналасында жаудан қорғану үшін саз балшықтан тұрғызылған қабырғалары болған. Бұдан екі ғасырдай бұрын ол Сырдария өзенінің жағалауына жақын жатқан сияқты. Уақыт өте келе дарияның ағысы өзгергендіктен және арасы қашықтап кеткендіктен оған қарай өзеннен арық жүргізілген.

Мырзарабат сардобасы XIX ғасырдың соңында қирап, құлай бастаған. Жергілікті қазақтар оның кірпіштерін бұзып, сол маңайға жерленген туған-туысқандарының молаларына белгі қоюға пайдаланған. Ертедегі тамаша мұсылман сәулеті өнерінің ескерткіші болып табылатын бұл сардобанын көп кірпіштері, әсіресе, 1868 жылы «Орыз Шыназ» қаласына тасылып әкетілген.

1914 жылы Ташкентте басылып шыққан Самарқан облысының Қожент және Жызақ уездеріндегі Мырзашөл аймағы мен оған шектесіп жатқан аумақтағы түземдік көшпелі халықтың жер пайдалануы жөніндегі материалдар жинақталған кітапқа қосымша ретінде берілген картада Мырзарабат сардобасының орны, ал, 1914 жылы Петроградта жарық көрген Мырзашөлдің өткені мен бүгініне арналған жинақта оның суреті берілген.

ҮТІРЛІ (ҰТЫРЛЫ) ҚАЛАСЫ

Мырзашөлде халқымыздың қазақи көрегендігін, ұтқырлығын танытатын жер-су атаулары өте көп. Сондай бірегей атаулардың бірі – Үтірлі (Ұтырлы).

Үтірлі (Ұтырлы) – көне қаланың аты. Қазіргі Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданына қарасты Атакент (бұрынғы Ильич) кентінің солтүстік-батыс жағында, бұрынғы «Мақтаарал» мақта шаруашылығының орталығынан он шақырымдай жерде, Сырдарияға құятын Сорөзек тармағының жағалауында, қазіргі Асықата өңірінің аумағында біздің дәуіріміздің ІХ-ХІ ғасырлары аралығында Үтірлі (Ұтырлы) қаласы ғұмыр кешкен.

Үтірлі (Ұтырлы) қаласы жайында қолда бар деректеріміз оншалықты мол емес. Онда да Мәскеудегі «Наука» баспасынан 1972 жылы басылып шыққан «Археологические открытия 1971 года» деп аталатын жинаққа сілтеме жасай аламыз.

Бұл кітапта жарияланған Өзбекстан Ғылым академиясы Археология институтының ғалымдары Ю.Ф. Буряков пен О.М. Ростовцевтің мақаласында Үтірлі қаласының орны табылғаны жайында қысқаша мәліметтер бар.

Сондай-ақ, Ташкенттегі «Фан» баспасынан 1975 жылы басылып шыққан Ю.Ф. Буряковтың «Историческая топография Ташкентского оазиса» деген кітабының 51-бетінде бұрынғы Чиначкент (қазіргі Шыназ) қаласынан оңтүстікке қарай 30 шақырым жерде, Сырдарияның сол жағалауында Үтірлі қаласының орны табылғанын тағы да атап етеді.

Біздің болжам-пайымдауымызша, Үтірлі (Ұтырлы) – кәрі Сырдарияның бойын мекендеген оғыздар салған қала болса керек. Ал, ертеде осы өңірді жайлаған тайпалардың арасында оғыз тайпасы да болғаны, кейін олардың бірігуінің, араласып-құраласуының арқасында түркі тектес халықтар тарағанын тарих айғақтайды.

Мырзашөлдегі қазақ жерлері Өзбекстанның қарамағына берілгеннен кейін, 1971 жылы сол республиканың Ғылым академиясына қарасты Археология институтының жоғарыда айтылған зерттеушілері Үтірлі (Ұтырлы) қаласының орнын қазып, қыштан жасалған құмыралар мен күнделікті тұрмысқа қажетті өзге де ыдыстардың сынықтарын, гауһар, коралл, аметист, сердолик, лазурит, кварц, халцедон секілді аса бағалы тастардан, әйнек пен сүйектерден жасалған түймелер мен теңгелерді тауып алды. Сол әшекейлі заттардың қазір қайда екеңдігі беймәлім.

Өкінішке қарай, қолдарыңыздағы осы еңбекте әлденеше рет сілтеме жасалған «Қазыналы қара шаңырақ» атты дерекнамалық баянның 47-бетінде: «Үтірлі қаласын зерттеу үшін 1970 жылы Алматы қаласынан келген археологтар екі жылдай қазба жұмыстарын жүргізді», - деп оқырмандарды адастыратын мәліметтер беріледі. Егер 1963-1971 жылдары Мырзашөл аймағы Өзбекстанға қарап тұрса, Үтірлі – Ұтырлы қаласының орнына қалайша Алматыдан археологтар келе қойсын? Болжамда да қисын болуы керек қой).

Үтірлі (Ұтырлы) қаласы Сырдарияның жағалауындағы керуен жолының бойына салынған. Алып жатқан жер аумағы алпыс гектардан асады, қала ірі-ірі үш сәулеттік-құрылыстық жүйеден тұрады. Көп бөлмелі үйлерінің қабырғалары күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған. Бөлмелерінің едендері айшықты суреттермен көркемделген. Осы уақытқа дейін қазақстандық ғалым-мамандардың назарынан тасада қалып, зерттелмей, қазылмай, топырақ астында қалған Үтірлі (Ұтырлы) қаласының орны бүгінде биік төбеге айналған.

«Үтірлі – Ұтырлы» деген сөздің мағынасы қандай дегенге келсек, «ұтырлы» – қазақта ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген сөздердің баламасы, кейде «ұтырлы сәтін тапқан екен» деп те айтып жатамыз. Мүмкін, ежелгі халық қоныстанған аймақтың ең бір тіршілікке қолайлы, тиімді жайлысы – осы Үтірлі – Ұтырлы болғандықтан да ол осылай аталған шығар.

Егер Үтірлі-Ұтырлы – Отырар секілді жұртшылыққа кеңінен танылмай жатса, оған ежелгі тарихи қала емес, өзіміз, тарихшы-ғалымдарымыз кінәлі. Қазыққа шідерленген аттай астананың айналасын, бұрыннан белгілі саусақпен санарлықтай орындарды шыркөбелек айналдыра бермей, кең-байтақ қазақ жерінің барлық тұсынан іздестіре берсек, қажетті қазына жеткілікті. Үтірлі-Ұтырлының ұмыт қалып жүруінің басты себептері де осында.

Мырзашөл қазақтары Ұтырлы қаласының атауын кейде Үтірлі деп те атайды. Өйткені 1911-1912 жылдары осы аймаққа ғылыми экспедиция шығарып, зерттеген орыс ғалымдары Үтірлі-Ұтырлыны «Ұтары, Ұтыры» деп әртүрлі жазған. 1917 жылға дейін мұнда Иіржар болысының Үтірлі-Ұтырлы және Аққұм ауылдарының қоңыраттары жартылай отырықшы дәстүрмен ғұмыр кешкен.

Үтірлі-Ұтырлы қоңыраттарының осындағы Тоғызкөл, Қаншенауызы, Ащыкөл, Дәнеперен талы, Қалғансыр, Бөрілітоғай, Қойбасартал, Ақшығанақ деген жерлерде қыстаулары болған. Сыр бойы қазақтары Үтірлі-Ұтырлыны – Үтірлі-тоғай деп те атаған. Үтірлітөбе төбесі сол кезде-ақ орыс экспедициясы мүшелерінің карталарына түсірілген.

1917-1928 жылдары осында Ташқазақ уезіне қарасты Иіржар болысының Үтірлі-Ұтырлы атты ауылы, оның маңайында мешіт те болғанын архив материалдарынан байқау қиын емес.

Үтіртөбе мен Ұтыры-Ұтырлының жұрт аузында қалған, өзгерістерге ұшыраған атауларының бірі.

Түркістан облысындағы Асықата өңіріндегі бір ауыл қазір Үтіртөбе деп аталатыны да соның нәтижесі.

ҰЗЫН АТА КЕСЕНЕСІ

Түркістан облысындағы Шардара ауданының аумағында Ұзын Ата деп аталатын ауыл бар. Осы ауылға Жетісай жақтан кіре берісте жолаушыларды Ұзын Ата кесенесі қарсы алады.

Ұзын Ата кесенесінің тарихы әлі де тереңірек зерттей түсуді қажет етеді.

1870-1917 жылдар аралығында Ташкент қаласында жарық көріп тұрған «Туркестанские ведомости» газетi айрықша назар аударған тарихи ескерткiштердiң бiрi – көне Қызылқұмның қойнауындағы Шардара өңiрiнде, сырлы да шерлi Сырдария өзенiнiң орта ағысының сол жағалауында бұл күндерде алыстан мұнартып, ескi дүние жәдiгерлiктерiнiң соңғы тұяғындай болып мен мұндалаған Ұзын Ата кесенесі едi.

Өйткенi бүкiл Сыр бойындағы орта ғасыр ескерткiштерiнiң арасындағы бүтiндей сақталып қалған санаулы ғимараттардың бiрi – осы Ұзын Ата кесенесi. Оның ашылмай жатқан сыры әлi де аз емес.

«Туркестанские ведомости» газетiнің 1900 жылғы бiрнеше нөмiрлерiнде зерттеушi-ғалым Н. Рудневтiң «Ұмыт қалған аймақ» («Заброшенный уголок») деп аталатын көлемi ауқымды мақаласы жарық көрдi.

Қызылқұмға саяхатқа шығып, армансыз аралаған мақала авторы қазiрге дейiн құндылығын жоғалтпаған, електен өткiзiп, таразылай алсақ, қаншама пайдалы мағлұмат беретiн, ойға тамызық болатын жайларды ортаға салған.

Бiз айтып отырған осы мақаласында Н. Руднев Сырдарияның жағалауындағы тоғайларға ұласып жатқан, бұрынғы Шардара бекiнiсi мен Үшқайық өткелiнiң аралығындағы 250 шақырымдай дала алқабы еңселi және бай мәдениеттiң орны болғанын, осы аймақта қалып қойған ежелгi қалалардың, бекiнiстердiң, кенттердiң құлаған орындары және ескi арықтардың тұтас жүйелерi әлi күнге дейiн сақталғанын айтады.

Сондай-ақ, Сыр бойында жүргiзiлген ғылыми-зерттеу сапары кезiнде оған жергiлiктi қазақтар ежелгi елдi мекендердiң мұндай iздерi Үшқайықтан Арал теңiзiне қарай бағытта да кездесетiнiн айтқанын, өкiнiшке қарай, өзiнiң ондай ескерткiштердi өз көзiмен көре алмағанын жазады [ТВ. – 1900. – №15. – 20 ақпан (4 наурыз); 1900. – №16. – 24 ақпан (8 наурыз); 1900. – №17. – 27 ақпан (11 наурыз); 1900. – №20. – 9(22) наурыз; 1900. – №23. – 19 наурыз (1 сәуір)].

«Туркестанские ведомости» газетiнiң беттерiнде әр кезде жиi жазылып тұрғанымен, бүгiнгi оқырман соның бiрiн бiлiп, бiрiн бiлмей жатады.

Бұл ескерткiштер қай ғасырда, қандай мақсатпен тұрғызылған? Кiмге арналған? Қандай оқиғалар себеп болған? Оларға тарихи-мәдени құндылығы тұрғысынан қандай баға берiлдi?

Мiне, осындай сауалдарға толықтай жауап беру үшiн бiз қарастырып отырған «Туркестанские ведомости» газетiндегi деректердi басқа мәлiмет көздерiмен тығыз сабақтастыра, салыстыра келiп, жауап бере аламыз.

Мысалы, Н. Рудневтiң «Туркестанские ведомостиде» жарық көрген жоғарыда аталған мақаласында:

«…Кенттердiң қалдықтары, егер көптеп кездесетiн төбелер жиынтығын (Мыңтөбе) осылай атауға болатын болса, Ұзын Ата деген жерден Шардара бекiнiсiне дейiн ғана кездеседi, бәлкiм, ежелгi ел мәдениетi бiрте-бiрте осы бағытпен таралған шығар…

Қысты деген жерден (Қышты, Шардарадан шамамен 30 верст төменде жатыр) Түркiстан учаскесiнiң Перовск уезiмен шектесетiн шекарасына дейiн бiр-бiрiмен әр түрлi қашықтықта он бiр қала орналасқан», - деп ой түйедi [ТВ. – 1900. – №15. – 20 ақпан (4 наурыз); 1900. – №16. – 24 ақпан (8 наурыз); 1900. – №17. – 27 ақпан (11 наурыз); 1900. – №20. – 9(22) наурыз; 1900. – №23. – 19 наурыз (1 сәуір)].

Осындайда, «Туркестанские ведомости» газетiне жүгiнсек, сырын ашпаған Ұзын Ата кесенесiнiң құпияларына бiрте-бiрте қаныға түсетiндеймiз.

Газет авторы Н. Рудневтiң жазбаларына көз салайық. Ол былай дейдi: «…Түркiстан өлкесiн орыстар жаулап алғанға дейiн Сырдарияның жағалауында бiрде-бiр мешiт болмаған. Шамасы бұдан 10-15 жыл бұрын түземдiктер ежелгi қалалардың қойнауынан қазып алынған ескi, күйдiрiлген кiрпiштерден мешiт салуға бел шеше және бiрлесе кiрiстi.

Ежелгi Шардара бекiнiсiнiң құлаған орнынан Үшқайық жерiне дейiнгi саны 16-ға жететiн мешiттердiң бәрiнен де ишанның ұлы Экран-Қасымның (Икрам-Қасым болуы мүмкiн – М.Ж.) мешiтi өте әдемi болып көрiнедi, ол Әзiрет Сұлтан мешiтiнiң кiшкентай көшiрмесiне ұқсайды.

Кейбiр мешiттердiң жанынан мұсылмандардың қарапайым мектептерi – медреселерi салынған, олардың қырғыз (қазақ – М.Ж.) мұғалiм-молдалары бар.

Көптеген оқушылар оқитын, осындай көлемдегi мектеп ежелгi Ұзын Ата қаласының үйiндiсiндегi осылай аталатын мешiт пен мазардың маңайында орналасқан.

Қалдықтарына қарағанда, бұл ежелгi қала өте үлкен орынды алып жатқан, уақыт өте келе асау өзен оның, әсiресе, шығыс беткейiн шайып кеткен.

Қаланы оңтүстiк жағынан көмкерiп жатқан Ұзын Ата төбесi бiр кезде шаһардың орасан зор ежелгi кiндiк орталығы болғанға ұқсайды. Оның оңтүстiк маңайында қақпалардың iзi байқалады.

Кiндiк орталықтан солтүстiк-батысқа қарай кейбiр тұстарында көшелерi мен арықтары бар құрылыстардың қалдықтары көзге көрiнедi, әрi қаланың шетiне қарай әдейi қоршалған, алты мұнаралы төрт бұрышты бекiнiс салынған.

Бұл жерде қала арқылы өтетiн, дариядан 15 верст солтүстiк-батысқа қарай созылып, әлгiге ұқсас бекiнiске ұласатын ескi арық басталады.

Ежелгi қаланың орталығында ұрпақтары қазiргi кезде алыптарға тән бойына байланысты Ұзын Ата деп атап, ардақ тұтатын қырғыздың (қазақтың – М.Ж.) моласының үстiнде күйдiрiлген кiрпiштен дөңгелек күмбездi, биiк қабырғалы кесене салынған, бүгiнде ол күтiлмейтiндiктен, бiрте-бiрте құлай бастаған.

Кесененiң маңайында, әсiресе, шығыс жағында көптеген қырғыздардың (қазақтардың – М.Ж.) молалары бар, әрқайсысының үстiнде ескi мәрмардан жасалған, жазуы бар енсiз көктастар жатыр» [ТВ. – 1900. – №15. – 20 ақпан (4 наурыз); 1900. – №16. – 24 ақпан (8 наурыз); 1900. – №17. – 27 ақпан (11 наурыз); 1900. – №20. – 9(22) наурыз; 1900. – №23. – 19 наурыз (1 сәуір)].

Ежелгi аңыз-әңгiмелерге сүйенсек, Ұзын Атаның шын мәнiндегi аты – Асан Ата деседi. Атақонысы – осы Ұзын Ата – Тайпақ екен. Әр сөзi дуалы Асан қария Ақсақ Темiрдiң бас кеңесшiлерiнiң бiрi болса керек.

Ұзын Ата Сыр бойын мекендеген халықтардың ыстық ықыласына бөленгендiктен, әруақты қария, ел атасы – әулие кiсi атанған көрiнедi. Ол Зеңгi Атадан бата алған екен деген де сөздер бар.

1908 жылы Ташкент қаласындағы Ильин баспаханасынан басылып шыққан Салиххиддин Ташкендидiң «Темiрнаме» атты еңбегiнде Ташкент төңiрегiн мекендеген беделдi дiн ғұламасы, дiни пәндердi жетiк бiлген, сопылық бауырластықтың басшысы, жақсы iстерiмен танылған Зеңгi Атаны пiр тұтқан төрт шәкiртi болғандығы, олардың аттары – Сейiт Ата, Бәдiр Ата, Сәдiр Ата және Ұзын Хасан Ата екендiгi баяндалады.

Зеңгi Атаның шәкiрттерiнiң барлығы да Хорезмнен шыққан пайғамбар әулетi шерiфтер едi делiнедi бұл еңбекте. Ол уақытта Бұқарада Баянқұли ханның билiк құрып тұрған кезi екен.

Мұхаммед пайғамбардың кiндiгiнен тараған екi ұлы мен төрт қызы болғанын ол туралы жазылған әдебиеттер арқылы бiлемiз. Ұл балалары жас кездерiнде қайтыс болып кетедi де, төрт қызының iшiнен Фатиманы өзiнiң немере iнiсi Әли ибн Әбу Тәлiпке қосып, одан ұрпақ өрбидi. Фатимадан Хасан және Хұсейiн есiмдi ұл балалар дүниеге келедi. Хасаннан тараған ұрпақтары – шерiфтер деп, ал, Хұсейiннен тараған ұрпақтары – сейiттер деп аталады.

Зеңгi Атаға шәкiрт болған Ұзын Хасан Ата деген кiсi бiз әңгiмелеп отырған Ұзын Асан Ата екендiгi дау тудырмаса керек. Бұлай дейтiнiмiз – Хасан деген есiмнiң «х» әрпi қазақша ауызекi айтылуында түсiп қалып, Асан Атаға айналуы әбден мүмкiн.

Өткен ғасыр тарихшыларының бiрi Салихиддин Ташкендидiң «Темiрнаме» атты кiтабында Зеңгi Ата өзiнiң үздiк шәкiрттерiнiң бiрi Сейiт Атаға: «Сенi Дештi Қыпшақ деген дiнсiз кәпiрлер елiне жiберемiн, сол елдiң халқын мұсылман дiнiне кiргiзесiң», - деп батасы мен тапсырмасын берiп, бағытын көрсетiп жiбергенi айтылады.

Осындай шапағаты мол тапсырма басқа шәкiрттерiмен бiрге Ұзын Асан Атаға да берiлгенi даусыз.

Ендеше, Ұзын Атаның еншiсiне тиген, үлесiне берiлiп, мұсылман дiнiн тарату мiндетi жүктелген өңiр – осы күнгi Сырдың сол жағалауы, бертiн келе Ұзын Ата – Тайпақ аталып кеткен өлке болса керек.

Бұл орайда, Ұзын Атаның тегi Мұхаммед пайғамбардың қызы Бибi Фатиманың Хасен есiмдi ұлынан тараған ұрпақтан екендiгi көңiлге қонатын тұжырым.

Осы Ұзын Ата – Тайпақ жерiне алғаш ислам дiнiн алып келушi, халықты мұсылман дiнiнiң үрдiсiне бастаушы, үлкен игi iстердiң басында жүрген, жақсылығымен елге танылып, құрметке бөленген, әулие ата атанған пайғамбар үмбетi деп түсiнуге тиiспiз.

Барлық ғұмырын Орталық Азия аймағын зерттеуге арнаған ғұлама ғалым, академик В.В. Бартольдтың жазуына қарағанда, Ұзын Ата елдi мекенi кезiнде Ақсақ Темiрдiң Сырдария бойында жүргiзген соңғы жорықтарының бiрiнде аяқ суытқан бекетi болған секiлдi.

Ол, сондай-ақ, сол тұстағы ел билеушiлерiнiң бiрi Хәлiл Сұлтан Ақсулаттан Отырарға бара жатқан жолында Ұзын Ата түбiнде Шаһрухқа табан тiрегенi туралы деректер келтiредi.

Осындай тарихи деректерге тереңірек үңілсек, Ұзын Ата кесенесін де Ақсақ Темір салдырғанына күмән келтіру қиын. Ақсақ Темірдің Түркістан топырағына бірнеше рет аяқ басып, Отырарға сан мәрте келгенін көне тарих куәландырады. Сондай көптеген сапарларының бірінде Ұзын Ата кесенесі бой көтеруі әбден мүмкін.

Тағы бiр қызықты дерек – тарихшы Мұхамеджан Тынышбаевтың еңбектерiнде кездеседi. Онда Ақсақ Темiрдiң Пiр-Мұхамед және Хәлiл деген немерелерi болғандығы, осынау әмiршi 1405 жылы қайтыс болғанда, оның орнына әлгi мұрагерлерi қалғаны айтылады.

Ұзын Ата зиратына жерленген Шермұхамед Хәлiм Дұрманұлы мен Ақсақ Темiрдiң немерелерi Пiр-Мұхамед пен Хәлiлдiң есiмдерiнiң бiр-бiрiне ұқсастығы да ерiксiз көңiл аударады.

Бұлай дейтiнiмiз – «Ұзын Ата» атауының шығу төркiнiне байланысты пiкiрталастар ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiнде бастау алса, қазiргi уақытқа дейiн толастамай келе жатыр.

Н. Руднев 1900 жылы «Туркестанские ведомости» газетiнде:

«…Өзiнiң ескi атауын неге сақтап қалғаны белгiсiз Оқсыз қаласынан басқа (Үшқайық өткелiнен 45 версттай жоғарыда, Ешкiөлмес өткелiне жақын, Түркiстан қаласына апаратын жолда жатыр) қалаларының бәрiнiң аттары ұмытылып, түземдiктердiң тiлiне Қысты (Қышты), Ұзын Ата, Сүткент, Байырқұм, Ешкiлi, Жартөбе, Рабат, Қауған Ата, Артық Ата және Разды Ата (соңғысы Үшқайық өткелiнен 10 верст төменде орналасқан) түрiнде аударылған», - деп жазған болатын [ТВ. – 1900. – №15. – 20 ақпан (4 наурыз); 1900. – №16. – 24 ақпан (8 наурыз); 1900. – №17. – 27 ақпан (11 наурыз); 1900. – №20. – 9(22) наурыз; 1900. – №23. – 19 наурыз (1 сәуір)].

Сондай-ақ, «Туркестанские ведомости» газетiнде жарияланған мақаласында А. Тилло:

«…Шардара алқабынан, тiптi Шыназдан бастап дарияның сол жағалауын бойлап, 200 верст қашықтықта осындағы Қысты, Ұзын Ата, Сүткент, Ешкiлi, Байырқұм, Жартөбе, Қауған Ата, Артық Ата, Разды Ата және Оқсыз секiлдi көптеген қалалар мен елдi мекендердiң құлаған орындары жатыр, бұл атаулардың екеуi қазiрге дейiн ескiше түрiн сақтаған, ал, қалғандарына мұнда жақында ғана қоныс тепкен қырғыздар (қазақтар – М. Ж.) атау берген», - дейдi [ТВ. – №72. – 7 сентября. – 1903].

Сыр бойындағы жер-су атаулары, оның iшiнде Ұзын Ата да, кейiнгi кезде ғана қойылған, бұрын бұл өңiрде қазақтар тұрмаған, ендеше, ол қазақтардың атақонысы емес деген пiкiр айтады.

Ал, академик Әлкей Марғұлан:

«Ғұндар – мыңдаған жыл ұлы сахараны қоныстап, өздерiнен көп ұрпақ, бай мәдениет қалдырған ел. Олардан ұрпақ болып қалған елдер үйсiндер, қаңлылар, оғыздар, қыпшақтар, арғындар, қоңырат қияттар, наймандар, керейлер, уақ-үңгiттер, латтар.

Бұлар мұра етiп қалдырған қалалар Сыр бойында, Жетiсуда, күнбатыс Қазақстанда, Маңғыстауда орасан көп.

Олардың iшiнен ең жойқындары Сайрам, Сүткент, Отырар, Түркiстан, Сауран, Сығанақ, Қауған Ата, Артық Ата, Баршынкент, Жент, Оғыз-Дабан, Харасан Ата, тағы одан басқа Сыр бойы мен Қаратауда толып жатқан өзге қалалардың үйiндiлерi (Субкент, Ягакент, Баба Ата, Құмкент, Кенжек), тағы басқалары.

Бұл тамаша қалаларды кейбiр зертеушiлер сахараны қыстаған тайпаларға көпсiнiп, оны жасаушылар ауып келген бөтен адамдар деп түсiнген. Бiрақ бұл шындыққа келмейтiн, қате, ағат айтылған», - деп Н. Руднев, А. Тилло сияқты ғалымдардың «Туркестанские ведомости» газетiнде жазылғандай, «бұл жерге қазақтар кейiн ғана келген» деген таяз тұжырымдарына дәлелдi тойтарыс бередi.

«Туркестанские ведомостиде» жарық көрген тағы бiр мақалада: «Орыстың отарлауы үшiн жарамды жерлер қызу iздестiрiле бастаған 1898 жылы Сырдария облысының әскери губернаторына қырғыздардың (қазақтардың – М.Ж.) айтуынша, Сырдарияның сол жағалауында, Ұзын Ата алқабынан Үшқайық өткелiне дейiн көптеген ескi, ұмыт қалған, Сырдың өн бойынан тартылған және мұнда ежелгi мәдениеттiң болғанын дәлелдейтiн арықтар бар екендiгi хабарланды», - делiнедi [ТВ. – 1903. – №№79-80. – 1-5 қазан].

Отаршылдық пиғылындағы өзiнiң әрiптестерi айтқан ой-пiкiрлер мен олардың ежелгi жер-су атаулары мен ертедегi ел мәдениетiне күмәнданған тұжырымдарына, осылайша, Н.С. Лыкошин қарсылық көрсетедi.

Бiз үшiн орны мен мән-маңызы бөлек деректерге өте бай, дегенмен танымдық-ғылыми тұрғыдан тереңірек зерттеп, сарапқа салып, арнайы сүзгiден өткiзудi қажет ететiн осынау материалдардағы ерiксiз мойындататын жай – Ұзын Ата ғимаратының сонау ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында-ақ «Туркестанские ведомости» секiлдi газеттермен тiкелей қарым-қатынас жасап тұрған орыс зерттеушiлерiiң назарын ерекше аударғандығы.

Дей тұрғанмен олардың «Сырдың сол жағалауын қазақ халқы өткен ғасырда ғана қоныстана бастаған» деген бiр қайнауы iшiндегi кереғар пiкiрдi қайталай беретiндерiнiң астарында қандай пиғыл жатқаны түсiнiктi болса керек.

Олардың ежелгi қалалардың атауларын қазақтар өзгерткендiгi жайындағы дәлелсiз тұжырымдары да бұл өңiрдiң байырғы тұрғындары қазақтар емес, басқа халықтар, сондықтан отарлау саясатын барынша ашық және қарқынды жүргiзуге толық құқымыз бар деген ойдың бiр көрiнiсi.

Бұл тұрғыдан ең маңызды мәселе – Ұзын Ата әулиенiң басындағы күмбездiң ХIХ ғасырдың аяғында немесе ХХ ғасырдың бастапқы кезеңiнде емес, сонау ХIV-ХV ғасырларда тұрғызылғандығы орыс ғалымдарының газетте жарияланған жазбаларында аражiгi ажыратылып, жiктеле баяндалмай қалғандығын айтуға тиiстiмiз.

«Туркестанские ведомости» газетiнде жарияланған ғылыми мақалалардағы деректердi және қазiргi заманғы зерттеушiлердiң тұжырымдарын бiр-бiрiмен салыстыра келiп, Сыр бойында Ұзын Ата тарихи атауымен байланысты мынадай үш түрлi ежелгi елдi мекен, қасиеттi орындар болған деп ой түюге болады:

Оның бiрiншiсi – Ұзын Ата (Ақтөбе) қаласы. Бұл қала IV-Х ғасырларда өмiр сүрген. Ол Шардара ауданының аумағындағы бұрынғы «Комсомол» деп аталатын ауылдың солтүстiк-шығыс жағындағы 10 шақырым қашықтықта, Сырдарияның сол жағалауында, өзеннiң ескi ағысының маңайында, қазiргi Ұзын Ата мазарының орнында орналасқан.

Қаланы 1900 жылы белгiлi орыс зерттеушiсi Н.В. Руднев, одан кейiн А. Тилло және Н.С. Лыкошин секiлдi патша өкiметiнiң шенеунiк-қызметкерлерi зерттеп, «Туркестанские ведомости» газетiнiң беттерiнде көптеген ғылыми мақалалар жариялады.

Сонымен бiрге Ұзын Ата қаласын 1951 жылы Оңтүстiк Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам, Г.И. Пациевич), 1982 жылы Шымкент педагогика институтының археологиялық отрядының экспедициясы (Н.П. Подушкин) зерттедi.

Ежелгi Ұзын Ата қаласының орталығында дөңгелек төбе сақталған, негiзгi орнының аумағы 60х50 метр, биiктiгi 10-12 метр. Осы төбеге жан-жақтан жалғасатын алаңдар бар, олардың негiзгi орындарының аумағы 260х290 метр, биiктiгi 3-5 метр, мұнда тұрғын үйлер, шаруашылық кешендерi және қорғаныстық құрылыстар салынған. Олардың денi күнi бүгiнге дейiн сақталып қалған.

Қаланың солтүстiк-шығысында өзеннiң ескi арнасының, жер бетiне салынған құрылыстардың орындары кездеседi. Сондай-ақ, тас пен керамикадан жасалған, ас iшуге, шаруашылық-тұрмыстық қолданысқа арналған ыдыстар табылған.

Сырдарияның сол жағалауындағы маңызы мен мәнi жағынан екiншi тарихи орын – Ұзын Ата қорған-мазары. Ол бiздiң ғасырымыздың бiр мыңыншы жылдары пайда болған. Ауылдың солтүстiк-батыс жағындағы 12 шақырымдай жерде жатыр.

Ұзын Ата қорған-мазарының орнын 1950 жылдары Оңтүстiк Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам) жүргiздi. Қорған-мазар бiрнеше қорғандар тобынан тұрады. Онда адам денелерi өртеу тәсiлiмен жерленгенi анықталды.

Үшiншiсi – Ұзын Ата мазарының үстiне тұрғызылған кесене. Бұл ғимарат туралы ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiнде «Туркестанские ведомости» газетi секiлдi отаршыл орыс мерзiмдi басылымдарында жарық көрген материалдарға жоғарыда жан-жақты тоқталдық.

Кесене жайындағы тарихи мәлiметтер мынадай ойға бастайды.

Кейiнгi уақытта анда-санда ғана базбiр мерзiмдi басылымдарда ұшырасып қалатын қазақ ғалымдарының еңбектерiнде, мәселен, зерттеушi Р.М. Мұстафинаның 1992 жылы жарық көрген Оңтүстiк Қазақстанда ХIХ-ХХ ғасырлардағы тұрмыстық исламның таралу жайын зерделеуге арналған «Представление, культы, обряды у казахов» деп аталатын кiтабында, сонымен бiрге, «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1987 жылғы сәуiр айындағы №4 нөмiрiндегi Досбол Анефияевтың «Ұзын Ата күмбезi» атты мақаласының соңында редакция тарапынан берiлген ескертуде осынау ежелгi ғимарат кейiнгi уақытта ғана әлдебiреулер тұрғыза салған, құндылығы оншалықты маңызды емес құрылыстардың бiрi секiлдi көрсетiледi.

Осы айтылғандарды түйiндей келгенде, «Туркестанские ведомости» газетi – нақты деректер көзi екендiгiн Сыр бойының орта ағысындағы Ұзын Ата әулиенiң басындағы кесенеге байланысты тарихи мәлiметтердi анықтау барысында да дәлелдеп отыр.

Яғни, бұл мерзiмдi басылымда жарық көрген материалдар әншейiн жай ғана журналистiк хабар-ошарлар ғана емес, қазақ халқының кешегi тарихынан молынан мәлiмет беретiн, көптеген құнды мұраларды жинақтаған ерекше әдеби нұсқалар екендiгiне көз жеткiземiз.

Бiз патшалық Ресейдiң тұсында жарық көрген мерзiмдi басылымдар мен ғылыми еңбектерге ғана жүгiнiп отырмыз.

Ал, шындығында осы аймақтағы Мырзашөл, Иiржар, Асық Ата, Ұзын Ата, Жетiсай және басқа да тарихи атаулардың шығу төркiндерi ежелгi заманның тереңiнен тамыр тартып жатқаны сөзсiз.

Олардың сыры мен қырын әлi де айқындай түсу үшiн тек 1917 жылға дейiн, патшалық Ресей тұсында басылған орыс тiлiндегi ғылыми зерттеулермен ғана шектелiп қалмай, Бұқар және Қоқан хандықтары тарихшыларының, шет ел ғалымдарының араб, парсы, қытай және тағы басқа тiлдерде жазылып, жарық көрген жылнамалары мен шежiрелерi де терең зерттелуi қажет.


МАҚТА ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАРИХЫНЫҢ МУЗЕЙІ

Түркістан облысының әкімдігіне қарасты Мақта шаруашылығы тарихының музейі Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі осыдан 90 жылға жуық уақыт бұрын салынған өте тар ғимаратта орналасқан.

Мырзашөл өңірінің Атакент кентіндегі Мақта шаруашылығы тарихының музейі – еліміздегі ең көне, ежелгі мәдениет және өнер мекемелерінің бірі.

Мақта шаруашылығы тарихының музейі орналасқан ғимарат 1930 жылы салынған.

Түркістан облыстық Мақта шаруашылығы тарихының музейі 1944 жылы құрылған. 1944 жылы Мақтаарал ауданының даңқын бүкіл әлемге танытқан әйгілі «Мақтаарал» совхозының құрылғанына 20 жыл толуына арнап (аталған шаруашылық 1924 жылы шаңырақ көтерген) ауыл шаруашылығы көрмесі ұйымдастырылады.

Осы көрмеден кейін кеңшар қаулысы бойынша шаруашылықтың егіншілік саласындағы қол жеткізген табыстарын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатымен музей құру туралы шешім қабылданады.

1973 жылы Қазақстан Компартиясы Мақтаарал аудандық комитетінің және Мақтаарал аудандық кеңесі халық депутаттары атқару комитетінің қаулысымен музей келушілер үшін салтанатты түрде ашылады.

1971-1979 жылдары музей қоғамдық негізде жұмыс істеді.

Қазақ КСР Мәдениет министрлігі алқасының 1979 жылғы 31 қазандағы №102 қаулысына сәйкес музейге «халықтық музей» құрметті атағы беріледі.

1984 жылы Мәдениет министрлігінің басшысы Ж. Еркімбековтің қолы қойылған 16.02.1984 ж. №57 бұйрығына, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б. Әшімов қол қойған №30 қаулысына сәйкес музей Мәдениет министрлігінің қарамағына өтеді.

2002 жылдан бастап «Мақтаарал ауданының мақта шаруашылығы тарихының мұражайы» мемлекеттік мекемесі деп аталады.

2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық бюджеті есебінен қаржыландыру басталды.

2007 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстік Қазақстан облысының мақта шаруашылығы тарихының музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді.

Мақта шаруашылығы тарихының музейін құрып, ұшан-теңіз материал, құжаттарды жинастырып, ғылыми жүйелеу барысында оның алғашқы ұйымдастырушысы, КСРО Қорғаныс министрлігінің дербес зейнеткері, көп жылдар бойы музейдің директоры болып қызмет атқарған Василий Иванович Амельченко ерекше еңбек сіңірді.

Ол 1984 жылы Ташкент қаласындағы «Рассом» сурет комбинатымен шартқа отырып, музейде заман талабына сай безендіру жұмыстарын жүргізді.

Мақта шаруашылығы тарихының музейіне мемлекет басшылары Н. Хрущев, Д.А. Қонаев, көрнекті композитор Ш. Қалдаяқов, сондай-ақ АҚШ, Бразилия, Моңғолия, Қытай, Куба, Венгрия, т.б. көптеген елдердің өкілдері арнайы келіп, мұндағы тарихи жәдігерлерді қызыға, тамсана тамашалаған.

Музейге ат басын бұрған құрметті қонақтардың қолтаңбалары қалдырылған арнайы кітапты экспозиция залынан көруге болады.

Музей экспозициясының алғашқы залы 1913-1945 жылдар аралығын қамтиды.

Музей экспозициясы Мырзашөлдің панорамасымен басталады, мұнда суландыру жұмыстары, алғашқы мақта егу құралдары мен техникалары, «Мақтаарал» совхозының алғашқы директоры, Социалистік Еңбек Ері А. Орловтың жұмыс кабинеті, соғысқа дейінгі мақта сұрыптары, 1910 жылғы «Максим» пулеметі, 1917 жылғы мылтықтар мен тұрмыстық заттар орын алған.

Музейдің кейінгі экспозициясы 1946 жылдан басталып, қазіргі уақыт аралығын қамтиды. Мақтаны өлшеу құралдары, мақтадан алынатын өнімдер, Мырзашөл өңірінде қызмет атқарған адамдардың өмірінен мәлімет алуға болады.

Міне, Мырзашөл өңірінің игерілу тарихына қатысты өте құнды мұрағаттар мен жәдігерлер сақталған осынау ерекше мәдениет және өнер мекемесі – Мақта шаруашылығы тарихының музейі күні бүгінгі күнге дейін сонау 1930 жылы салынған ескі ғимаратта тақыр кедейдің күйін кешіп отыр.

Мақта шаруашылығы тарихының музейі қызметкерлерінің қолдарына алатын еңбек жалақылары тіпті 50 мың теңгеге де жетпейді.

Мырзашөл өңірінің астанасы деген құрметті атауға лайық, Шымкенттен қиыр Оңтүстікке қарай 230 шақырым қашықтықта жатқан Атакент кентінде орналасқан Мақта шаруашылығы тарихының музейіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облыстық әкімдігі ерекше мемлекеттік қамқорлық көрсеткені жөн.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын құрғақ сөзбен емес, Мақта шаруашылығы тарихының музейіне материалдық-техникалық жағынан барынша қолдау көрсету арқылы жүзеге асырғанымыз абзал.

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылғы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранты аясында Түркістан облысындағы Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарында балалар және жасөспірімдермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде Мырзашөл өңіріндегі ежелгі ескерткіштер мен тарихи орындардың, мұражайлардың және басқа да танымдық орталықтарды мектеп оқушыларының дүниетанымын кеңейтудегі мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет деп есептейді.

 

Сілтеме:

Жақып М.Қ. Мырзашөлім – мырза елім. – Алматы: Әл-Фараби, 1998. – 256 б. – ISBN 9965-444-15-3.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің және «Kásiptik baǵdar» медиабілім ғылыми орталығы» мекемесінің директоры.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

07.11.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары (мектептер мен колледждер) оқушылары арасында «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» атты тақырыпқа эссе жазу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
04.11.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің мектепке дейінгі ұйымдары (балалар бақшалары), орта білім беру ұйымдары (мектептер), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары (колледждер) және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (университеттер) педагог қызметкерлері арасында мектеп оқушыларына арналған «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» оқу пәні бойынша білім беру бағдарламасын (одан әрі – Білім беру бағдарламасы) әзірлеу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
28.10.2019
Мырзашөл өңірінде балалар және білім беру саласындағы заң жобалары мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік